Дүйсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өңірдегі Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен кездесіп, Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 20 жыл» медальдерін салтанатты түрде табыс етті.
Кездесу барысында аймақ басшысы еліміздің егемендік алуы жолында ардагерлердің қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
- Биыл барлығымыз тұғырлы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлағалы отырмыз. Осы уақыт аралығында мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті артып, толағай жетістіктерге қол жеткіздік. Мұның бәрі - елдің өсіп-өркендегенінің, ұлтаралық татулықтың белгісі. Бұл ретте, ерен еңбегімен, ұлағатты ісімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген ардагерлер қауымының алар орны ерекше екенін бөле-жара айтқым келеді,-деді Бақытжан Әбдірұлы.
Мерейтой қарсаңында еңбектері еленіп, ел құрметіне бөленген ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты аналар билік өкілдеріне ыстық ықыластарын білдірді. Денсаулық сақтау саласының ардагері Мұса Тентекбаев: «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елде денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударылғаны мені қатты қуантты. Жаңа ауруханалар мен емханалар бой көтеріп, тұрғындарға қолжетімді қызмет көрсетуде. Республикалық «Денсаулық» пойызы елді аралап, шалғай ауылдардағы ағайынның емделуіне мол мүмкіндік жасалды. Бүгінгі таңда отандық денсаулық сақтау мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Халық игілігі үшін жасалып жатқан осындай игі істер үшін Үкіметке, жергілікті билікке айтар алғысым шексіз», - деді. Сондай-ақ, өзге ардагерлер де сөз алып, Тәуелсіздік жылдарындағы жемісті істер жайлы толғаныстарымен бөлісті.
Нұржайна ШОДЫР.

