Өткен кезеңнің ақиқаты

 

Қазақ елінің тарихы өте бай. Талай заманды, сан қилы кезеңді бастан кешті. Егемен ел болғанымызға небары жиырма жыл ғана толатынын негізге алатын шығар, бүгінде біреулер біздің елімізді жас мемлекет деп санайды. Ол пікірге, өз басым, келіспеймін. Өйткені, байырғы қазақ жерінде мемлекеттіліктің негіздері қаланғанына бірнеше ғасыр болды. Сондықтан, қазақ мемлекетіне өмір тәжірибесі өте мол, іргелі мемлекет деп қараған дұрыс.

 

Соңғы тарихи формация - социализмнің тарих сахнасынан ығысып, өмір сүруін тоқтатқанына да жиырма жылдың жүзі болып қалды. Ал сол социализм тұсында халқымыздың тағдыры қандай болды? Оны зерделеп, зерттеу, тарихи шынайы бағасын беру тарихшылардың еншісінде. Осы күнге дейін, әрине, социализм туралы тарихи деректер жылнамаға жазылды, тарих оқулығына енгізілді. Дегенмен, оның толық, жан-жақты, саяси және әлеуметтік сипаты бүгінгі көзқарас тұрғысында алдағы уақытта нақты жазылатын болады.

Астананың «Елорда» баспасынан 2010 жылы жарық көрген белгілі философ, сенатор әрі жазушы Ғарифолла Есімнің «Социализм – кінә және күнә туралы роман» атты кітабы – көркем тарихи шығарма ғана емес, тарих оқулығына арналған хрестоматия ретінде де өте құнды еңбек. Тарих оқулығы қасаң деректер мен фактілерден тұратын болса, бұл кітапта сол фактілердің төңірегінде үлкен қоғамдық ой өрбітіледі, ел ішінде оның қандай әсері болғаны, солақай саясаттың, коммунистік идеологияның кертартпа шешімінен халықтың басына түскен ауыртпалық хикая болып баяндалады. Автор кітаптың алғысөзінде былай дейді: «Социализм әділеттілік туралы ізденістің нәтижесі. Жеке адамдар тағдырларының осы нәтижеге матаулы болғаны, соның нәтижесінде сол заманда ғұмыр кешкен жандардың Жаратушы алдындағы күнәсін, адамдар алдындағы кінәсін романға енген естелік - хикаялар арқылы баяндауды мақсат еттім».

Романның кейіпкерлері, негізінен, автордың төңірегіндегілер: әкесі, атасы, нағашысы, анасы, туыстары, достары, әріптестері және олармен қарым-қатынастағы адамдар. Кітапқа енген қай хикая, қай новелла болсын, шындыққа негізделіп жазылған, өмірде нақты болған оқиғалар сюжет арқауы етіп алынған. Бәріне ортақ тартылған өзек бар, ол – Тәуелсіздікті аңсау. Онда әсірелеу, ақиқаттан ауытқу жоқ. Сондықтан болса керек, көркем-әдеби шығарма болса да, кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілмей берілген. Орталық кейіпкер – автор мектепте оқып жүрген кезінен бастап күнделікті өмірдегі кереғар көріністерді түсінбей, оның сырын білуге құмартады. Бұл ой кейін институтта оқып жүргенде одан әрі өрістеп, оған тынбай жауап іздейді. Өйткені, кей жағдайда газетте жазылған жағдай өмірде болып жатқан оқиғалармен үйлеспейді, социалистік мемлекет пен коммунистік партияның шешімдеріне халық наразы. Үлкендер өзара күңкілдесіп, құпия сөз етеді. Бірақ, оны ашық айтуға қорқады. Халықтың пікірі мен мүддесі неге ескерілмейді? Осылардың бәріне жауап әрбір хикаяда, әрбір новеллада және «Жар жағасы» атты пьесада объективті әрі нанымды, бейнелі және әсерлі түрде ашылады. «Халық дана, оны ешнәрсемен алдауға болмайды. Ол ненің жалған, ненің ақиқат екенін сезінеді, шіркін тек сол халық санасын кім есепке ала біледі дерсің» дейді автор.

