осындай атаумен Павлодар қалалық ғылыми - тәжірибелік конференциясы өтті
Тіл - халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Аллаға шүкір, бір кездері осындай өтпелі кезеңнің өтінде тұрған қазақ тілі қайта құлпырып, қанатын кеңге жайды. Туған тіліміздің теңдессіз Тәуелсіздікпен тұғырланғаны баршаға мәлім. Бостандық туын биікке қондырғалы бері ана тіліміздің айбыны артып, мәртебесі өсті. Қазақ тілін меңгеруге ниет білдірген өзге ұлт өкілдерінің қатары жыл санап көбейіп келеді. Бұл ретте ерекше атап өтерлігі, біздің өңірде мемлекеттік тілді үйренуге ден қойған өзге ұлт өкілдері көп. Ресми іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бағытында да біздің облыс республиканың өзге аймақтарына қарағанда көш ілгері. Қазақ тілін ел ішінде насихаттау жұмыстары да оң жолға қойылған. Бұл туралы және тілді дамыту саласындағы өзге де жетістіктер жайында облыс орталығындағы «Достық» концерттік залында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлім етілді. «Тәуелсіздіктің 20 шыңы – 20 жұлдызды күн» акциясының шеңберінде ұйымдастырылған шараға тіл жанашырлары, ғалымдар, этно-мәдени бірлестіктері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дана халқымызда «Тәрбие басы — тал бесік» деген қанатты сөз бар. Кішкентай бүлдіршіндерге ана тілін құрметтеуді бесіктен, бала жастан үйрету керек. Шараға қатысушылардың ойы осы бір пікірге тоғысты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Ержан Рахымжановтың айтуынша, 2010 жылы облыс бойынша қазақ балабақшаларында өзге ұлттың 1147 сәбиі тәрбиеленген. Биылғы жылы аталмыш көрсеткіш 1311-ге артқан.
-«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтуды ту еткен бағдарлама өз жемісін беруде. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді оқытып, үйрететін орталықтардың саны артып келеді. Мәселен, біздің облыста қазақ тілін үйрететін орталықтардың саны он сегізге жетті. Бұл ретте С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жанынан ашылған оқыту орталығы және басқа да жеке меншік орталықтар өз жұмыстарын жетілдіруде. Сондай-ақ, «Достық үйіндегі» этно-мәдени бірлестік өкілдерінің «Жорға» клубы да мемлекеттік тілдің кең өріс алуына өз үлесін қосуда. Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» орталығы барлық санаттағы азаматтарға қазақ тілін тегін оқыту курстарын ұйымдастыруда. Өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстанған Успенка, Железин, Шарбақты, Павлодар аудандарында да оқыту жұмыстары жүргізілуде,-деді Ержан Мэлсұлы.
Марина Сахарова - «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының тілшісі. Қазақ мектебін тәмамдап, жоғары оқу орнында мемлекеттік тілде білім алып жатқан орыс қызы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Тіл білмейтін қаракөздерімізге айтар наласы да жоқ емес. «Тіл — халықтың баға жетпес байлығы. Мемлекеттік тілдің болашағы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тапсырмалар берді. Қазақ тілін жаппай меңгеруге шақырды. Менің ойымша, тілді меңгеру мәдениетін отбасынан бастаған абзал,-дейді ол.
Конференцияда тіл жанашырлары баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, конференцияның қарары қабылданды. Мемлекеттік тілдің дамуына айрықша үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Павлодар қаласы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.
Айтмұхамбет ТҰРЫШЕВ,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы.
- Қазақ тілі Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қолдау тапты. Қазақ тілі — лексикалық қоры мол тіл. Әр аймақтың өзіндік диалектісі қалыптасқан. Бұл ретте, ел ішінде солтүстік өңірлерде ана тілінің жағдайы мәз емес деген пікір бар. Өз басым мұнымен мүлде келіспеймін. Себебі, біздің өңірдегі тіл – таза әрі құнарлы. Менің ойымша, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» тілдің қолданылу функциясын нақты ажыратып беру керек. Мәселен, мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді жетік білуге міндетті. Кейбір қызметкерлерге іс-қағаздарды аударып бергенді тоқтатып, түпнұсқадан оқитындай талапты күшейткен жөн. Аудармашының жұмысынан мүлде арылу керек. Сонда ғана қазақ тілі салтанат құрады.
Алма АҚАТАЕВА,
№120 мемлекеттік тілде оқытатын сәбилер бақшасының меңгерушісі.
- «Анаңды жоғалтсаң да, ана тілінді жоғалтпа» деген сөз кім-кімді болмасын тебірентері анық. Мемлекеттік тілдің келешегі баршамызға ортақ мәселе. Өзім басқарып отырған балабақша ұжымында оны дамытуға байланысты жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, өз жемісін беруде. Тілге қатысты танымдық, мәдени іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Балабақшада тәрбиеленетін өзге ұлт өкілдерінің саны да артып келеді. Меніңше, бұл қазақ тіліне деген құрмет. Тілді білген адамның рухы биік болады. Тұрғындарға қазақ тілін меңгеру бойынша нақты талаптар қою керек. Талап күшейген жағдайда ғана тілді үйренуге деген салғырттық жоғалады.
Владимир ШНАЙДЕР,
Инновациялық Еуразия университетінің проректоры.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты нақты тапсырмалар жүктеді. Менің ойымша, алдымен тілді тәрбиенің қайнар көзі ретінде таныту керек. Мұның мән-маңызын қазақ тілінен нәр алып, сусындаған әр азамат жақсы біледі. Еліміз үшін мемлекеттік рәміздер қаншалықты қастерлі болса, мемлекеттік тіл де сондай қасиетті екенін еліміздің әр азаматы жете түсінгені абзал. «Қазақ пен қазақ қазақ тілінде сөйлесуі керек» деген қанатты сөзді ұран етіп, санаға түйген жөн. Болашақта «Алпамыс» пен «Қобыланды» батыр жырын жатқа айтатын, оларды мақтан тұтатын білімді ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Қазақ тілін жан-жақты өркендету тіл жанашырларының, жоғары оқу орындарының ғана мәселесі емес. Бұл — барша қазақ еліне ортақ мәселе.
Оразгүл БАБАЖАНОВА,
Қ.Бекқожин атындағы №12 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
- Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталатынын тарих дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туады. Тілі мен дінінен айырылған жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Атақты орыс ғалымы, белгілі шығыстанушы Василий Радлов: «Қазақтар – шешен халық. Олар мақалдап сөйлейді. Жай сөзінің өзі өлең болып құйылып жатады», - деген екен. Біз өз тілімізбен мақтануымыз керек. Елбасы айтпақшы «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде екенін» әсте естен шығармауымыз керек.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

