ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ТОЛҒАУЛАР

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өңіріміздің әр түкпірінен оқырмандарымыздың еркіндік тақырыбына жазған толғаулары келіп түсті. Соларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.


ТОЙҒА АРНАУ

Елдігім деп жылаған,
Теңдігім деп жылаған.
Қайғылы қазақ ел едік,
Көзінің жасын бұлаған.
Жария болып елдігім,
Тиіп қолға теңдігім.
Жиырма жыл болғанға,
Шаттанамын мен бүгін.
Арқаланып асамын,
Өзендей боп тасамын.
Қуанып жүрек жарылып,
Өлең-жырға қосамын.
Мен - қазақпын, қаным бір,
Мен - қазақпын, жаным бір.
Қазағым бөлек ел болып,
Арылып іште көңіл кір.
Аласталып арамыз,
Жазылып іште жарамыз.
Жиырма жылда өркенім,
Қалай екен қараңыз.
Жиырма жылда шабысым,
Еселенген табысым.
Әйгілендік әлемге,
Бұ да, қазақ, намысың.
Заңым түсіп жолына,
Теңгем тиіп қолыма,
Шегеленген шекарам,
Айтпай болмас оны да.
Көк туым көкке желбіреп,
Қуанып жүрек елжіреп.
Шырқалғанда Әнұран,
Көзімнің жасы мөлдіреп.
Жиырма жылда өркенім,
Игеріліп жер - кенім.
Экономикам нығайып.
Ұялап ойға бір сенім,
Өндірісім дамыған,
Риза болып осыған.
Игі талай істерім,
Қуанышым тасыған.
Бәріне, елім, куәсің,
Сөзімнің жөнін ұғарсың.
Аман болса, Елбасым,
Биікке әлі де шығасың.
Ақылын тауып ойламау,
Жүргізіп жұмыс қалама.
Ақылды білгір Елбасым,
Жетелей көшті онымен.
Әлемге жария айтқаның,
Бір абырой тапқаның.
Қарусыз ел болам деп,
Полигонды жапқаның.
Бастап көрдік басқаны,
Беделімнің асқаны.
Төрағалық өткіздік,
Сенімділіктің артқаны.
Жасаған елім бір тойын,
Азиялық қысқы ойын.
Барлығына дес бермей,
Бәйгенің алдық біз бәрін.
Алғысым Сізге, Елбасым,
Ойлаған көптің көз жасын.
Қуат беріп бір Алла,
Ісіңді дәйім қолдасын.
Ел атандық біртұтас,
Оян бәрің, көзіңді аш.
Талай ғасыр сорладық,
Көзімізден ағып жас.
Жиырма жылдық тойымыз,
Қабыл болсын ойымыз.
Қуанышпен күллі елім,
Тойлайықшы бәріміз.

Кәтепбай Ясқаұлы.


ЖАС ҰРПАҚҚА

Қазақ елі бұл күнде,
Тәуелсіз жеке ел болды.
Бар әлемге танылып,
Терезесі тең болды.
Өз Отанын көркейтіп,
Керегесі кең болды.
Жүректі тербеп зор шаттық,
Қуаныш әні сең болды.
Ал, жастарым, тұрмағын,
Терең оқып, білім ал.
Бағымды тарих ұрлады,
Несібеңді іліп ал.
Жұртпыз ғой, мәңгі өр үнді,
Сөзіміз шекер, тілі бал.
Отанды қорғау міндетің,
Бабадан қалған аманат.
Көзіңді ілме, күнде-түн,
Ұлтыңа ермей жаманат.
Ілгері кеткен күндердің,
Жыртығын ұрпақ жамамақ.
Иманың сенің Отаның,
Осыдан озба, жамағат!

ҚАЗАҒЫМА
Тойған дер деп ойланбай,
Отаныңды тап қазағым.
Құл боласың қашанғы,
Басқаның көріп мазағын.
Дінмен тілден айырылып,
Тағдырдың көрдің азабын.
Ұрпағыңды жат қылма,
Азба деп сәлем жазамын.
Байлыққа қолың жетсе де,
Ұлтсызға көңіл толмаған.
Тіл мен діні жоқ жерде,
Ұлттық сипат болмаған.
Өз Отаның өз жерің,
Өз ұлты ғана қорғаған.
Доңызы талай ғасырдың,
Арыңды мүлде қорлаған.
Бірлік пен достық болмаса,
Талай ұлт солай сорлаған.
Күңіренген күндерден,
Көшірген бізді зор бабам.
Көгіміз енді тазарды,
Көкала бұлттан торлаған.
Арқаның айдын төсіне,
Бәйтерек арман орнаған.
Алаштың асыл ұлдары,
Әлемге әнін жолдаған.
Елімнің жарқын жастарын,
Елбасы болып қолдаған.

Жанайхан САПАРХАНҰЛЫ.

 ТҰҒЫРЛЫ ТӘУЕЛСІЗДІК
Тарихын тастарына құндақтаған,
Басымнан өтті талай зұлмат заман.
Кең далам ерлігімнің куәгері,
Жырау болып жырла енді, үн қат маған.

Ескіріп, есте қалды кешегі күн,
Тарихтың самалдары еседі мың.
Желтоқсан ызғарынан аман қалған,
Тарихтың түйірі емес, кесегімін.

Мен бүгін егеменді, еңселімін,
Алысқа жетелейді өр сенімім.
Батырлардың ұрпағы «қазақ» деген,
Сынығы боламын мен, кешегінің.

