Өнер әлемінің саңлақтары мен ғұлама ғалымдар шыққан Кереку өңірі әдебиет пен мәдениетте тұралаған емес. Кешегі Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұттардың ізін басқан азаматтар мен жастар легі бүгінгі таңда да толастаған жоқ. Оларға жасалып жатқан түрлі қамқорлық пен қолдау шаралары жыл сайын арта түсуде.
Өтіп бара жатқан 2011 жыл да өңірдің әдеби әлеміне қомақты із қалдырды. Биыл павлодарлық жас қаламгерлердің шығармаларын топтастырған «Ертіс толқыны» атты жаңа жинақ жарық көрді. Елуге тарта қаламгердің туындыларын қамтыған жинақ жастар поэзиясын жандандыру мақсатында облыс әкімінің тікелей қолдауымен басылды. Тағы бір ауқымды шара «Тәуелсіздік тұғыры» атты жас қаламгерлердің республикалық фестивалі болды.Оған елімізге танымал ақын-жазушылар Әлібек Асқаров, Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдіков, Бейбіт Сарыбай, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сағынтай сынды азулы қаламгерлер қатысты. Аталған зиялы қауым өкілдері облыс орталығында жастар және жергілікті зиялы қауыммен кездесіп, пікір алмасты.
Биыл өңірімізге танымал, бірнеше республикалық жыр додасы мен мүшәйраларда жеңімпаз, жүлдегер атанып жүрген жас ақын Қуанышбек Шармановтың «Сиялы сыр» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.
Сол секілді, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында «Шындықтан туған шымырлар» атты жастардың жыр жинағы басылып шықты. Мұндай игі бастамалар шығармашылыққа жақын жастарға, қазақ әдебиетінің болашағына деген зор қамқорлық екені даусыз.
Алдағы жаңа жылда да өңірде осындай игі істер мен шығармашылық шыңға өрлеу жалғаса береді деген сенімдеміз!
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.
#000000

