«Бергенін емес, берекесін айт» дейтін қазақпыз. Былтырғы 2011 жыл облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің журналистері үшін берекелі һәм жетістікке жетелеген жыл болды. Қоян жылы қай қаламгердің өміріне қандай оқиғалар мен табыстар әкелгенін оқырман қауым әр журналистің жеке жазбасынан біле алады. Сонымен...
ОҚЫРМАНЫМЫЗҒА ЗОР АЛҒЫС!
Өткен жылдың бедері біздің басылым бетінде қал-қадірінше жалпақ жұртқа жария болды. Тәуелсіздіктің мерейлі тойымен ерекшеленген Қоян жылы көптеген игі істер жүзеге асырылды. Жыл бойы жаңа бастамалар, тың жобалар аз болмады. Жаңашылдық біздің басылымға да тән. Ең бастысы - облыстық «Сарыарқа самалы» газеті өңір бойынша оза шауып, апталық таралымы жағынан алдыңғы қатарға орнықты. Бұл - Тәуелсіздігіміздің жемісі, қасиетті тіліміздің арқасы! Оқырман қауымға өз ана тілімізде тарайтын басылымдардың көп болғанынан ұтарымыз мол екені аян. Сондықтан да ақпараттық кеңістікте бәсекеге қабілеттілік таныта отырып, Жаңа Ұлу жылында көптеген жаңа жобаларды өміршең етпек ойымыз бар. Газетіміздің ресми сайты да үлкен сұранысқа ие болуда. Мұның бәрі қазақ тіліне үлкен бетбұрысты байқатса керек. Жігерлі де жалынды жас тілшілеріміз көңілден шығады деп үміттенеміз. Жаңа жыл берекелі болсын, құрметті оқырман! «Сарыарқа самалы» газетін серік еткеніңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!
Асыл ӘБІШЕВ, бас редактор.
ШЫДАМДЫ ШЫҢДЫ БАҒЫНДЫРАДЫ
Осы бір жұлдызнама дейтін де адамды есекдәме етіп әуреге салады. Жыл басында жұлдызшылардың болжамынша, тіршілік кешіп, әр айда осындай жақсылықтар орын алады деп топшылап қойғам. Қайдам, жұлдыз-жорамалдың сандырақ екеніне әр жылды қорытқанда ғана көзім жетеді. Бірақ, жақсылыққа сенгіш басым, енді ұлу жылынан да құр шықпасыма сендіретін жұлдыз-жорамалға қайта көз жүгіртемін. Оған сенсем, ғұмырымның алдағы 366 (!) күнінде сәттілік пен табыс мені көбірек төңіректейді екен, ал сенбейін десем, өз болашағыма күмәнді қарап, жамандық тілеп қайтем. Сонымен көп күттірген 2012 жыл да басталып кетті. Оның қалай болып, қалай қоярын жыл қорытындысында біле жатармын. Ал қазір өткен қоян жылының бергендеріне қысқа шолып өтсем...
Былтыр алғашқы төрт ай бірқалыпты өтіп, жыл соңы солай сұрықсыз өте ме деп қорқып жүргем. Жоқ, мамыр айынан бастап қызметте де, жанұямда да біртіндеп өзгерістер ала бастады. Біздің басылымның интернеттегі бетінде оң өзгеріс болып, алғаш ашылған күнінен арада алты ай өткенде оған кірушілер саны 100 мыңның үстіне бір-ақ шықсын! Орта есеппен күніне екі мың адам бізді ғаламтор арқылы оқиды. Жаңа технологияны меңгеруге тырысқан біздің ұжым үшін бұл мақтануға тұрарлық жайт болды. Себебі, мұндай кірушілер саны кейбір республикалық басылымдарға бұйыра бермейтін жағдай. Бұл енді біздің редакцияның ерен еңбегі еді. Бізді Қазақстан ғана емес, Қытайдағы қандастарымыз, Ресейді қойып, Америка, Канада, Франция, Англияда басқа да толып жатқан мемлекеттерде білім алып жүрген, не болмаса сол жақта тұрып жатқан ағайындарымыз тұрақты оқитын болды. Әрине, кеңірек танылу қай газеттің болсын арманы ғой.
Қасиетті Тәуелсіздік тақырыбы басылымымыздың жыл бойғы басқандарының жартысынан астамын құрады. Осы мерейлі жылы редакция атынан облыстық деңгейде өткен шығармашылық байқауға қатысып, жеңімпаз атануым – барыс жылының екінші жақсылығы деп қабылдадым. Әріптестерімнің көбісі осы жылы өз жетістіктерімен танылып, ұжымды қуанышқа бөледі.
Ал қоян жылының ерекше сыйлығы – отбасымда Мөлдір атты сәби дүниеге келді. Қыз бала жанұяның құты екен. Қызым өмір есігін ашқан сәттен бастап, үйімде бұрын-соңды болмаған жақсылықтар орын алды.
