1989 жылғы 22 қыркүйек еліміздің әлеуметтік-мәдени өмірінде, Тәуелсіздік тарихында айрықша орын алатын күн болды. Тұңғыш Тіл Заңын қабылдау мәселесі Кеңес Одағының құрамында күн кешіп жатқан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі сессиясында шешілгені баршамызға мәлім. Біле білсек, бұл мәселе оңайлықпен шешіле қоймапты.
Сессияға қатысқан тіл жанашырларының айтуынша, осы күні Республика басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей араласуының арқасында қазақ тілі өз тұғырына қонды. Оның: «Сіздердің өз тілін мемлекеттік тіл ретінде қалпына келтіруге ұмтылып отырған халыққа неге көмектескілеріңіз келмейді? Территориясында «Карлаг», «Гулаг», «Алжир» орын тепкен, атом полигоны салынған, бүгін қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан халыққа неге көмектескілеріңіз келмейді? Сіздер кімнің тізе бүккенін қалап отырсыздар?» дегені Жоғарғы Кеңес депутаттарына үлкен әсер еткен.
Осыдан кейін ғана халық қалаулыларының беті бері бұрыла бастайды. Егер Нұрсұлтан Әбішұлы басқа бағыт ұстанғанда тіліміздің тағдыры басқаша шешіліп кетуі де мүмкін болыпты. Дегенмен, халқымыздың бақытына қарай осылайша қазақ тілінің басына бағы қайта оралады.
Енді бүкіл халық, әр мекеме мен әр ұйым алдында осы жетістікті баянды ету, іске асыру міндеті тұрды. Бұл Заңның ең басты артықшылығы – қазақ тілін мемлекеттік тіл деп қабылдағанында. Тіліміздің беделі көтерілді. Мәртебесі арттырылды. Бұл шын мәнісінде халқымыздың егемендік пен тәуелсіздік жолындағы күресінің алғашқы жеңістерінің бірі болатын.
Осы тұста біз халық депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетіне мемлекеттік тіл жөніндегі маман болып шақырылған болатынбыз. Кейіннен әкімшілік басқару жүйесі құрылғанда облыс әкімі аппаратының құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарғандықтан және Тіл Заңының алға қойған қағидаларын орындауға бір кісідей үлес қосып жүргендіктен, сол кездегі кейбір жайттарды сөз еткелі отырмын.
Алғашқы Тіл Заңының қабылданғанынан бергі жылдар ішінде облысымызда ана тіліміздің өркенін өсіріп, өрісін кеңейте түсуде біршама жұмыстар атқарылғаны жұртшылыққа аян. Бұл ретте, жергілікті басқару органдары, сол кезде барлық жерлерде құрылған «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдары, бертін ашылған облыстық тіл басқармасы, қалалар мен аудандардағы тіл бөлімдері белсенділік танытып бақты.
Осы кезеңде ана тілін білу және осы тілде іс қағаздарын жүргізу мәселесі күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе болды. Бұл оңай шаруа емес еді. Алдымен, қазақ қаріпті жазу машинкаларының тапшылығы; екіншіден, іс қағаздарын жүргізумен айналысатын мамандардың жеткіліксіздігі, барларының осы іске дағдыларының төмендігі; ал үшіншіден, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге қатысты оқулықтар мен сөздіктердің, әдістемелік және көмекші құралдардың тым аз болғандығы белгілі.
Бұл кезде кеңсе құжаттарын ресімдеуде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімі құрастырған «Қоғамдық-саяси терминдер мен атаулардың, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізудің және құжаттарды дұрыс толтырудың анықтама сөздігі» (Алматы – 1992 жыл) мен «Екі тілде іс жүргізу: сөздік-анықтамалық» (Алматы – 1994 жыл) құралдары, сондай-ақ, Н.Ерғазиева мен Б.Сүлейменованың «Іс қағаздарының орысша-қазақша сөздігі» (Алматы – 1992 жыл) сияқты санаулы ғана анықтамалықтар мен сөздіктер, республикалық «Ана тілі» газеті беттерінде жарияланған материалдар пайдаланылған болатын.
