Бүгінде тағдырдың тар жол тайғағын кешіп, өмірдің ащы-тұщы дәмін татқан қарияларымыздың арамыздан табылғаны біздер үшін үлкен бақыт. Солардың бірі – адал еңбегімен еліне елеулі, халқына қалаулы бола білген Баянауыл ауданының қадірлі ақсақалы Мазан Мұсаұлы Мусин.
Өңір халқының құрметіне ие болған абзал жан тарих қойнауында мәңгіге сақталған саяси қуғын-сүргін, байларды тәркілеу, аштық сынды небір қиын-қыстау кезеңді бастан өткерді. Осы кезде «Құрыштан құйған құдірет, қарттарым аман-сау жүрші!» деген өлең жолдары еске оралады. Бұл өлең өмірден қанша соққы жесе де, тағдыр тәлкегіне мойымай, болашаққа деген үмітін үзбеген Мазан атамыз сынды қайсар жандарға арналғандай...
Екі ғасырдың куәгері атанған көнекөз қариямыз бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, үбірлі-шүбірлі бала-шағасымен бақытты өмір кешіп жатқан жайы бар.
Мазан қария ертеңгі күні өзінің 90 жылдық мерейтойын да қарсы алмақ. Балаларына асқар тау, замандастарына қадірлі дос атанған ол кісіге қарағанда, тоқсан жастық белесті бағындырды дегенге сенбей де қаласың. «Тіл-аузым тасқа» демекші, Мазан Мұсаұлы әлі тың, жүрісі ширақ, бойын түк ұстап, әлі де талай өнегелі іс атқаратын азамат. «Сүйегі асыл» деген сөз осындай қайратты қарттарға айтылған ғой, сірә... Оның осындай жасқа келгенше, кәрілікті мойындамауы жастайынан ауыр жұмысқа жегіліп, шынығып-ширығуының арқасы екеніне күмәніміз жоқ.
Сөзіме арқау етіп отырған Мазан ақсақал 1922 жылы Ертіс жағасындағы Шәуен атты елді мекенде дүниеге келген. Әкесі Мұса мен оның Шәукен, Нұрғазы есімді ағалары қазан төңкерісінен кейін Керекуге қоныс аударып, тұрақтапты. Өз заманында халық арасында танымал ауқатты азаматтар болған. Олар бес жүзден астам сәйгүлік жылқыларды өсірумен танылыпты. Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың басында Романовтар әулетінің Ресей мемлекетін басқару тағына отырғанына 300 жыл толуына орай болған салтанат кезінде олар Николай патшаға қырық арғымақты сыйға тартып, ақ патша алдында елінің абыройын асқақтатқан. Сол үшін патша үкіметі Ертіс жиегіндегі осы құнарлы жерді оларға берген. Мазан атаның кіндік қаны тамған бұл жер сол кезден бастап Шәукен құмы деп аталып кеткен.
Кеңес өкіметінің билігі қазақ жеріне орнағанан кейін байларды қудалай басталғаны тарихтан мәлім. Осы бір зұлматқа Мұса мен Шәукеннің ұлдары да ілігеді. Сол кезде Мұсаның үш баласы мен жары Жұмагүл сүзек ауруына шалдығып, жарық дүниемен қоштасады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы өледі» дегендей, көретін өмірі бар екен, Мазан аға сол індеттен аман қалады. Жастайынан жетім қалған ол туған нағашысы Әжмұханның қолында тәрбиеленеді. Атамыз ел қатарлы білім алады. Балалық шақпен қоштасып, жастық шаққа бет бұрған мезетте Ұлы Отан соғысы да басталып кетеді. Сөйтіп, 1941 жылы Мазан ата ел қорғау ниетімен майданға аттанады. Қазірдің өзіде ол сұрапыл соғыс кезіндегі Ресейдің Воронеж қаласындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысқан сәттерін «тайға таңба басқандай» айтып бере алады.
