Ауыз толтырар табыстар бар

 

Жұма күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда аймақта білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы талқыланды.

Облыстық білім беру басқармасының бастығы Б.Бексейітованың баяндауынша, бүгінде Павлодар облысының білім беру жүйесін алға бастыруда айтарлықтай көрсеткіштерге иек артылуда. Білім сапасының алғышарттарының бірі педагогтар құрамы десек, бүгінде оқытушылардың 51,8 пайызы жоғары білімді әрі білікті. Тіпті, қазір Астанадағы Назарбаев университетінен кәсіби білімін жетілдіріп келіп жатқандар бар. Бұл мәселеде біздің облыс республикадағы орташа көрсеткіштен асып тұр.

Соңғы кездері мемлекет жаңа мектеп ғимараттарын салуда. Соның бірі - жуырда пайдалануға берілген Павлодар қаласындағы №16 лицейдің жаңа оқу ғимараты. Жыл аяғына дейін Железинка ауданы Мыңкөл ауылында 80 орындық мектепті қолданысқа енгізу жоспарланған. Бұл да - оқу сапасына әсер ететін жағдай. Ал мектепке дейінгі оқу-тәрбие мәселесіне келсек, оның да көрсеткіштері жақсарған. Балабақшаларды қайта қалпына келтіріп, мектептерде шағын орталықтар құру нәтижесінде 2-6 жас аралығындағы балалардың 80 пайызға жуығын қамту мүмкін болып отыр. Мемлекеттік тапсырыс негізінде 6 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қосымша 1200 орын жасақталады деп күтілуде. Дегенмен, әлі де балабақшаға баруға кезекте тұрғандар баршылық.

Облыс әкімі Б.Сағынтаев алдағы уақытта облыстық бюджет есебінен тағы 4 балабақша қайта қалпына келтірілетінін айтты. Сөйтіп, осыған дейін мақсатқа сай пайдаланылмаған, бірақ, коммуналдық меншікте болып келген ғимараттардың барлығы қайтарылады. Енді, кезінде балабақша ғимаратын қолға алған жеке меншік иелерінен қалғанын қайтарып алу керек. Олардың қыруар қаржы сұрайтыны белгілі, бірақ, қалайда келісімге келетіндей бір жолы табылуға тиіс. Алдағы уақытта шағын орталықтарды балабақшаға айналдыру мәселесі шешілуі керек. Бұл туралы тапсырма берілді. Айта кетелік, осыған дейін шағын орталықтарда оқу-тәрбие ісі күні бойы емес, бірнеше сағат ғана жүргізіліп келеді. Ендігі жерде олар толыққанды жұмыс тәртібіне көшеді.

Қазір облыстың ірі кәсіпорындары өз жұмысшыларына арнап баспана салуда. Олар да тұрғын үйдің төменгі қабатын балабақшаға айналдырып жатса, құба-құп. Бұл кезектің санын азайтуға септігін тигізеді. Бақытжан Әбдірұлы қалалық мектептердегі оқушыларға жетпей жатқан компьютермен жабдықтау мәселесін шешуге үш қаланың басшылары жауапты екенін еске салды.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы тұрғындардың денсаулығын жақсарта отырып, тұтас елдің әлеуметтік-демографиялық дамуына әсер етуді көздейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы А.Күзековтің мәлімдеуінше, Үкімет қабылдаған ерекше бағдарламаны орындауда аймақтың табыстары бар. Тегін кепілді медициналық қызмет көрсетуге бөлінген қаржы мөлшері былтырғыдан 36,8 пайызға артық болды. Республикадан да емдеу мекемелерінің материалдық жағдайын нығайтуға, науқастарды дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етуге қаражат берілді. Мамандардың жетіспеушілігі де біршама төмендеді. 2011 жылы 172 жас дәрігер-маман (2010 жылы - 98) келді. Дәрігерлер тапшылығы мәселесі біршама бәсеңдесе, орта медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі мүлде жойылған. Жыл басында аймақта 107 медбикенің орны бос тұрған еді. Қазірде бұл мәселе толық шешімін тапқан. Жаңадан келген мамандарды қажетті бағыттар бойынша тәжірибеден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Ардақ Мүбәракұлының айтуынша, бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізілгелі стационарлық қызметтер үйде көрсетіле бастады. Ауылдық жерлердегі тұрғындардың денсаулығын жіті бақылау мақсатында арнайы көліктерде жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер сатып алынды.