Социализм дінсіз қоғам орнату үшін күресті. Дін – адамдардың басын айналдыратын апиын деген қағиданы ұстанды. Оқушыларға құдай жоқ деп үйретсе, жоғары оқу орындарында «Ғылыми атеизм негіздері» атты курс оқытылды. Дін жолындағы адамдарды жаппай қудалау жүзеге асты. Бұл адамдардың санасында мықтап орнығып, өкінішке қарай, осы күнге дейін жекелеген адамдар Алланың хақтығына иман келтірмейді. Автор дінге қатысты мынадай түйін жасайды: «Алайда, социализм дінді жеңе алмады, дін адам табиғатының тұңғиығы, оны сылып алып тастауға болмайды». Осы орайда берілген хикаяда мынадай оқиға суреттелген: өзін нағыз атеист санайтын Мұқташтан он бес жасар қызы Әмина өлім аузында жатқанда молданы шақыруын қайта-қайта өтініп сұрайды. Бұл Мұқташқа ұнамайды, өйткені, оның қожа-молдалармен жұлдызы қарсы. Алайда, молданың хал үстіндегі қызға келіп, дем салуы әкеге қатты әсер етеді. Кейін сәждеге жығылуды үйреніп, өмірінің соңына дейін бес уақыт намаздың бірін қаза қылмайтын тақуа жанға айналады.

Айша атты әйелдің аштықтан көрген аса ауыр азабын суреттей келіп, жазушы хикаяны былайша аяқтайды:

«Қазақ «Қырық күн ашыққан жаннан ақыл сұрама» дейді. Әбден титықтап, ақылы сарқылған Айша бұлай болғанша екі қызымен бірге өлмек болады. Үйлері темір жолдың қасында. Поездың астына түсіп өлмек болған. Оған жас балалар көне ме, сондықтан екі қызының қол-аяғын шандып байлап, екеуін екі қолтығына қысып, келе жатқан поездың астына барып жатады. Зәресі ұшқан екі қызы айғай салады, бірақ, қол-аяқтары байлаулы. Сонымен не керек, үшеуі поездың астында қала берді. Тарс-тұрс етіп өте шыққан вагондардан соң, қан жоса болып үш адам қалды. Кісілер ол кезде бүгінгідей кісі өлімін қызық көріп, үймелесіп жиналмайды. Кісі өлімі әдетке айналған. Таңырқасып, таңқалысатын ешкім бола қойған жоқ. Екі бала Айман мен Шолпан опат болып, жан беру оңай ма, тікелей поезд келгенде шпалға жабысқан болуы керек, Айша тірі қалды. Тірісі не керек, содан ақыл-есінен адасты байғұс. Сол күннен өле-өлгенше темір жол бойынан Айман мен Шолпанын іздеп өтеді. Содан ел ес жия келе адамдардың адамшылық қасиеттері орала бастады. Жетім-жесірге жан ашу, аяушылық, мейірбандық қайта қалпына келіп, қайырымдылық көрсететін. Шашы жалбырап, бетін әжім басқан кемпірге айналған соң Айша есімі ұмытылып, «Түрксиб-апа» аталады.»

Кітапқа енген драмалық шығарма – «Жар жағасы» пьесасының да осындағы новеллалар, хикаялар және қоғам өмірі туралы философиялық толғаныстар сияқты тәрбиелік мәні, әсіресе, бүгінгі материалдық байлықтың соңына түсіп, рухани игілікке қызықпайтын шақта өте зор туынды. Ол алдыңғы айтылған социализм туралы түйінді бағаны толықтыра, бекіте түседі. Оны сахнадан көрген адамның бейжай қалмай, үлкен әсерге бөленері сөзсіз. Ондағы басты кейіпкер, байырғы партия қызметкері Жанқияр өзінің бір кезде кешірілмес қателік жіберіп, Алла алдында кінәлі екенін ақыры біледі, іштей мойындайды, бірақ өте кеш және «жар жағасында» - әбден меңдеген сырқаттың асқынып, ажал аузында тұрғанда біледі. Тән дертінен әбден титықтағанда, оған жан қиналысы қосылып, мүлдем байыз таптырмайды.

