Павлод
ар қаласының ішкі істер басқармасы (ІІБ) мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының атсалысуымен облыс орталығында «Пиротехника-2011» атты рейд ұйымдастырылды.
Бүгінгі күні пиротехникалық өнімдер көшенің кез-келген бұрышында сатылып жататыны жасырын емес. Жаңа жыл мерекесін атап өтуге санаулы күндер қалғанын ескерсек, оның саудасы қызып тұрғанын айту керек. Сондықтан, алдын алу шараларының ұйымдастырылуы орынды. Арнайы рейд барысында аталмыш органдар қызметкерлері Павлодар қаласындағы «Қарлығаш», «Гулливер» сауда үйлері және орталық жәрмеңке базарын аралап, пиротехникалық заттарды сақтау және сатуға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізді.
Бір қызығы, тексеру барысында «Жәрмеңке» және «Қарлығаш» сауда нүктелерінде пиротехникалық өнім сататын нүктелер кездеспеді. Павлодар қаласы ІІБ лицензиялық рұқсат беру тобының аға инспекторы Бақытжан Тұяқбаевтың айтуынша, жанғыш әрі адамды жарақаттау қаупі бар тауарларды сату желтоқсанның 25-нен кейін қыза түседі екен. Сондықтан, бұл рейд үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Бұдан кейін тексеру тобы «Гулливер» сауда үйіне беттеді. Дәл осы жерде пиротехникалық заттарды сатып тұрған Гүлнәр Төлева есімді азаматшаны кездестірдік. Тексеру барысында тиісті құжаттарының бар екені анықталды. Дегенмен, олардың түпнұсқалығына қатысты күмән туындап, оны айқындау - учаскелік инспекторға жүктелді.
Жарылғыш сипатқа ие түрлі пиротехникалық өнімдер Жаңа жыл мерекесінің «сәніне» айналғаны қашан. Кез-келген пиротехникалық зат – өте қауіпті! Бірақ, оны пайдалану, сатудың қарапайым ережелерін сақтамайтын-дардың қылығы өкінішті-ақ. Екінші кемшілік - облыс орталығында пиротехникалық бұйымдарды сататын бірде-бір мамандандырылған дүкеннің жоқтығы. Бұл өнімдерді белгіленбеген орында саудалаумен айналысатын азаматтардың ісі заңсыз деп есептеледі. Рейдке қатысқан Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің бас маманы Арман Бұқаев аталмыш заттар көп жағдайда өрттің шығуына түрткі болуы әбден мүмкін екенін алға тартады. «Осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодар қаласындағы сауда үйлерінің бірінде от шашудың ұшқынынан өрт тұтанған. Содан бері Жаңа жыл қарсаңында мамандар мұқият тексеріс жүргізіп келеді», - дейді ол.
А.ЕСІМХАНОВА.

