дейді асқаралы алпыс жасты бағындырып отырған Халел Хайроллаұлы
1952 жылы Хайролла мен Зейне Әкімхановтардың отбасында Халел атты сәби дүниеге келді. Олардың жанұясында бұдан басқа да сегіз бала және асырап алған немістің Эльвира есімді қызы бар болатын. Халел - осы шаңырақтың кенжесі. Содан бері 60 жыл да зулап өте шықты. Ұрпақтар алмасып, заман өзгерді. Кешегі бала Халел бүгінде ақсақалдық жасқа жетті. Уақыт – зымыран деген осы болар, сірә.
Әскери қызметтегі отағасы Хайролла жұмыстағы адамдарға қатаң талап қойғанымен, балаларына жұмсақ еді. Олардың тәрбиесіне баса назар аударатын. Ет жүрегі елжіреп, әрдайым ұл-қыздарының амандығын тілейтін. Неміс қызы Эльвираны асырап алуға рұқсат берген де өзі еді. «Әкеміз ол кезде Ертіс ауданында ішкі істер бөлімін басқарған. Аудан орталығында тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ететін бір ғана құдық бар. Әлгі құдықтан ертелі-кеш адам үзілмейді. Бір күні анам Зейне су алуға барса, құдықтың қасында сары шашты, кішкентай қыз бала отырады. Көршілердің баласы шығар деп ойласа, олардың барлығын бес саусақтай біледі. Алғашқы күні аса мән бермейді. Келесі күні келсе, әлгі қыз тағы отырады. Сөйтсе, ауылдың әйелдері құдықтан су алуға келгенде сары қызға үйден нан, құрт секілді тіскебасар бірдеңелерді ала келеді екен. Болған жайтты анам әкеме айтады. Сонда әкем: «Әй, Зейне, осы үйде сегіз ауыз бар. Оған біреуін қоссақ, күн көрісіміз қиындап кетпейтін шығар. Баланы алып кел. Ол да біз секілді пенденің өкілі ғой»,- дейді. Сөйтіп, Эльвира Әкімхановтардың отбасына тоғызыншы бала
Шынында да, өзге ұлттың баласын бауырына басқан қазақ отбасының дархандығына таң қаласың. Сөзін ары қарай сабақтаған Халел аға: «Өзгені өз баласындай көріп, жеп отырған нанын жырып беретін жандар қазір азайып бара жатқандай көрінеді маған. Жетімдер үйі деген қаптап кетті. Өкініштісі, ондағы сәбилердің ішінен өзіміздің қаракөздерімізді жиі кездестіреміз. Ертеректе мұндай безбүйрек істер болмайтын. Қазақтың баласы ата-ана қамқорлығынсыз қалып жатқанда, қалайша жаның қиналмайды?! Бүгінгі кей жастарымыз жеңіл жүріске құмар. Оларды тезге салмаса, қоғамды айықпас індетке шалдықтырады. Менің ойымша, бойына адами қасиеттерді сіңіре білген жандар осы жайлы толғанады» - дейді.
Халел Хайроллаұлы Павлодар қаласында дүниеге келді. Осы жерде өскенімен, Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №1 орта мектептің табалдырығын аттайды. Жұмысына адал, асқан ыждаһаттылықпен қарайтын әкесі Хайролла қызмет бабымен Жамбыл облысының ішкі істер департаментінің басшысы қызметіне ауысқан болатын. Орта мектепті осы жерде тәмамдаған Халел аға Павлодар индустриалды институтына оқуға түседі. Алғашқы қызмет жолын да осы өңірде бастайды. «Әкеміз қызметін жалғастырып, Жамбыл өңірінде тұра беруіміз бек мүмкін еді. Алайда, ол қатты науқастанып қалды. Сонда әкемнің күнделікті күтімімен айналысатын дәрігер, әзербайжан ұлтының өкілі Юсуп Ахундов: «Хайреке, менің жасым біразға келіп қалды. Көп ұзамай елге қайтатын шығармын. Сенің де туған жеріңе оралғаның дұрыс» деді. Оның не айтып отырғанын бірден түсінген әкем тез арада жиналып, Павлодар қаласына көшіп келді. Бізді бұл жақта генерал Махмет Дүйсенов күтіп алды. Қаланың қақ ортасынан үй берді. Өкінішке қарай, әкем көп ұзамай көз жұмды»,- деп еске алады сол кездерді.
