Бейсенбі күні Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жаңа пәтерлер кілтін табыс етті.
- Еліміз бейбіт күнге ардагерлердің өлшеусіз еңбегінің, күш-жігерінің арқасында қол жеткізді. Сондықтан, ата-әжелердің алдында бас ию - баршамыздың міндетіміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ардагерлердің тұрмыстық жағдайына, денсаулығына айрықша көңіл бөлуде. Бұл – өткенімізге деген құрмет»,- деді қала басшысы. Жиналғандарды Тәуелсіздіктің торқалы тойымен құттықтаған ол көпшілікке ақ тілегін жолдады. Баспаналы болған сегіз Ұлы Отан соғысы ардагерінің жүздерінде қуаныш оты жайнап, қала әкіміне ризашылықтарын білдірді.
«Тәуелсіздіктің 20 шыңы - 20 жұлдызды күн» – республикалық акция шеңберінде ұйымдастырылған шарада мемлекеттік қызметкер әрі ата-анасынан ерте айырылған Арнат Қабышев та баспаналы болды.
Ол бірнеше жыл бұрын ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Сүйікті әжесінің өтініші бойынша пәтер алушылар тізіміне кезекке тұрады. Өкінішке қарай, әжесі де қайтыс болыпты. «Ешқашан үмітімді үзген емеспін. Бүгінде Павлодар қаласының жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасында темір ұстасы мамандығы бойынша жұмыс істеймін. Осы жазда әскери борышымды өтеп келдім. Енді отау құруды ойлануым керек», - деп күлімсіреді Арнат.
Сонымен қатар, салтанатты жиында қала әкімі Оразгелді Қайыргелдинов көп балалы аналарды Күміс алқамен марапаттады. Мереке шағын концертпен аяқталды.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Павлодар қаласы.

