Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын қоғамға пайда келтіретін нақты істермен, лайықты деңгейде қарсы алу қажет екендігін баса айтқан болатын. Бұл тұрғыдан алғанда, аймағымызда жыл басынан бері көптеген игілікті жұмыстар жүзеге асты. Қай сала болмасын, назардан тыс қалған жоқ. Экономика даму қарқынын үдете түсуде. Әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді. Ең бастысы, халықтың тұрмысы жақсаруда.
Ұлық мереке қарсаңында айтулы оқиғалардың бірі Ақсу қаласында орын алды. Өткен бейсенбіде энергетиктер шаһарында жаңа, зәулім балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Бұл ақсулықтар үшін мерейтойға тамаша тарту болды.
Балабақша ғимараты айрықша көркімен көз тартады. Ерекше үлгіде тұрғызылған. Сәулеті келісті мекеме бұдан былай талай бүлдіршіннің қуаныш ордасына айналары хақ. «Бұл - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған республикалық «Балапан» бағдарламасының жемісі. Мемлекетіміз қашанда ертеңгі ел тірегі, бүгінгі бүлдіршіндердің оқу, тәрбиесіне жоғары мән беріп келеді. Осынау қуаныш - соның бір дәлелі. Біздің аймағымызда мектепке дейінгі мекемелер жыл санап көптеп ашылуда. Мысалы, соңғы үш жылда Павлодар облысында 160-тан астам шағын орталық пайдалануға беріліп, жаңадан бес балабақша бой көтерді. Сондай-ақ, 40 балабақша қайта қалпына келтірілді. Соның арқасында, аталған мерзім аралығында барлығы 34 мыңға жуық бүлдіршін мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамтылды», - деп атап өтті балабақшаның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова. Сондай-ақ, ол аталмыш бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатындығын жеткізді.
Жалпы, облыс бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың 77 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілген. Ал Ақсу қаласында бұл көрсеткіш 92 пайызды құрап отыр. Қала әкімі Болат Бақауовтың айтуына қарағанда, алдағы жылдары балабақша тапшылығы мәселесін мүлде күн тәртібінен алып тастауға болады. Шаһар басшысы алдағы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткіземіз деп уәде берді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен мектепке дейінгі білім беру мекемелерін кеңейту үшін трансферттер бөлінген.
- Алғашқы жоба бойынша аталмыш балабақша 320 орынға шақталған. Бірақ, жобалау жұмыстары барысында кейбір ос кеңістіктерді ұтымды пайдалануға тырыстық. Нәтижесінде енді балабақша 400 бүлдіршінді қабылдай алады. Ғимарат барлық жоба талаптары мұқият сақтала отырып тұрғызылды, - дейді қала әкімі Б.Бақауов.
Балабақша құрылысына 640 миллион теңге жұмсалған. Қаражат республика қазынасынан бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Стальмонтаж» ЖШС өз мойнына алған. «Біздің жұмысымыздың ең бір толғанысты сәті осы. Балалардың жайдары жүзін, шаттығын көруден асқан бақыт бар ма? Жұмысшыларымыз да өз міндеттерін ерекше ықыласпен атқарып шықты. Ғимараттың кескін-келбетіне өзім қуанып отырмын. Мұнда тәрбие алған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарының қуанышы шексіз. Балалардың еліміздің айбынын асырар азамат болып ержетулеріне тілектеспін», - дейді мердігер кәсіпорын директоры Александр Терентьев.
Мекемеде әдістемелік, өзін-өзі тану, музыкалық, медициналық және басқа да бөлмелер орын тепкен. Онымен қоса, психолог маман кабинеті, екі денешынықтыру залы, қысы-жазы гүл өсіріліп, көктеп тұратын жылыжай үлгісіндегі арнайы демалыс орны жабдықталған. Компьютерлік жеке сынып бар. «Балалар мұнда компьтермен жұмыс істеуді, қауіпсіздік ережелерін сақтауды үйренеді. Әрине, оқыту бағдарламасы мүлде басқа. Көбіне бүлдіршіндерге танымдық, логикалық, есте сақтау қабілеттерін дамытатын ойындар, түрлі тестілеулер ұсынылады. Компьютердің пайдасымен қоса, денсаулыққа зияны да бар екендігі белгілі. Сол себепті, балалар оның алдында 15 минуттен артық отырмайды. Соның өзінде, әр бес минут сайын көз жаттығуларын жасаймыз», - дейді балабақша ұстазы Бибігүл Жұмаділова.
Ерекше атап өтерлігі, аталмыш мектепке дейінгі білім беру ордасы таза мемлекеттік тілде тәрбие береді. Балабақшаға келген бүлдіршін-дердің 30 пайызы өзге ұлт өкілдері. Өз баласының қазақ тілінде білім алуын қалаған жандардың бірі – Марина Горбачева. Ол Карина есімді бес жасар қызын алғаш рет балабақша табалдырығынан аттатып отыр. «Қызымыздың болашағының жарқын болғанын қалаймын. Әрбір ата-ананың тілегі осылай өріледі емес пе? Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, келешек ұрпақ білімді, парасатты, ұлтжанды болып өсуі тиіс. Бәсекеге қабілетті болуы үшін кемінде үш тілді меңгергені жөн. Ал оның ішінде қазақ тілінің шоқтығы қашан да биік. Сондықтан, қазақ балабақшасы ашылды дегенді естіп, еш ойланбастан қызымды осында әкелдім. Ата-аналар үшін бұл - өте қуанышты жағдай. Біз екі жыл бойы балабақша кезегінде тұрдық. Соның салдарынан жұмыс істей алмай, бала тәрбиесімен үйде отырдым», - деді жас ана.
Балабақшада 44 педагог-тәрбиеші жұмыс істейді. Ал жалпы, мекеменің ашылуы жүзге жуық адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Ақсулық зейнеткер Шәмшия Құсайынованың отбасында қос қуаныш. Немересі алғаш рет балабақша табалдырығын аттады. Ал келіні аталмыш мекемеге жұмысқа орналасқан. «Мен Елбасына, және оның саясатын жергілікті жерде нәтижелі жүзеге асырып жүрген облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аналық алғысымды білдіргім келеді. Біз іргесі берік, ынтымағы жарасқан елде тұрып жатырмыз. Тәуелсіздіктің арқасында еңбегіміз еленіп, бейнетіміздің зейнетін көріп отырған жайымыз бар. Қуанышымда шек жоқ. Мемлекетіміздің мәртебесі қашан да биікте болсын!», - деп Ш.Құсайынова ықыласын білдірді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