Хайролланың қаралы қазасы Әкімхановтар отбасына үлкен соққы болып тиеді. «Әкесіз бала тұл жетім, анасыз бала шын жетім» демекші, балаларына әке орнына әке, ардақты ана бола білген Зейне апайдың батылдығы, қайсарлығы қазақ әйеліне тән қасиет. Балаларына ақыл-кеңесін айтудан бір тынбайтын ақылшы ананың ұл-қыздары тәрбиелі, иманды болып ер жетеді. Бастысы, Зейне анамыз қазақтың салт-дәстүрін жадында берік ұстайтын ұрпақ қалыптастырды. Хат танымаған, оқымаған ананың рухани байлығына, адами қасиеттеріне қарап, тектінің ұрпағы екенін бірден аңғаруға болатын. «Анам әкемнің тірегі, ақылшысы еді. Себебі, әкеміз үнемі «менің байлығым - сендерсіңдер және мына шешелерің» деп айтып отыратын. Шынында да солай болатын. Анамыз дастарқан басында отырған сайын: «Менің бес саусағым бар. Оның біреуін кесіп, алып тастаса, оғаш көрінеді. Сендер де мен үшін сондай қымбатсыңдар» дейтін. Ата-ананың осы бір ақылы бізді ұйымшылдыққа тәрбиеледі. Өмір болғасын қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Сол кездерде әрдайым бір-бірімізге демеу бола білеміз. Халқымызда «Тәрбие тал бесіктен» деген аталы сөз бар. Бала күнінде көрген тәлім-тәрбиең өле-өлгенше санаңда сақталады. Дуалы ауыз ақсақалдардың «бала жастан үйретіңдер» деп отыратыны осыдан екен ғой»,-дейді ол.
Ел игілігі үшін азды-көпті қызмет атқарған Халел Хайроллаұлы өткен ғасырдың 80-ші жылдары Рымгүл Шайхымбекқызымен шаңырақ көтереді. Ол уақытта бүгінгі қоғамдағы жастар секілді өліп-өшіп сезімін білдіріп, көп ұзамай ажырасып тынатын оспадар әрекеттер некен-саяқ кездесетін. Халел мен Рымгүлдің махаббаты берік болды. Жора-жолдастарына да өнегелі тұстарымен ұнайтын. Айтпақшы, жастардың үйлену тойына Ертіс ауданында бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Эльвира да келеді. «Ол кезде анам тірі еді. Эльвира келді дегенде, қуанғанын көрсеңіз анамыздың. Әпкем сол жиында сөйлеген сөзінде: «Мен екі жылдай Халелдің қасында болдым. Бағып, қақтым. Сондықтан, ол маған қымбат», деген еді. Сол бір қуанышқа толы торқалы той есімнен әлі күнге кетпейді. Қазір Эльвира апамыз бұл өмірде жоқ. Дегенмен, оның бала-шағасымен араласып тұрамыз. Себебі, біз бір шаңырақтың балаларымыз ғой»,- дейді Халел Хайроллаұлы.
Халел мен Рымгүл үш бала тәрбиелеп өсіреді. Үлкені Алтынай Астана қаласында тұрады. Жолдасы Әнуар екеуі Әмина есімді сәбилерін тәрбиелеп отыр. Екеуі де белді қызметте. Ұлы Шаяхмет әскери саланы таңдады. Атасының жолымен жүруді мақсат еткен ол жуырда әке атанды. Халел мен Рымгүл Әкімхановтарға Расул атты немере сыйлаған келіндері Самал - Ертіс ауданынан. Кенжесі Айзия мектепте оқиды. Бүгінгі таңда Павлодар облысы мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы қызметіндегі Халел Хайроллаұлы: «Менің азамат болып қалыптасуыма әке-шешемнің тәрбиесі әсер етті. Оларға шексіз қарыздармын. Сүйікті ата-анама Алла Тағала жар болсын деп дұға тілеймін»,- дейді. Асқаралы алпыс жасқа аяқ басқан ел ағасының мерейтойы құтты болсын дейміз.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
Times New Roman

