Аймағымыз туристік әлеуетке ие. Тек оны дұрыс дамыта білу қажет. Бай тарихымыз, сұлу, тартымды табиғат, жанға жағымды, дертке дауа болатындай шипажайлар, рухани байлығыңды асыратын өнер ордалары. Осының барлығы кез келген адамның қызығушылығын оятары хақ. Алайда, бүгінгі күнге дейін осынау байлығымызды толыққанды деңгейде паш ете алмай тұрған жайымыз бар. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында Павлодар қаласында облысымыздың туристік мүмкіндіктерінің алғашқы көрмесі болып өтті.
Шараға онға жуық туристік компаниялар қатысты. Олардың қатарында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Мойылды» санаторийі, «Черноярская жемчужина» сияқты жергілікті демалыс орындары, сондай-ақ, республикаға белгілі туристік операторлардың аймағымыздағы өкілдіктері бар. Бұдан бөлек, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер, Г.Потанин атындағы көркемөнер музейі сынды басқа да мәдениет ордалары болды. Көрме көркін қолөнер шеберлерінің көздің жауын алатын бұйымдары айшықтай түсті. Тамашалауға келген қала тұрғындарының қызығушылығы зор болғандығын атап өткен жөн. Нәзік жандылар сырға, сақина, білезіктің түр-түрі қойылған әшекейлердің көрмесін «төңіректеп» алса, ерлер қауымы ағаш бұйымдары, ат әбзелдері бұйымдарын жасайтын шеберлермен тілдесіп қалуға тырысып жатты. Қолөнершілердің қолдарынан шыққан бірқатар дүниелер көрме барысында-ақ сатылып кетті. «Мұндай шараға алғаш қатысып отырмын. Өзімнің қамшы, ертоқым сынды ұлттық нақыштағы басқа да қолөнер туындыларымды әкеліп отырмын. Көрме таңертеңнен бері жұмыс істеп тұр. Халық қарасы көптеп жиналуда. Соған қарағанда, шара өз мақсатына жетті деуге болады. Қатысқаныма өте қуаныштымын», - дейді қолөнер шебері Бақытжан Жүнісов.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, көрменің басты мақсаты – ішкі туризмді дамыту. Бұл ретте, аймақтың тартымды туристік имиджін қалыптастырып, қатысушылар арасында іскерилік, әріптестік қатынастарды дамыту болып табылады. Облысымыздағы белгілі демалыс орындарының өкілдері мұндай шара жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілектерін білдірді. Мысалы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері Динара Нұрбаева көрменің аймақтың туристік қызметтер көрсету нарығында жұмыс істейтін ұйымдар үшін таптырмас тәжірибе алмасу алаңы екендігін жеткізді. «Біздің, яғни аталған салада қызмет ететін ұйымдардың бір-бірімізден үйренеріміз мол. Онымен қоса, бірлесе отырып бірталай ұтымды жобаларды да жүзеге асыруға болады», - деді ол.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысып, көрмені тамашалады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі туризмді, оның ішінде ішкі туризмді дамытуға көп көңіл бөлу қажет екендігін атап өтті. Біз бұл мақсат үдесінен шыға аламыз. Себебі, облысымыз туристер үшін Қазақстандағы аса тартымды аймақтардың бірі болып табылады. Тек аталған бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу қажет. Ол үшін бүгінгідей шаралардың маңызы зор. Сондықтан бұл көрме жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады», - деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, Ә.Ғалымова қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етті. Атап өтерлігі, биыл мұндай сертификаттар көрмеге қатысқан барлық мекеме, ұйым өкілдеріне берілді. Ал келесі жылдан бастап оған үздік шыққан, шын лайық туристік ұйымдар ғана ие болмақ.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