Бала күнінен қазақ ішінде бірге өскен неміс досы, қазір шалғай тұратын Карлды шақыртып, одан жас кезіндегі талай ренжіткені үшін кешірім сұрайды. Ал Ораздан қалай кешірім сұрамақ? Ол бұл өмірде жоқ. Жап-жас мұғалім Ораз бен екеуінің идеялық түсінігі мүлдем кереғар. Пьесадан шағын фрагмент:

«Ораз: Бұл не деген сөз? Әлде айтар дәлеліңіз біткені ме?

Жанқияр: Жоқ. Бұл дәлелдің жоқтығы емес, жалтарма. Партия саясатын сендей желөкпелерден қорғау. Саяси тәртіпті талап ету. Сенен оқыған сарыауыздардың ертең бетімен кетпейтініне мен кепілдік бере алмаймын. Тарих көші ескілікті мүлдем сыпырып тастаған. Ендігі кезде өткенге жалтақтау шегініс. Біз оған жол бермейміз.

Ораз: Бізің кім еді?

Жанқияр: Мен (кеудесін ұрып). Мен сияқты коммунист-большевиктер.

Ораз: Онда жетіскен екенбіз.

Жанқияр: Күдігім айқындалды. Сенің кім екеніңді енді әбден білдім. Ішкі жаудан әлі арылмаған екенбіз».

Жас болса да, өмірден көңілге түйгені мол, терең білімді мұғалім Ораздың халық жауы болып тұтқындалып, содан біржола оралмауына кінәлі өзі екендігі енді Жанқиярды ауыр жан күйзелісіне салады. Сондықтан да, жақын досы Карлдың көзіндегі жасты көріп, өмірден өтерінің алдында айтқан соңғы сөзі: «Әй, Карл, жылама. Сен көп жылағансың, мына менің жылағаным дұрыс. Әттең кеш. Жылауға да күш керек екен-ау».

Мен қазақ жерінде жетпіс жылдан аса мерзімді қамтыған социализм заманындағы халқымыздың талайлы тағдырының романда хикая болып өрілген кейбір аянышты тұстарына ғана тоқталдым. Ал автор сол кезеңдегі барлық маңызды тарихи-әлеуметтік әрі кейін сабақ боларлық оқиғаларға философиялық тұрғыда батыл әрі орнықты баға беріп, оның көркем шежіресін еш қоспасыз, жатық тілмен баяндап шыққан және ел басқарған көсемдердің, арты ауыр азапқа алып келген, қателіктерінің бетін ашқан. Даналық ой биігінен бүгінше бажайлау жолымен социализмнің тарихи-ғылыми тұжырымды сипаты сараланып, тың топшылаулар жасауымен бұл роман құнды еңбек деуге әбден болады.

Ел басқару ісіндегі барынша әділдік және әрбір шешімнің ашықтығы бұқара халықтың биікке деген қалтқысыз сенімінің кепілі болатынына тағы да көз жеткіздік. Әсіресе, жастар үшін бұл кітап ерекше маңызды. Себебі, олар - ел болашағы. Ал олардың ұлт тарихын, шындықты білуі қажет. Сондықтан да автор: «2030 жылдары атжалын тартып, билікті, ел тізгінін алатын және соларды қолдайтын ұрпақ, романды сіздерге арнадым», дейді.

Серік САТЫБАЛДИН,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 24 25 26 27
28 29 30