Отбасындағы жаңалықтар адамды айрықша қуанышты ететіні анық. Оң өзгерістер жұмыстағы жағдайыма да игі әсерін тигізді. Жыл басындағы кейбір түсініспеушіліктер мен келеңсіздіктерді есепке алмағанда, былтырғы жылдың мазмұнды әрі берекелі болғаны қуантады. Бұдан түйгенім: жыл бойы шыдамдылық танытқандар ғана шың басына шыға алады.
Мұрат АЯҒАНОВ, бас редактордың орынбасары.
БИІКТЕН КӨРІНЕЙІК!
Шүкір, 2011 жылы да Алла Тағаланың бұйыртқан несібесі мол болды. Сырғып өткен уақыттың еншісінде кеткен есте қалар сәттер аз емес. Десе де, ең бір олжа салған тұсы – желтоқсан айының 7-сі. Дәл осы күні «Сарыарқа самалы» газетінің шолушысы ретінде Астана қаласында өткен республикалық «Алтын қалам» байқауының жүлдегері атадым. Бұл - ел газеті «Егемен Қазақстан» мен «Еуразия табиғи қорлар корпорациясы» компаниясының өнеркәсіп тақырыбында қалам сілтейтін қазақ тілді журналистер арасында бірлесіп өткізген байқауы.
Әрине, облыстық басылымның атынан үлкен додаларға қатысу, бәйге еншілеу – абырой. Бұл бір қызметкердің емес, тұтас газеттің атын аспандатқан мерейлі іс. Осылай биіктен көрініп жатсақ, кешегі күні басылымда жұмыс істеген мүйізі қарағайдай ағаларымыздың үмітін ақтағанымыз. Жетістігіміз еліктей болып ілескен кейінгі жастардың ынта-құлшынысын ұштап жатса, нұр үстіне нұр.
Республикалық басылымдармен қатар шауып, бәйге алып жатқанымыз «аймақтық газетте қазақ тілде экономика тақырыбы жазыла қоймайды» деген сыңаржақ пікірді оңалта түссе деп те тілейсің.
Парағы енді ашылған жаңа жыл әріптестерімнің қанжығасын майлай түссін!
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, шолушы.
ЖЫЛ ӘКЕЛГЕН ЖЫЛЫ ЛЕП
Қоян жылы Ертістің Павлодар өңірінің түрлі салаларында ауыз толтырып айтарлықтай толайым табыстармен ерекшеленді. Құдайға шүкір, ел өмірінде есте қалар еселі оқиғалардың қарасы қалың. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Қоян жылы аймағымызда көптеген әлеуметтік және экономикалық маңызы бар нысандар бой көтерді. «Сарыарқа самалы» газетінің фототілшісі ретінде халық игілігіне жараған осынау тарихи оқиғалардың арасынан көріндім. Халық арасында жүріп, жұртшылықпен бірге қуандым.
Мен үшін өткен жылдың елеулі, тарихи оқиғалардың бірегейі ретінде абыройымызды асқақтатқан Ақ Азиада ойындарының алар орны ерекше. 2011 жылдың 23-ші қаңтар күнгі кешкі сағат сегізде өңірімізге 7-ші қысқы Азиада ойындарының Алауы мен тасымалданбалы оттығының жеткізілген сәті әлі есімде. Азиада аламанының тарихында алғаш рет ұйымдастырылған еліміздің барлық аймақтарын аралаған Алау эстафетасы облыс орталығына жеткізілді. Павлодар – достық шырағын қабылдап алған он екінші қала болды. Облыс орталығының әуежайындағы дәл осы сәтте шырақты қарсы алған спортшылар мен қала тұрғындарының жүздерінен ескен мақтаныш сезімін ешқашан ұмытпаспын. Еңселі еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған қысқы Азиада ойындарының куәгері болғаныма дән ризамын.
Табалдырығымыздан аттаған Ұлу жылы да осындай оқиғалар көп болғай!
Төлеген НҰРҒАЗЫ, фототілші.
ЕҢБЕГІМНІҢ ЕЛЕНГЕНІН СЕЗІНДІМ
Барша қазақстандық үшін өткен жыл – жетістіктерге, жақсылықтарға толы болды. Өйткені, ел болып, тұғырлы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өттік. Жұдырықтай жүрегі «елім» деп соққан адам үшін бұдан асқан қандай маңызды оқиға болуы мүмкін?..
Иә, ойлап қарасам, қоян жылы ел үшін ғана емес, мен үшін де игі істерге толы болыпты. Себебі, газет оқырмандарының денсаулығы үшін «Денсаулық+» жобасын жүргіздім, балалардың ой-өрісін, шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында «Айналайын» қосымшасының атынан байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырдым. Осының бәрі – біздің сүйікті оқырмандарымыз үшін жасалып жатқан жұмыс.