Бертін келе, жаңа Тіл Заңы қабылданғаннан кейін, әсіресе 1999 – 2001 жылдары, Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен 31 томдық терминологиялық сөздік, С.Тоқсанбайдың «Экономика, қаржы-несие, банк, салық-кеден, сақтандыру, биржа және кәсіпкерлік атауларының орысша-қазақша сөздігі» (Алматы – 1999 жыл), А.Алдашева, З.Ахметжанова, Қ.Қадашева және Э.Сүлейменовалардың «Ресми іс қағаздары» (мемлекеттік қызметшілерге арналған анықтамалық, Астана – 2000 жыл), Л.Дүйсенбекованың «Іс қағаздарын қазақша жүргізу» атты оқу құралы (Алматы – 2001 жыл) жарық көрді де, сала мамандарына әжептәуір жеңілдік жасалды.
Ал облыста тілдерді дамыту департаменті құрылуымен бұл шаруаға өз мәнінде көңіл бөліне бастады. Осы іске жанашырлық танытқан, мамандарды оқытуды ұйымдастыра бастаған өз ісінің шеберлері шықты. Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесінің «Дауа» атты газеті іс қағаздарын жүргізушілерге арналған материалдарды үзбей жариялап тұрды.
2003 жылдан бері облыс көлемінде танымдық жарияланымдары бар көмекші және әдістемелік құралдар шығарыла бастады. Олар: К.Юсуптың «Құжат тілі» оқу құралы, Ш.Кинжикованың «Іс қағаздарын жазып үйренейік» және «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік!», біздің «Мемлекеттік тіл – күнделікті жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі» және «Іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізу мәселелері» және т.б. құралдар. Облыс тілдерді дамыту басқармасы бұл бастамада ұйымдастырушылық та, үйлестірушілік те қызмет атқара білді.
«Көш жүре түзеледі» дегендей, облыс қалалары мен аудандарындағы мекемелер мен ұйымдарда іс қағаздары мемлекеттік тілде ілгерілі-кейінді жүргізіле бастады.
Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998 – 2000 жылдарға арналған облыстық бағдарламасының орындалу барысы әр деңгейдегі әкімдіктердің алқа мәжілістерінде қаралды. Олардың қабылдаған шешімдерінде істің жай-күйін жақсарту шаралары белгіленді. Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында аудандық, қалалық және облыстық семинар-кеңестер өткізілді. «Контакт» орталығы мемлекеттік қызметшілерді оқытумен, «Поиск» өндірістік кооперативі «Ятрань» және «Листвица» жазу машинкаларын қазақ қаріпті машинкаларға айналдырумен айналысты.
Облыс әкімдігінің 2004 жылғы 28 шілдедегі «Облыстың мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту шаралары» туралы қаулысында мемлекеттік тілді дамыту, оның білім беру, мәдениет және мемлекеттік органдарда ресми құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу сияқты салаларда қолданылуы іс-шараларының жоспарлы түрде орындалғаны атап көрсетілді.
Дегенмен, облыстың мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілдің қолданылуының әлі де болса тіл заңнамаларының талаптарына сай келмей отырғандығы, атап айтқанда:
Үкімет қаулысының іс қағаздарын кезең-кезеңмен қазақ тіліне көшіруге және мемлекеттік тілді білу мен оны үйрену кәсіби біліктілік талаптары қатарына жатқызуға байланысты қағидалардың орындалмағандығы;
облыс көлемінде Баянауыл, Лебяжі және Май аудандары мен жекелеген облыстық мекемелер мен ұйымдарда ғана іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізіліп, басқаларында бұл іске тиісті мән берілмейтіндігі;
облыс департаменттері, комитеттері мен басқармалардың денінде іс қағаздары екі тілде жүргізілгенімен, бірқатары әлі де жоғары тұрған және жергілікті жерлердегі мекемелерге хат-хабарларды бір ғана орыс тілінде жіберетіндіктері сынға алынды.
Осы мәселе бойынша қабылданған қаулыда облыс мемлекеттік органдарының басшыларына:
бір ай мерзім ішінде іс қағаздарын кезең-кезеңмен мемлекеттік тілге көшіру кестесін жасау;
мемлекеттік қызметшілер мен қабылдау бөлмелеріндегі хатшылардың мемлекеттік тілде сөйлесулеріне және іс қағаздарын жүргізулеріне деген талапты күшейту;
әкімдік және алқа мәжілістерін, түрлі кеңестер мен жоспарламаларды мемлекеттік тілде жүргізуге бірте-бірте көшіру, оларда баяндамалар мен хабарламалардың мәтіндері қазақ тілінде дайындалып, мәселені талқылауға қатысушылардың қазақ тілінде сөз сөйлеулеріне жағдай жасау, мүмкіндігінше ілеспе аударманы пайдалану;
мемлекеттік тілде құжат дайындауды өздігінен жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді материалдық және моральдық жағынан ынталандыру шараларын кең түрде қолдану ұсынылды;
ал қалалар мен аудандардың әкімдеріне:
Павлодар және Екібастұз қалаларында тілдерді дамыту басқармаларын, Ақсу қаласы мен аудандарда тілдерді дамыту бөлімдерін ашуды қарастыру;
жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдарда іс қағаздарының бекітілген кесте бойынша мемлекеттік тілге көшірілуін қамтамасыз ету;
мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгерулері үшін тегін оқыту курстарының бірыңғай жүйесін ұйымдастыру тапсырылды.