- Жан алысып, жан беріскен сұрапыл шайқастың кезекті шабуылына шығарда Қара қыпшақ Қобыландының әруағына сыйынатынмын. Ата-бабаларымның рухы жебеген болар, қаншама қандыкөйлек жолдастарым қаза болған соғыс зардабынан аман-есен қалдым, - деп еске алады қарт жауынгер. Біздің әскер кескілескен ұрыс жүргізе отырып, неміс-фашист басқыншыларын Днепрден әрі асырғанда, үшінші рет жараландым. Бұл 1943 жыл болатын.
Ауыр жараланса да, денсаулығы сыр бергендіктен, танкистерді даярлайтын қысқы курстарға қабылданады. Кейін соғысқа қайта аттанады. Отан қорғау жолында елін қорғаған ерлік көрсеткен батылдығы үшін сол кездегі қолбасшыдан екі мәрте Алғыс хат алады. Ақсақал бұл құжатты көзінің қарашығындай қорғап, қастерлейді. Айта кетерлігі, табиғатынан қайратты Мазан ата Батыстағы сұрапыл шайқасқа қатысып, жорық жолын Шығыстағы Порт-Артур қаласында аяқтайды. Бүгінде екі соғыстың дәмін татқан қарияның омырауында көптеген медальдер жарқырап тұр. 1945 жылы туған жеріне оралады. Көптеген лауазымды қызмет атқарып, туған өңірінің ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлесін қосады. Сонымен қатар, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде аудан еңбеккерлерінің науқандық жұмыстарына атсалысады.
Мазан ата қай жерде қызмет істесе де, шындықты бүкпей, бетке айтатын турашылдығымен, адалдығымен ерекшеленген. Мінезінің осындай қырларының арқасында жұртшылық алдында құрмет-қошеметке, абырой-беделге ие болады.
Сондықтан болар, аудандық партия комитеті оған үлкен сенім артып, аудандық мәдениет бөлімін басқару тізгінін тапсырады. Осы қызметте Мазан Мұсаұлы көптеген игілікті істердің басы-қасында болып, ауыл мәдениетінің жандануына мұрындық болады. Осындай істердің бірі ретінде даңқты жерлесіміз, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы музейдің ашылуын атап өтуге болады. Осы кезде Қазанның 40 жылдығы кеңшарында халық театрының бой көтеруіне де Мазан ағаның еңбегі сіңді. Адал еңбегі еленеді. Ол 1967 жылы Кеңес Одағы мәдениет министрінің мақтау қағазына ие болған. Мазан Мұсаұлы құрметті демалысқа шыққаннан соң, өрелі істерін жалғастыра береді. Он жылдың дересінде аудандағы қоғамдық жұмыстарға бел шеше кірісіп, еңбек етеді.
Бүгінде Мазан Мұсаұлы тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек іспеттес. Тоқсан жасты ауыздықтаған қария құдай қосқан қосағы Сағида апа екеуі жеті бала тәрбиелеп, бесеуін қатарға қосады. «Өткен күнде белгі бар» демекші, ақсақалдың зайыбы Сағида апайды жер қойнауына тапсырғанына 20 жылдың жүзі болыпты. Отбасының ұйытқысы болған сүйікті жарын Мазан ақсақал сағынышпен еске алады. Бүгінде бес баласынан 11 немере, 6 шөбере, 2 жиен, 4 жиеншар көріп, қызығына тоймауда.
- Мен өзімді шын мәнінде бақытты жан деп санаймын. Отан үшін отқа түсіп, қан майданда қас жаумен арыстанша арпалысқанда аман қалып, ұлағатты ұрпақ өсіремін деп ойлаппын ба? Міне, ата-баба аңсаған азаттықтың ақ таңын көрдім. Тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткізген жетістіктерге куә болғаным қарт жүрегімді қуанышқа бөлейді, - дейді ол.
«Төріңнен қарт кетпесін» демекші, Мазан Мұсаұлы сынды қарттарымыз әрқашан аман болғай!
Қайрат САРБАСОВ,
Баянауыл