Домбырамын, күй болып күмбірледім,
Шертемін тұлпарлардың дүбірлерін.
Көк аспанның астында кең қалықтап,
Егемен ел атанған күн бүгін менің.

Тағдырдың соқпағы мол тар жолының,
Мұқалмас өткір жүзді қанжарымын.
Мен бүгін - Азияның арыстаны,
Мен бүгін - кең даланың көкжалымын.

Ел қорыған кешегі ел сардарының,
Алаштың арланының, ардағының.
Тау тұлғалы тарихи тарланының,
Көксеген кең құлашты арманымын.

Тастақты кешегі өткен тағдырларым,
Сан сүріндім, жығылдым, сан құладым.
Кең дүние, құшақ жая, қарсы ал мені,
Тәуелсіз, азат елдің арғымағын.
 
                      Амангүл МАРАЛ.


БІЗ - ЕРІКТІ ЖАС ҚЫРАН
Қарашы қанға салған таңбасына,
Бодандықтан жамандық бар ма, сірә?!
Қапастағы тұтқындай қайғы жұтып,
Жатушы едім тас батып жамбасыма.
Қараңғыда қаралы ұлт жарық тілеп,
Зарықты көп күтумен таңды асыға.
 
«Келді еркіндік – десті жұрт, өлді Кеңес»,
Нанарыма болмады, нанбасыма.
Қылышынан қан тамған қызыл көздер
Түскен екен тарихтың домнасына.

Нұр шашырап Алтайдың қар басына,
Кетті гүлдеп Алатау алмасы да.
Сайын далам Сарыарқам – сары дариям
Жатты шалқып сыя алмай арнасына...                                   

Тізгінді беріп тұңғыш Елбасына,
Іліндік әділетті жол басына.
Дамыған озық елдер үлгісімен,
Жаңаруда өндіріс балғасы да.

                 Батырбек МӘНЕЙҰЛЫ.

ТӘУЕЛСІЗДІК
Тәуелсіздік – мемлекеттік белгісі,
Артта қалған отарлаудың езгісі.
Жеке түске ие болған картада,
Жаңа ғасыр, жаңа толқын еншісі.

Тәуелсіздік – желтоқсанның жарлығы,
Қазақтықты мойындаған барлығы.
Ұлттығымның бар болмысы асқақтап,
Қайраттардың үні жеткен қарлығып.

Тәуелсіздік - Нұрсұлтандай Елбасы,
Ғасырлардың, өр кеудесін келді асып.
Жаңа заман өркениет көшіне,
Бабалардан қалған көркем зер басып.

Тәуелсіздік – қос арыстай Ата Заң,
Адал, әділ сенім берген нұрлы таң.
Адамият мәртебесін қорғаған,
Сабырлы да қанағатты Таңшолпан.

Азаттығым – Тоқтар, Талғат - қос қыран,
Ғарышқа да қазақтықтан қостық ән.
Екі әлемнің, кіндігіндей Байқоңыр,
Әлемнің назары ауған кең Тұран.

Тәуелсіздік - маңызы мың төл теңге,
Өз қолымда, өз уысым өлсемде.
Қалың елдің бересін арқалап,
Сол арқылы талай қызық көрсем де!

Тәуелсіздік - талай ұлттың достығы,
Ұлттық дәстүр, дін мен тілге қостық үн.
Ынтымақты таңға ұласқан, нәубет кез,
Алдымызда, бірлігі артқан тосты күн.

Тәуелсіздік – Қазақ тілі құдірет,
Елдігімнің тұғырындай құзырет.
Қатпар-қатпар келер күннің мұздығын,
Ұлттығымның өр кемесі бұзып өт!

Тәуелсіздік – жас мемлекет Қазақстан,
Көгінде азат күннің ғажап ұшқан.
Көктем күндей ұмсынған тәтті арманға,
«2030» болып көрінді жаз алыстан!

Бабаның үніменен наз алысқан,
Қырандарым қанатын жазады ұшқан.
Барыстайын қайратым бойымда әлі,
Егемен ел, еркін ел, Қазақстан!

Бегімхан ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ.

КӨКБАЙРАҒЫ ЖЕЛБІРЕГЕН ҚАЗАҒЫМ
Көк байрағы желбіреген қазағым,
Көрдің талай, қиын күннің азабын.
Талай ғасыр қолың жетпей аңсаған,
Орындалды ата-баба арманың.

Тар жол тайғақ, қысылтаяң өткелден,
Сүрінбедің қажыр-қайрат күшіңмен.
Намысыңды, жігеріңді жаныған,
Батыл мінез, айбарыңа сүйінем.

Көкбайрағың желбіреген қазағым,
Жарқырады бар әлемге жанарың.
Тәуелсіздік, еркіндікке тәуба, деп,
Жаратқанға шүкіршілік айтамын.

Бұл еркіндік, аяқ асты келмеген,
Аялаған армандарды жерлеген.
Туған ел, еркін елді қорғаған,
Бахадүрлер ұлы үшін терлеген.

Өніп-өсіп, күннен-күнге мерейің,
Абыройың асқақтады беделің.
Өзге елмен иығымыз теңесіп,
Асқақтадық, не дейін!?

Көк байрағы желбіреген қазағым,
Жүрегімде, көктем гүлі жаз әні,
Тағдырымды аппақ–аппақ параққа,
Қуанышпен өлең-жыр ғып жазамын!

            Шерікбай ЖҰМАБАЙ.
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31