дейді көктөбелік Оразғали ақсақал
Mай ауданы - қашан да өрелі ұландарымен мақтана алатын іргелі өңір. Арғы-бергі тарихында қазақ басынан кешкен қиын-қыстаудың бәрінен өтіп, Азаттық таңы атқан жылдарда жұртшылықтың әлеуеті ерекше арта түсті. Әсіресе, кейінгі жылдары әр саладағы жетістігі мен толағай табыстары Тәуелсіздіктің жеңісі мен жемісі екені даусыз. Сондай белестердің бірі - Көктөбе қазақ орта мектебінің осыдан бірер жыл ғана бұрын бой көтерген су жаңа ғимараты. Кезінде Айман Әйтенова сынды батыл апа-ағаларымыз барынша күресіп жүріп ашылуына себеп болған қазақ мектебі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерді. Жылы да жайлы білім ордасында бүгінде 480-ге жуық бала білім нәрімен сусындауда. Айтуар Найманов басқарып отырған қазақ мектебінде 6 бірдей жас маман қызмет етуде.
Білім ошағында «Мектеп.kz» радио торабы күнделікті жұмыс істеп, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан хабар таратып, құттықтаулар мен хабарландыруларын жеткізетін мектептің үзілісінде күй әуені беріледі. Егемен елдің еркіндігі деген осы болса керек. Директордан бастап даярлық тобындағы мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыға дейін кеудесіне Тәуелсіздіктің 20 жылдығы эмблемасын таққан.
Жақында Көктөбе қазақ орта мектебі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойына арнап аудан жұртшылығына «Жаса, жайна, Қазақстан» атты ерекше концерттік бағдарламасын ұсынды. Аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік шара жиналған жұртшылықты ерекше көңіл-күйге бөледі. Қазақ тархиындағы небір нәубетті, қиындыққа толы тарихи кезеңдерден көрініс көрсетіліп, әуелеген ән мен жырдан шашу шашылды. Азаттықтың қарлығашындай болған Желтоқсан оқиғасының мәні мен тарихымыздағы мазмұны жайлы бейне үзінділер ұсынылып, толғамды ойлар айтылды.
Шараға қатысқан Май ауданы әкімінің орынбасары Айтуған Шайхимов: «Тәуелсіздік - әрбір қазақтың жүрегіндегі қастерлі ұғым. Оны қастерлеп, қадіріне жету - біздің басты міндетіміз. Бүгінгі өтіп отырған шара соның бір көрінісі іспетті», - деп айтулы шараны ұйымдастырушыларға зор алғысын жеткізді.
Әсерлі көрініспен басталып, «Атамекен» әнімен мәреге жеткен мектеп ұжымының концертіне қатысқан әрі немересінің өнерін тамашалай келген Оразғали ақсақал: «Біздің басты мерекеміз - Тәуелсіздік. Бүкіл елімізде осындай тәлімі мол шаралар өтіп жатыр. Ал азат Қазақстанда өскен немеремнің сахнада ән шырқағанын көру - біз үшін зор бақыт», - деп ағынан жарылды.
Кемел келешекке бет алған білім мекемесі алдағы уақытта талай белестерді бағындыруды меже етіп отыр. Мектеп басшысы А.Найманов: «Қазақ «бірлік болмай тірлік болмайды» дейді. Біздің бір жетістігіміз болса, ол - осы берекелі ұжымның еңбегі дер едім. Ұрпақты заманауи білім нәрімен сусындатуда әлі атқарар істеріміз толағай. Басты мақсат - талантты да, дарынды ұрпақ тәрбиелеп, кемелді Қазақстанның іргесін бекіту»,-дейді. Лайым солай болғай!
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.
Май ауданы.

