1943 жылдың қақаған қысы... Сталинград түбінде қанды шайқастар жүріп жатыр. Бұл кезең кеңес әскерлерінің барлық майдандарда шабуылға шығып, айтарлықтай басымдылыққа ие болған шағы еді. Алайда, Еділ бойындағы аталған қаланың маңайына шоғырланған неміс әскерлерінің үлкен тобын қоршауға алып, жойып жіберу міндеті әлі шешілмеген болатын. Кескілескен ұрыстардың бірінде Отан қорғауға Павлодар облысы, Куйбышев аудандық (қазіргі Ақтоғай ауданы) әскери комиссиариатынан шақырылған саяси жетекші Әбілмәжит Қуатов қанды көйлек майдандас жауынгерлерін шабуылға бастай жүріп, ерлікпен қаза тапты. Ол майданға аттанған кезде, үлкен ұлы Борис - екі жаста, кішісі Бәри - небары 5 айлық сәби еді...
Отан қорғауға аттанған ер азаматтардың орнын қарттар мен балалар, әйелдер басып, егістік далаларында, мал фермаларында күндіз-түні тынымсыз жұмыс атқарды. Сол кезде балаларын асырап-сақтау, тәрбиелеу міндеті, отбасының барлық ауыртпашылығы аналары – Бибіжан Әбдірахманованың иығына жүк болып түсті. Ол кісі бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істейтін. Жұбайының қазасы туралы қаралы хабар келген соң Бибіжан апай бұрынғыдан да бетер бекініп, ширығып, ширай түседі. Өйткені, ол балаларын өсіріп-жеткізу, жауды жеңуге өзінің аз да болса үлесін қосу үшін өмір сүріп, еңбек етуі қажет екенін бар жанымен түсінген еді.
Ұлдарының кішісі Бәри 1943 жылдың 1 қаңтарында Куйбышев ауданының Калинин атындағы кеңшарда (қазіргі Ақсу ауылдық аймағының Сарышығанақ ауылында) дүниеге келген. Бәри Әбілмәжитұлы осы ауылдағы мектеп табалдырығын 1949 жылы тұңғыш рет аттаған болатын. Ал жетінші сыныпты Чкалов атындағы кеңшардағы (қазіргі Мүткенов ауылдық округі) мектепте тәмамдады. Сегізінші сыныпты интернат қабырғасында жүріп оқып шықты. Анасы әуелі үлкен ұлы Бористі оқытуға бел байлады. Борис ол кезде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай бітіріп шықты. Ал Бәри анасына қолқанат бола жүріп, Ертістегі №39 АКТУ-сін тәмамдап, тракторшы-машинист мамандығын оқып шықты. Жас жігіт өзінің еңбек жолын 1958 жылы Жданов атындағы кеңшарда (қазіргі Приречинск ауылдық округі) қарапайым жұмысшы болып бастады. Одан кейін Кеңес әскерінің қатарында үш жыл қызмет атқарды.
Бәри әскери борышын өтей жүріп, өзінің ерекше байсалдылығымен, бастамашыл-дығымен көзге түсіп, оны комсомол ұйымының хатшылығына үш жыл қатарынан сайлады. Қарулы шекара бұзушыны құрықтағаны үшін сержант Бәри Қуатов «Үздік шекарашы» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, ол бүкілодақтық лениншіл жастар Одағы орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аталған наградалар Б.Әбілмәжитұлының жеке мұрағатында құнды дүниелері ретінде сақтаулы тұр.
Анасы бұл кезде жалғыз тұрып жатқан еді. Ағасы Борис Алматыда оқуда болатын. Сондықтан, Бәри анасынан алыстап, оқу іздеп ешқайда кете алмады. Арнайы курсты тәмамдаған ол Жданов кеңшарындағы автогаражға жүргізуші болып орналасты. Осы жерде 27 жыл бойы еңбек етті. Ол халық шаруашылығына қажетті жүктерді мыңдаған шақырым қашықтықтарға жеткізіп тұрды. Кеңшар қырманынан астықты бастыруға, тасымалдауға, мал шаруашылығын қажетті заттармен қамтамасыз етуге күш салды, белсене араласты.
