Қоян жылы еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін табысты болды. Олай дейтініміз, биыл денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011–2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Аталмыш ауқымды жоба аясында қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға ерекше назар аударылуда. Соның нәтижесінде, Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылы мен Ленин кентінде және Қашыр ауданының Песчан елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, өңірдегі денсаулық сақтау мекемелеріне 172 маман келді.
Аймақ тұрғындарының денсаулығын қамтамасыз ету үшін әрі аурулардың алдын алып, диагностикалау мақсатында 18 жасқа дейінгі балалар, ересек тұрғындар және әйелдер арнайы медициналық бақылаудан өтті. Бұл мақсатқа осы жылы бюджеттен 144,9 млн. теңге бөлінді. Осындай игі істердің арқасында жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім 8%-ға, бас тамырларының зақымдануынан болатын өлім көрсеткіші 23%-ға төмендеді. Соңғы кездері облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінде туа біткен кемістігі бар нәрестелерге операциялар сәтті жасалуда.
Биыл облыс орталығындағы бірқатар емдеу мекемелері ортопедия, травмотология, хирургия және нейрохирургияда қолданылатын жаңа рентген аппараттарымен, басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықты. Осындай озық технология мен білікті мамандардың арқасында үстіміздегі жылы алғаш рет Павлодар қаласындағы №2 қалалық ауруханада жүректе пайда болған ақауды катетерлік окклюдермен жабу тәсілі жүзеге асты. Облыстық диагностикалық орталықта астаналық мамандардың қатысуымен, жатыр миомасы ісігіне шалдыққан павлодарлық әйелдерге пышақсыз әрі жатырын сақтап қалатын қауіпсіз операциялар жасалды. Енді бұл операцияны облыс дәрігерлері өздері жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, биыл аймақаралық кардиохирургиялық орталықтың құрылысы басталды.
Міне, мұның бәрі – облыс тұрғындарының денсаулығы үшін жасалып жатқан жасампаз іс, осы жылдың зор жетістігі.
Нұржайна ШОДЫР.