Облыс әкімі ауылдарда көрсетілетін тексеру қызметінің кестесін ауылдарға алдын ала беруді ескертті. Бұл жергілікті тұрғындардың ертерек хабардар болуына жағдай жасайды.

Бақытжан Сағынтаев санитарлық қызмет көрсетуге арналған 59 автокөлік сатып алынып жатқанын айтты. Олардың дені жедел жәрдем станциясына үлестіріледі. Себебі, олардың жүгі ауыр, жүріп-тұруы көп болғандықтан, көліктері де тез тозады. Жаңа автокөліктердің берілуі жедел жәрдем қызметінің оқиға орнына бұрынғыдан да жылдам жетуіне түрткі болады деген сенім тудырады.

Облыс әкімі алдағы уақытта да білім беру саласы мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қыруар қаржы берілетінін атап өтті.

Бұдан кейін әкімдік мүшелері облыстың құқық қорғау саласында және мұрағаттар ісі жүйесіндегі нәтижелерден хабардар болды. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы С.Құсетовтің мәлімдеуінше, өткен 11 ай ішінде жасалған қылмыстар деңгейі 27 пайызға ұлғайған. Мұның себебін баяндамашы қазіргі кезде ұсақ-түйек оқиғалардың бәрі есепке алынып жатқандығымен түсіндірді. Жалпы, соңғы жылдары полиция қызметкерлерін қызметтік көлікпен қамту мәселесі оң шешілуде. Жол полициясы мамандары көліктің жүру жылдамдығын бақылайтын заманауи құрылғылардың тиімді екенін көз жеткізуде. Бірақ, көшедегі тәртіпті бақылайтын бейнекамералардың тозығы жетіп тұр.

Облыс әкімі аталған мәселені шешу назарға алынғанын айтты. Таяуда тағы да жаңа автокөліктер беріледі. Бірақ, олар тек ауылдық инспекторларға арналады. Ендігі жерде полиция өз қызметін жетілдіруге күш салуға тиіс. Камералар арқылы жазылған құқық бұзушылық оқиғаларын компьютерден өшіріп тастау оқиғалары да орын алмауы керек.

Облыстық мұрағаттар және құжаттандыру басқармасының бастығы Х.Әкімханов соңғы жылдары халықтың мұрасы саналатын тарихи деректі құжаттарды жинастыру ісі алға басқанын жеткізді. Мұрағаттарды толықтыру мақсатында көршілес Ресей мен Беларусь елдерінің мемлекеттік, ұлттық архивтеріне экспедициялар ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде Ұлы Отан соғысы жылдарында хабарсыз кеткен павлодарлық жауынгерлер, батырлар туралы, жалпы облыс тарихына қатысты, Тәуелсіз Қазақстан кезеңінен сыр шертетін маңызды құжаттар табылды. Жыл сайын басқарманың мұрағат қоры 15 пайызға молайып келеді. Сол себепті, қазірде ұрпақ қажетіне жарайтын құжаттарды сақтайтын арнайы қойма қажет.

Облыс әкімі бұл мәселеге назар аудару қажет екенін айтты. Құжаттарды электронды негізге көшіріп сақтаса, үлкен аумақты қажет етпейді. Бір жағынан бұл қарапайым халық үшін оңтайлы. Соғыста хабарсыз кеткен әкесі, атасы туралы мәліметтерге оңай қол жеткізеді.

Негізгі мәселелер талқыланғаннан соң Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар басшылары мен аудан-қала әкімдерін Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейтойлық медалімен марапаттады.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31