ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ БИІК БОЛСЫН!

облыс орталығында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай мерекелік шаралар өтті

16-18 желтоқсан күндері аралығында Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің торқалы тойын кеңінен мерекеледі. Ертістің Павлодар өңірінде де айтулы шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік думандарға керекулік дүйім жұртшылық белсенділікпен қатысты. Аймақтың түкпір-түкпірінде өткен салтанатты жиындар, концерттер мен танымдық кештерде шаттық пен қуаныштың самал желі есті.

Дүбірлі тойдың алғашқы күні Павлодар қаласындағы Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында «Қазақфильм» киностудиясының ретро туындыларының фестивалі ашылды. Көрермендер назарына «Алпамыс мектепке барады», «Менің атым – Қожа», «Біздің сүйікті дәрігер», «Қыз-жігіт» сынды фильмдер ұсынылды. Сонымен қатар, «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық орталығында «Өз елім менің» атты мерекелік концерт өтсе, орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты кітап көрмелері, танымдық ойындар ұйымдастырылды.

Павлодар қаласының орталық алаңында өткен «Азат елдің ұландары» атты халықтық мерекелеуге жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Күннің суықтығына қарамастан, ең ұлық мерекеміз – киелі Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуге жиналған халайықтың көңілді жүздерінен ерекше жылулык сезілді. Қалай десек те, «Отан» деген ұлы сөз оларға қуат беріп, жігерлерін жандырып, бойларындағы қанын тулатқаны анық.

Ертістің Павлодар өңіріндегі жұртшылықтың берекелі, уыздай ұйыған сипатын паш еткен мерекелік салтанатта баршамызда бақыт пен елімізге деген мақтаныш сезімі асқақтай түсті. «Азат елдің ұландары» мерекелік бағдарламасы барысында ата-бабамыздан жеткен киелі мұрамыз – күйіміз толассыз күмбірледі. Әсем әндеріміз тамылжыта шырқалып, мың бұралған бишілердің өнері көрермендер жүрегіне жол тапты. Сахна төріне шыққан Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар бірлестіктері өкілдерінің өнері керекуліктердің ерекше ықыласына бөленді. «Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!» деген асқақ ұран орталық алаңға жиналған әрбір жанның жүрегін баурап, патриоттық ұстанымын айқын көрсетті.

«Шаңырақ» орталығында өткен «Өз елім менің» атты мерекелік концертте ақ жаулықты апалар мен ақсақалды аталар, жастар қауымы жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады. Домбыраның күмбірі мен әуезді ән әуелеген кеш көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Туған жер, Отан тақырыбында шырқалған әндер көрермендерді рухтандырды.

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайындағы балалар шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті де тың бастамалар мен өміршең жобаларға толы болды. Түрлі ұлттың биі орындалып, әр халықтың әні шырқалған кешті тамашалауға келгендердің бірі, С.Торайғыров атындағы ПМУ оқытушысы Жеңіс Маманбаев өз әсерімен бөлісті. «Кішкентай бүлдіршіндердің мерекелік концерті болғандықтан немеремді ертіп келдім. Өз замандастарының өнерін тамашалап, мәз болды. Өнерге жақын сәбилердің белсенділігі көңілге қуаныш ұялатады», дейді ол.

Мерекелік шаралар келесі күндері де жалғасын тапты. «Шаңырақ» орталығында джаз оркестрінің концерті өтті. «Колос» балалар мәдени ойын — сайық орталығындағы кішкентай өнерпаздардың «Көңілашар» концерттік бағдарламасы Тәуелсіздік тойына арналды. «Достық» концерттік залында «Ән жырым саған — туған жер» атты мерекелік концерт те көрермендерді қуанышқа бөледі.

Ұлық мейрам — Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өткен керекуліктер бұл датаның маңызы ерекше екенін естен шығарған емес. Бұл күні ата-бабаларымыздың Тәуелсіздік жолындағы ерен ерліктері қайта жаңғырып, өшпес мұралары насихатталды.

А.ЕСІМХАНОВА, Ф.ӘМІРЕНОВ,

Суреттерді түсірген Т.НҰРҒАЗЫ.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31