Кеше облыс орталығындағы М.Катаев атындағы оқушылар сарайында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің мұрындық болуымен «ХХІ ғасырдың балалары: мемлекеттің және қоғамның өміріне қатысуы» атты ІІ республикалық балалар саммиті өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған игі шараға Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының талантты да патриот жеткіншектері қатысты.
Жас буынның сапалы білім, саналы тәрбие алуға, ата-ана мейіріміне бөленуге, сондай-ақ, мемлекеттің және қоғамның өміріне үн қосуға құқылы екендігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы Конвенциясында анық көрсетілген болатын. Сондықтан, «Егемен елдің ертеңі - бүгінгі балалар мен жасөспірімдердің қолында!» деген қағиданы ұстанған еліміз аталмыш құжатты бірден қолдап, қабылдаған еді. Соның нәтижесінде, қазіргі таңда қазақстандық балғындардың бақытты өмір сүрулері үшін барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Оған Кереку өңірінде өткен балалар саммиті дәлел десек, артық айтқандық болмас.
Дарынды балғындардың басын қосқан салтанатты жиын облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бастығы Гүлбарам Науразбаеваның құттықтау сөзімен ашылды.
-Қазақстандық барша баланы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Балалар - еліміздің басты байлығы. Сондықтан, біздің міндетіміз - балалардың мемлекет алдындағы құқықтарын, мүдделерін қорғап, бейбіт өмір сыйлау. Бұл ретте, республика көлемінде көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Жас достар, осының бәрі сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалуда, - деді Г.Науразбаева. Бұдан соң әр өңірден келген жас таланттар өздерін таныстырып өтті. Алдымен сахнаға Астана қаласының «Жас жігер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері шығып, ұрандарын, бағыт-бағдарларын таныстырды. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының «Жас достар», Қарағандының «Болашақ», Шығыс Қазақстан өңірінің «Сәулетай-луч», Ақмоланың «Таңшолпан» және облыстық «Ертіс» балалар мен жасөспірімдер ұйымдары және Екібастұз қаласы, Успенка, Шарбақты, Лебяжі, Қашыр аудандарының патриот жеткіншектерінен құралған үгіт-насихат командалары да жігерлі сөздерімен салтанаттың сәнін асыра түсті. Ең бастысы, саммитке қатысқан барлық баланың мақсаты бір, ойы ортақ. Ол – егемен елдің ерікті де еркін азаматы атанып, өз құқықтарын, мүдделерін қорғай білу. Міне, осындай мақсатты көздеген республика балғындары саммит барысында өздерінің атқарған жұмыстарын таныстырумен қатар, өнерлерін көрсетіп, заңды құқықтары жөнінде тереңірек білуге мүмкіндік алды. Осы мақсатта «Қазақстандағы балалық шақтың жетістіктері мен перспективалары», «Бала құқығы туралы Конвенция-балалардың бейбітшілік конституциясы», «Біз - Тәуелсіз Қазақстанның тең азаматымыз!» және басқа да тақырыптарда пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Оған қатысушылар өзара ой бөлісіп, пікір алмасты.
Шара соңында пікірталас алаңында ұтқыр ой айтқан балаларға сыйлықтар берілді. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бастығы Г.Науразбаева саммитке белсенді қатысқан бірқатар ұл-қыздарды арнайы дипломдармен марапаттады.
Н.АҚЫТЕГІ.

