Ата-бабамыз бала тәрбиесіне аса ұқыпты қараған. Оны енді ғана көктеп келе жатқан жас шыбыққа теңеп, бағып-қағуы кем болса, одан жібі түзу адам шығатынына үлкен күмән келтіретін. Өкінішке қарай, қазіргідей озық технологияның өрлеген дәуірі осы бала тәрбиесі төңірегінде көп алаңдаушылық тудырып тұр. Кейбір мәселеге баса мән бермесек, болашағымызға кері әсері көбейе ме деген күдік те көп.
Осыдан біраз жыл бұрын «шетелдің бір мектебінде балалар біріне-бірі қол жұмсады» дейтін тәрізді жан түршігерлік суыт хабарларды тек ақпарат құралдары арқылы еститінбіз. Мұндай жаға ұстатар жайттар бізде кездеспейтініне шүкіршілік етіп, тәубе десетін едік. Бірақ сол бәле бүгінде өзіміздің арамызда көрініс тауып жатқаны жанға батады. Жасөспірім балалардың қатыгездік танытып, бірін-бірі жазым еткен оқиғалар елді үрейлендіреді. Сонда бұл жағдайға біз қалай жеттік? Аузынан ана сүті кеппеген балалар тасжүрек болып жетіліп жатса, тәрбиенің бір тұсында кемшіліктің болып тұрғаны ғой?
Бастапқыда нарықпен бірге тыныш өмірімізге жаһандану үрдісі келгеніне онша тіксіне қоймағанымыз белгілі. Беймәлім болып келген әлем халықтарының мәдениетін, әртүрлі салт-дәстүрінен хабардар болғанымызға қуанып жүрдік. Бұрын әр үйде бір теледидар болса деген армандайтынбыз, қазір бір үйде оның бірнешеуі бар. Бірақ жаңалықтың көзі болып есептелетін сол «көксандық» арқылы үйімізге зорлық-зомбылықты насихаттайтын дүниелер ене бастады. Оның соңы бала тәрбиесіне әсер ететінін бірден аңғармаған да екенбіз.
Алайда, соңғы кездері әлгіндей сұрықсыз әңгімелерді естігенде тұла бойың шымырлап сала береді. «Апырм ай, бұрын мұндай болмаушы еді, заманның азғаны ма?» деп, небір тұңғиық ойларға шырмаласыз. Бәріміздің де өбектеген бөбегіміз бар.
Бұл мәселе өркениетті елдердің көбінде кездесетін, осы күннің өзекті тақырыбы екен. Мамандар бұзық балалардың қатысуымен болған оқиғалардың табиғатын зерттеген кезде, олардың телехабарлар мен бейнефильмдердің тікелей әсерінен жасалатынына көз жеткізген.
Дүниетанымы қалыптаса қоймаған баланың санасын атыс-шабысқа, өсек-төсекке құрылған хикаялар бірден баурап, тез бұзады. Бұл «телезорлықтың» әсерінен ғалымдардың өздері де қорқып отыр. Алайда, бүгінге «нәтижесін» көріп отырсақ та, балаларға баскесер боевиктер мен есірген экшн-фильмдердің ашық көрсетілуіне ешкім тұсау қойып жатқан жоқ секілді. Қазір кез-келген уақытта теледидарды қоса қалсаңыз, кейіпкерлер ашықтан-ашық қылышпен біреудің басын шауып, міз бақпай сазарып тұра береді. Мұндайдан соң баланың көсегесі көгере қоя ма екен? Бала түгілі, ересектің де жаны түршігетін қатыгездіктен оны қорғап, күн ұзақ теледидар алдында отыра алмасыңыз тағы шындық. Нәтижесінде, ойыншықпен ойнаса да, сәби көкірегінен әлгіндей жағымсыз көріністер бір сәт те алыстамайды екен. Кейін ол көрген киносына еліктеп, ойыншығының қол-аяғын жұлып, әркіммен төбелесіп, ызақор болып есеюі әбден мүмкін. Бұл да - ғылыми түрде дәленденген нақты тұжырым.
Мамандардың пайымдауынша, кейбір кабельдік жүйедегі каналдар арқылы балалар күніне 17 өлім, 37 мейірімсіздік оқиға көріністерін бақылайтын көрінеді. Ал мұндай эпизодтардың қандай сөздермен көрсетілетіндігін болжау қиын емес. «Көксандық» ұл-қыздарымыздың санасын жаулап алды. Оларды оңайлықпен айыру мүмкін емес, бір жағынан теледидарсыз қазіргі заманды елестету қиын.
Тағы бір айтатын мәселе, теледидардың кері әсеріне көз жұма қарайтын, тәрбиеге жауапты ата-аналар да бар екен. Сауалнама барысында отбасылардың дені теледидарды тәрбиешінің орнын алмастыра алатындығын және нағыз «дос» екендігін мақтанышпен айтқан. Ал балаларының жүріс-тұрысынан, мінезінен қатыгездік, ерекше ызақорлық, ашушаңдық байқалса, оған мектеп мұғалімдерін, балабақша тәрбиешілерін кінәлайды. Балаларының «көксандықтың» сиқырына шалдыққанын мойындағысы келмейді.
Бір көңіл жұбатарлық жайт, соңғы кезде Үкімет тарапынан ықпал болып, еліміздің бүлдіршіндері үшін «Балапан», «Мәдениет» телеарналары іске қосылды. Бұл да болса – жақсылықтың нышаны. Ендігі тілек, олардан көрсетілетін хабарлар мен түрлі фильмдер балаларымызды батысқа еліктеуден құтқаратындай тартымды болса. Бұзықтық пен қылмысқа тәрбиелейтін туындыларды тежей отырып қана біз ұрпақ тәрбиесінде оң нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Бағлан ЖАПАРОВА.