Қарапайым да тынымсыз еңбеккердің атқарған істері де ескерілмей қалған жоқ. Жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Б.Қуатов 1980 жылы 3-ші дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды. Оның кеудесінде басқа да мерейтойлық медальдер жарқырайды. Еңбегі үшін облыстық, аудандық деңгейдегі барлық марапаттарға ие болды. Оған берілген наградалардың ішінде – КСРО бүкілхалықтық шеберлер көрмесінің қола медалі де бар. Бәри Әбілмәжитұлы адал әрі жан-тәнімен еңбек ете жүріп, білімін жетілдіруді де естен шығарған емес. Осы мақсатта ол 1977 жылы Красноармейка ауыл шаруашылығы техникумын техник-механик мамандығы бойынша тәмамдады.
Бәри Әбілмәжитұлының қашанда өзіндік өмірлік ұстанымы бар. Оны ауылдастары ерекше бағалап, құрмет тұтады. Сөзіміз дәлелді болу үшін, оның Жданов ауылдық кеңесіне бірнеше мәрте депутат болғанын, 13 жыл бойы цехтық партия ұйымын басқарғанын, кеңшардың партия ұйымы бюросының, аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланғанын айта кеткеніміз жөн болар. Мұндай сенім мен құрмет кез келген адамға көрсетіле бермейді. 1991 жылы Бәри Әбілмәжитұлы Жданов ауылдық Кеңесінің атқару комитеті төрағалығына сайланды. Келесі жылы аудандық әкімшіліктің өкілі болып тағайындалды. Одан кейін Приречен ауылдық округінің басшысы болып, ал зейнеткерлікке шыққанға дейін осы округтің әкімі болып қызмет атқарды.
Ол әкім болып тұрған шақта, тоғыз шаруа қожалығы және «Ақбидай», «Ақтоғай-Агро» ЖШС ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бірнеше жеке кәсіпкерлер де өз кәсіптерін аша бастады. Бір сөзбен айтқанда, округтің өзіндік инфрақұрылымы қалыптасты. Аталған округте әлі күнге дейін мал азығын дайындаумен айналысатын алты бригада жұмыс істейді. Олар тек ауыл тұрғындарын ғана емес, аудан орталығының халқын да төрт түлік малға қажетті өніммен қамтамасыз етуде.
Демалысқа шыққанымен еңбек майданынан қол үзбеген Бәри Әбілмәжитұлын аудан әкімі өзіне кеңесші етіп тағайындады. Сондай-ақ, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. Биылғы жылы аудан әкімінің көмегімен «Ауылдастар» клубы ашылды.
Бәри Әбілмәжитұлына Қазақстан Тәуелсіздігі күні «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. 53 жыл бойы туған ауданы үшін тынымсыз еңбек еткен Б.Қуатов мұндай атаққа әбден лайық еді. Осы бір тынымсыз еңбекқор ақсақалымыз 2012 жылдың 1 қаңтарында 70 жасқа толады. Ол әлі тың, ширақ. Бәри Әбілмәжитұлы туған еліне, облысымыз бен ауданымызға әлі де көп еңбек сіңіретініне шүбә келтірмейміз. Осы ұзақ жылдар бойы Бәридің Құдай қосқан қосағы, жан жары Дәметкен апай оның табысты еңбек етуіне ерекше қарқын беріп отырды. Қуатовтар отбасында 7 бала тәрбиеленіп, өсіп-өнді. Дәметкен апай - Батыр ана. Балаларының барлығы жоғары білім алды. Олар 10 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Жаңа жылдың алғашқы күні Қуатовтардың үлкен шаңырағына жыл сайын балалары, немерелері жиналып Бәри Әбілмәжитұлының туған күнін атап өту игі дәстүрге айналған. Биыл ерекше қуанышты күн болмақ. Жапырағын жайып, тамырын тереңге тартқан бәйтеректей Бәри ақсақалдың 70 жылдық мерейтойына арналып жайылған дастарқан басына оның балалары, туған-туыстары жиналып, ізгі тілектерін білдіреді. Мерейтойыңыз құтты болсын!
Т.СМАҒҰЛОВ,
Ақтоғай ауданы.

