Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің «Оқшау ой» айдарында жарық көрген Мұрат Аяғановтың «Компьютер қазақша сөйлесе...» атты мақаласы қолыма қалам алуға түрткі болды. Бұл - талайдың көкейінде жүрген, бірақ, жиі айтыла қоймайтын мәселе. Сірә, мұны аса маңызды дүние емес деп есептейтін сияқтымыз. Шын мәнінде, оның астарында мемлекеттік тілге деген немқұрайдылық жатқан сияқты.
Автор атап өткендей, ХХІ ғасыр - техниканың дәурені ойнаған заман. Сан қырлы, меңгерсе мүмкіндігі мол техниканы игілігімізге жарата білуіміз қажет. Ана тілімізде «сөйлейтін» компьютерлік бағдарламалардың аз екендігі шындық. Қазақстанда қазақ тілінде бағдарлама жасайтындай күш-қуатымыз баршылық. Компьютердің құлағында ойнайтын мамандар да табылады. Ниет болса болғаны. Бұл ана тілін жетік білмейтін жас ұрпақтың да туған тілін оқып, үйренуіне, қазақша ойлауына жол ашар еді.
Сонымен қатар, ғаламтордағы қазақ тілді сайттардың санын арттырып, өрісін кеңейту қажет сияқты. Әрине, сапасын да ұмыт қалдырмаған жөн. Күннен-күнге халқымыздың, әсіресе, жастар арасында интернет пайдаланушылардың қатары көбейіп келеді. Ал ғаламтордан қазақ тіліндегі қажетті ақпаратты іздей қалсаң, таппайсың. Есесіне ресми тілдегі мәліметтер жетіп артылады.
Құдайға шүкір, еліміз ерен еңбегімен танылған ғылым-білімі жетік азаматтарға кенде емес. Соларға тиісті қаражатын беріп, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасап, тізгінді ұстату қажет. Меніңше, мәселені шешудің бір жолы осы.
Нұрғайым САЯХАТ,
Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық
колледжінің студенті.

