Облыс орталығындағы көркемсурет музейінде «Дәуір үні» атты көрме ашылды. Бұл еліміздегі көркемөнер академиясының академиктері, жерлес қылқалам шеберлері – Өсербай Шоранов, Әнуар Игембаев, Ғалым Қаржасов, Александр Бибин, Валерий Приходько, Павел Лысенконың Тәуелсіздік тойына арнаған тартуы.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова жиналған қауымды алдағы маңызы зор мерекемен құттықтады.
- Өңіріміздің суретшілері Тәуелсіздігіміздің екі онжылдығында рухани еркіндік пен шығармашылықтың шыңдарын бағындырды. Олар қазақстандық өнер әлеміне өзгеше қолтаңбасын қалдырып, ерекше реңк енгізді, - деді Әлия Қайратқызы.
Келушілер назарына назарына ұсынылған көрмедегі туындылар ерекшелігімен көз тартты. Барлығын ортақтастыратыны – еліміздің тұғырлы Тәуелсіздігі. Аймақ қылқалам шеберлерінің шығармалары мен археологиялық жәдігерлер қойылған көрме осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы осыдан төрт жыл бұрын өткен.
Айта кетерлігі, «Дәуір үні» көрмесіне еліміздегі көркемөнер Академиясының өкілдері арнайы келіп, жергілікті суретшілердің туындыларын жоғары бағалады. Олардың қатарында академиктер Тілеужан Батанов, Гүлнәзия Қастеева, Алымғазы Дүзелханов, Ермұхан Жөңісхан болды.
- Киелі Кереку топырағына аяқ басқанымызға қуаныштымын. Біз осы тектес көрмелерге жиі қатысып тұрамыз. Негізі, Павлодар жері еліміздің Солтүстік аймағында орналасқандықтан, жергілікті қылқалам шеберлерінің шығармаларында суық түстер басым болады деп ойлайтынмын. Алайда, керекулік суретшілердің еңбектерінде бейнеленген бояудың ашықтығы ерекше жылулық береді, - дейді олар.
Суретші Әнуар Игембаевтың жұмыстары қасиетті Баянауыл жерінің тамаша көріністері туралы сыр шертеді. «Егемендік алғалы ой да еркін. Бұл қиялым мен шабытыма қанат бітірді. Ұлы даланың құндылықтарын, сұлу табиғатын суреттегенді ұнатамын», - дейді шебер.
Мәні мен сәні айрықша көрме үстіміздегі жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Келемін деушілерге есік ашық.
А.ЕСІМХАНОВА.

