«Сарыарқа самалы» газетінің 5 қараша, сенбі күнгі нөмірінде «Оқшау ой» айдарында Жарқынбек Амантайұлының «Ит-адамның досы, дегенмен...» деген мақаласы жарық көрді. Журналистің көтерген мәселесі өте орынды деп санаймын. Мақаланы оқып отырып, үлкен ойға шомдым... Шынымен де, итті үйде асырау адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Сол үшін осы мәселеге, яғни үйде ит асырау тәртібін заңды түрде реттеу керек деп ойлаймын. Әйтпегенде, адамдардың ит құрлы қадір-қасиеті қалмай бара жатқанға ұқсайды. Неге дейсіздер ғой, қазіргі таңда үй кітапшасында тіркеуде тұрған бесіктегі сәбиіміз үшін лифтіге, суға, басқа да төлемдерге ақша төлейміз. Ал өгіздей иттерін жетектеп, лифтіден арлы-берлі қыдыртып жүретіндер ол үшін көк тиын да төлемейді екен. Ол аз болғандай, қоғамдық автобустарда да ит жетектеген жолаушылар төрт аяқты серігі үшін бір тиын да төлемейді. Ал біз мектеп табалдырығын жаңа аттаған кішкентай баламыз үшін ақша береміз. Қоғамдық көліктерде тек көп балалы аналар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері ғана тегін жүретінін ескерсек, иттің дәрежесі солармен бірдей болғаны ма?..
Итті – адамның досы екен деп, ойымызға келгенді жасау дұрыс емес. Бүкіл қоғам болып, осы мәселені оң жолға қою керек. Сонда ғана төрт аяқтыларды ермек қылып, пәтерлерінде тайраңдатып, көршілерінің шырқын бұзғандардың әрекетіне тосқауыл қойылады. Біз де денсаулығымыз үшін алаңдамай, балаларымыздың ұйқысы да тыныш болар еді. Ал сіздер қандай ой қосасыздар, оқырман қауым?
Назгүл БЕЙСЕНБАЙ,
Павлодар қаласының тұрғыны.

