Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай, облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйытқы болуымен аймақтағы жас ақындардың шығармашылығын топтастырған «Ертіс толқыны» атты жаңа кітап жарық көрген болатын. Жақында облыс орталығындағы «Колос» мәдени сауықтыру орталығында аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға өңірге танымал аға толқын ақын-жазушылар мен жинаққа өлеңдері енген жастар шақырылды.
Бірден айта кетерлігі, бұл кітап облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен жарық көрді. Өнерді бағалап, жас таланттарға қамқорлық көрсетуді азаматтық парызы санаған аймақ басшысы жаңа жинақта шығармалары жарияланған жастарға: «Сендер, жастар, әдебиетіміз бен өнерімізді асқақтатып, ұрпақтар үндестігін жалғастырып, ән-жырларымен халқын рухтандырған дана бабаларымыздың киелі мұрасын сақтаушы әрі келесі ұрпаққа жеткізуші, аманат арқалаған өнерпаз ұрпағысыңдар. Өнерлерің өрге жүзсін!
Поэзия айдынында шығарма-шылықтарыңыз шыңдалып, шабыт-тарыңыз жанданып, өнер көкжиегінде қанаттарың талмай самғай беріңдер!», - деп жүрекжарды лебізін білдірген екен.
«Ертіс толқыны» жинағында өлеңді өзіне серік еткен өңірдегі алпыстан астам жас ақынның түрлі тақырыпты арқау еткен жауһар жырлары екі тілде жарияланған.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде құттықтау сөз алған облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Роза Игібаева: «Бұл кітап - облыс жастарының Тәуелсіздік мерекесіне арнаған тартуы деп білемін. Осындай кітап республика бойынша тұңғыш рет біздің аймақта жарық көріп отырғанын мақтан етеміз. Өңірдің жыршыл жастарына қаламдарың қарымды, ойларың ұшқыр болсын дей отырып, шығармашылық табыс тілеймін», - деді. Сондай-ақ, шараға арнайы келген облысқа танымал сақа ақындар да жастарға ақжолтай тілектерін білдіріп, кітапқа байланысты өз пікірлерін айтты.
Жинаққа шығармалары енген бірқатар жас ақын өз өлеңдерін оқып, жұртшылықты жауқазын жырларымен сусындатты.
Н.АҚЫТЕГІ.

