Апта аптығы

Жеті күндік аптаның соңына да келіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз. Осыны ескеріп, басылым бетінде «Апта аптығы» атауымен жаңа айдарға жол аштық. Білсем деген жаңалығыңызды осы жерден тауып жатсаңыз, нұр үстіне нұр болғаны.
 Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғалардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.

СҮЙІНШІ!
Елімізде метро іске қосылды. Осылайша, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында алматылықтарға тамаша тарту жасалды. Оңтүстік астана тұрғындары бұл күнді жиырма жылдан астам уақыт күтті. Құрылысы сонау Кеңес үкіметі тұсында (1988 жылы) басталған ауқымды жоба республика қалыптасуының талай қиын-қыстау кезеңдерінен өтіп, Тәуелсіздік мерейтойы тұсында пайдалануға берілді. Бұл – күш-жігердің, қажымас еңбектің жемісі. Осы жылдар аралығында жер асты жолдарын тұрғызуға 166 миллиард теңге жұмсалыпты.
Метроның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Алғашқы желісінің бірінші жолаушысы да ел Президенті атанды. Осынау салтанатты сәтті көруге келген алматылықтардың қуаныштарында шек жоқ.

«ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ»
Еліміздегі бұл ең жоғарғы марапатқа Елбасы әбден лайық. ҚР Парламенті Сенаты осындай шешім шығарды. Естеріңізге сала кетейік, ел Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Президентке «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс білдірген болатын. Аталмыш ұсыныс сенаторлар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Депутаттар бұл мәселені көпке созуға болмайды деген пікірде. Жоғары награда мерейлі дата – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өз иесін табуы тиіс.
Бұл ретте, ерекше атап өтерлігі, ҚР Әділет министрлігінде Елбасына аталмыш атақты беру бойынша арнайы жүйе құрылған. Ол қажеттіліктен туындаған дүние, дейді мамандар. Әйтпеген жағдайда, қазіргі заңнама талаптарына сәйкес Мемлекет басшысы өз-өзін марапаттау туралы шешімге қол қоюы тиіс. Мұндай жағдайды болдырмас үшін Ұлт Көшбасшысы туралы заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес, «Халық қаһарманы» атағы «Елбасы» мәртебесіне қатар тіркелген. Тек Президент бұл түзетулерге қол қойса болды.

СЕН ТҰР, МЕН БОЛАЙЫН...
Елдегі партиялар алдағы Мәжіліс сайлауына үміткерлер тізімін жариялауда. Қазір жұрттың көкейінде жалғыз сауал – «Нұр Отанға» кім бәсекелес бола алады?
Мәжіліс депутаттары жылы орыннан өз еріктерімен бас тартқаннан кейін еліміздің түрлі саяси құрылымдары «Сен тұр, мен болайынның» күйіне көшті. Әйтеуір бір жанталас. Қатарына Мэлс Елеусізов қосылғалы бері «Патриоттар» партиясы экологиялық мәселені күйттеуге көшті. «Ақ жол» партиясының өкілдері халыққа жалақыны көтереміз деуде. Сондай-ақ, Қазақстан азаматтығын алғысы келетін адам қазақ тілінен арнайы емтихан тапсыруы керек деп отыр «ақжолдықтар». Бұдан бөлек сайлау додасына түсуге ниеттілердің қатарында ЖСДП, «Руханият», Коммунистер партиясы бар. Олардың барлығы қазақстандықтарды «алтынмен аптап, күміспен күптеуге» уәде етуде. Атап өтерлігі, бұл жолы сайлауға түскен азаматтардың қатарында спортшы, ақын-жазушы, өнер адамдары көп. Не десек те, таңдау - халықта.

САЯСИ ШЫРҒАЛАҢ
Иран мен Ұлыбритания елдерінің арақатынасы шиеленісе түсуде. Осы аптада бір топ ирандық жастар елдегі Ұлыбританияның елшілігіне шабуыл жасады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сүйенсек, олар елшілік ғимаратына тас лақтырып, Біріккен корольдіктің туын құлатып, орнына өз елдерінің байрағын іліп қойған. Ереуілшілердің бірқатары мекеме ішіне басып кіріпті. Оларды тезге салуға тырысқан қауіпсіздік қызметінің өкілдеріне жанармай құйылған бөтелкелер лақтырып, соның салдарынан елшіліктің біраз бөлігінде өрт шыққан.
Бұл оқиғаға не түрткі болғанын әлі ешкім дөп басып айтпай отыр. Ұлыбритания басшылығының Иранның ядролық қару бағытындағы саясатына көңілі толмаса керек. Олар аталмыш елге қатысты қосымша қаржылай санкция енгізген. Иран үкіметі болса, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар деңгейін төмендетіп, Тегераннан британ елшілігін шығару туралы заң жобасына қол қойған деседі. Алайда, бұл – ресми ақпарат. Мұның астарында шын мәнінде қандай «саяси ойынның» жатқандығын білу қиын.

 «СҮНДЕТТЕУ ҚАЖЕТ!»
Елімізде бүлдіршіндерді зорлау фактілері толастар емес. Осы аптада Алматыда 9 жасар бүлдіршінге айуандық жасаған қаныпезер 18 жылға сотталды. Бірақ, қаршадай қыздың өмірін қор қылған «айуан» үшін (бұлай айтпасқа шара жоқ) бұл қаншалықты лайықты жаза? Ардан безгендердің қолынан жәбір көрген бүлдіршіндердің ата-анасы, туған-туысқандары «Кішкентай балаларды қорлап жүрген қорқауларға қолданылар жалғыз жаза - өлім!» деген пікірде. Әрине,  оларды түсінуге болады. Жалпы, қоғам арасында соңғы кезде жиілеп кеткен сұмдықтың соңғы нүктесін қоятын құжат - «өлім жазасы» туралы заң талабын қайтадан қалпына келтіру жөнінде көп айтылып келеді. Өйтпеген жағдайда, қорғансыз балаларды қорлаған қаскүнемдер оңай құтылып кетіп жатыр. «Ауру қалса да әдет қалмайды» емес пе? Сотталған зорлықшылардың көбі жазасын өтеп шығып, өздерінің «үйреншікті» әдеттеріне қайта басатын көрінеді (ресми дәлелденген). Соған қарағанда, қылмыстың бұл түріне деген жаза қатаңдана түсуі қажет-ау деген ой туындайды. Әлде, депутат  Ғани Қасымовтың «бала зорлағандарды химиялық әдіс арқылы сүндеттеу керек» деген ұсынысын заң жүзінде бекіту керек болар. Өз обалдары өздеріне.

Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.

Данияр
ЖҰМАДІЛОВ.
Этот e-mail адрес защищен от спам-ботов, для его просмотра у Вас должен быть включен Javascript

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31