Міне, облыс әкімдігінің бұл қаулысын орындауда мемлекеттік тілге мойын бұрғандар көзге түсе бастады. Облыс ішкі істер басқармасы мен облыс қаржы департаментінің, облыстық жылжымайтын мүлік орталығының, облыс бойынша статистика департаменті мен Ұлттық банкі Павлодар филиалының басшылары мемлекеттік тілге үлкен мән бере бастады.
Айталық, облыс ішкі істер органдарында мемлекеттік тілде іс жүргізуді кезең-кезеңмен енгізу кестесіне сәйкес жеті аудандық ішкі істер бөлімі іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Басқармада қазақ тілі кабинеті ашылды. Қызметкерлерге қазақ тілін үйрету жұмысы жолға қойылды. Мәжіліс залы ілеспе аударма аппаратурасымен жабдықталды.
Облыс қаржы департаментінде мемлекеттік тіл мәселелері алқа мәжілістерінде, арнайы семинарларда қаралатын болды. Мекемеде жұмыс істейтін 54 қызметкердің қазақ тілін меңгеру деңгейлері зерделеніп, олар алты топқа бөлініп оқытылды. Бұл жұмысты департаменттің бас аудармашы маманы Ш.Д.Кинжикова үйлестіріп отырды. Оның бұл жұмысына қажетті барлық жағдай жасалды: арнайы тіл кабинеті, компьютер, музыкалық орталық, плейерлер бөлінді, оқулықтар мен сөздіктер сатып алынды.
Алайда, облыс департаменттері, комитеттері мен басқармаларындағы мемлекеттік тілде іс жүргізудің жай-күйі бірдей деңгейде емес еді. Мысалы, бұл мекемелердің денінде іс қағаздары екі тілде жүргізілсе, облыстық әскери комиссариат пен төтенше жағдайлар жөніндегі басқармада мемлекеттік тілге өз мәнінде құлықтылық танытылмай келген-ді.
Бірқатар мекемелер басшылары іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру дегенді дұрыс түсінбеді де. Бұл деген барлық іс қағаздарын, хат-хабарларды орыс тілінен қазақшаға аударып беру емес еді, ол құжаттардың негізін, түпнұсқасын қазақ тілінің өзінде қалыптастырып, қажетіне қарай орысшаға аударып беру болып табылатын.
Иә, қазіргі кезде облысымызда тіл ахуалы жақсарып келеді. 2007 жылы облысымыз іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Облыс тілдерді дамыту басқармасы іс қағаздарын жүргізуші мамандарды қажетті сөздіктермен, электронды оқулықтармен және әдістемелік құралдармен қамтамасыз етті. Мамандарды оқыту жүйелі жүргізілуде. Мекемелер мен ұйымдардан жіберілетін құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлесі бірте-бірте артып келеді.
Әрине, бұл шаруада әлі де жетілдіре түсер тұстар баршылық. Бірқатар мекемелер мен ұйымдарда іс құжаттарын бірыңғай қазақ тілінде жүргізуге қол жеткізіле алмай келеді. Іс қағаздарын ресімдеуде аударма басым. Басшыларымызда жалтақтық басым. Барлық жерде бірдей жиын-жиналыстар, көпшілік-мәдени шаралар қазақ тілінде өтпей жүр, ал қандастарымыз болса, бір-бірімен қазақша сөйлесуге онша құлық танытпауда.
Енді Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген дуалы сөзінің ішкі астары мен маңыздылығына тереңірек үңілетін кез келді. Бұл – тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының да талабы. Асылында, болашақтың іргесін бірге қалау жолында, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойының қарсаңында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту өзін ұлт перзенті санайтын әрбір басшының абыройлы борышы болуға тиіс демекпіз.
Ульян МАҚҰЛ,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты
іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бөлімінің бастығы.