Журналист қоғам қайраткері болғандықтан, ол тек мақала жазып немесе бағдарлама жүргізумен шектелмеуі тиіс. Сондай-ақ, қоғамның дамуы үшін де өзіндік үлес қоса білгені жөн деп ойлаймын. Бұл ретте, біздің басылымның көтерген жүгі салмақты. Сонымен қатар, өткен жылы бірлі-жарым марапаттауларға, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болдым. Қызметім де бір саты өсіп, тілшіден шолушы қатарына көтерілдім. Бұл – аз болса да еңбегіміздің еленгенінің белгісі деп білемін.
Ал отбасы жағдайыма келер болсам, былтыр күзде баламның тұңғышы мектеп табалдырығын аттады. Әрбір ана үшін бауыр еті баласының қызығын көруден үлкен бақыт жоқ шығар, сірә!
Осылайша, бір жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Есігімізден енді ғана кірген ұлу жылы барша адамзат баласына бақыт әкелсін деп тілеймін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін, бірлігіміз берекелі болғай!
Нұржайна ШОДЫР, шолушы.
ТАРИХИ СӘТТІҢ КУӘСІ БОЛДЫМ
Міне, 2012 жылға да аяқ бастық. Шүкір. Өткен жылға реніш жоқ. Ең бастысы – бас аман, бауыр-бүтін.
Қарап тұрсам, мен үшін қоян жылы бір қалыпта өткен сияқты. Күнделікті жұмыс, күйбең тірлікпен жүріп, бір жылдың қалай өтіп кеткендігін де байқамай қалғандаймын. Сондықтан болар, алғашында не жазарымды білмей біраз отырдым. Қарашаңырақ, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде еңбек еткеніме төрт жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында көптеген кейіпкерлер жайында қалам тербеп, оларды сіздермен, оқырмандармен қауыштырдым. Бірақ, өзім туралы алғаш жазып отырмын. Ендеше, Қасым Аманжоловша айтқанда, өзге емес, өзім айтайын өз жайымды.
Шығармашылық тұрғыдан алғанда есте қаларлық елеулі оқиғалар да болды. Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылдандым. Өмірлік жолы ретінде журналистика саласын таңдаған әрбір азамат үшін аса маңызды оқиға. Жауапкершілік еселене түсті.
2011 жыл – қазақ халқы үшін қастерлі жыл болғандығы белгілі. Қастерлісі сол, жиырма жылдық Тәуелсіздігімізді қорытындыладық. Осы орайда, ел өміріндегі тарихи сәт – елорда төрінде өткен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанаттың куәсі болғаныма мақтанамын. Редакция жолдамасымен Астана қаласындағы мерейтойлық шаралардан хабар тарату мүмкіндігіне ие болдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиын, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ашылуы, «Астана-Арена» стадионындағы думанды шоу-бағдарламасы сияқты шараларда болып, ұмытылмас әсер алдым. Айтып жеткізудің өзі қиын. Бұл қуанышты сәттің өмір бойы есімде жатталып қалары сөзсіз.
Ұлу жылынан ұлы істер күтеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Данияр ЖҰМАДІЛОВ, тілші.
ЕЛ АҒАЛАРЫНАН БАТА АЛДЫМ
Елеулі оқиғалар мен маңызды мерейтойлармен ерекшеленген 2011 жыл жеке басым үшін жаман болмады. Алдымен, Астана мен Алматы қалаларында өткен 7-ші қысқы Азиада ойындарына тілші ретінде қатыстым. Елордасы Астанадан бір жұма бойы павлодарлықтар үшін тікелей желіде ғаламтор арқылы хабар беріп отырдым. Бұл менің өмірімдегі маңызды әрі ерекше жауапкершілік жүктелген сәт еді. Азиада ойындарынан ерекше әсермен оралдым.
Өткен жылы Павлодар облысының қазақ тілді үздік спорт журналисті атандым. Бұл да - мен үшін үлкен жетістік. Журналистік қызметтің арқасында Ресейдің Омбы қаласында іс-сапармен болып қайттым. Ол жердегі қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен танысу менің асқақ арманыма қанат бітіргендей болды. Ел көріп, жер аралау кез келген тілшінің мақсаты, сүйікті ісі екені анық. Әлемнің түкпір-түкпірін аралап, ол жақтан танымдық әрі қызықты материалдар ұйымдастырсам арман бар ма?!
2011 жылы ерекше есте қалған оқиға – Елбасының біздің өңірге жасаған жұмыс сапарында онымен еріп жүруім болды. Редакция басшылығы маған сеніп тапсырған жұмысты өз деңгейінде орындадым деп есептеймін. Нұрсұлтан Әбішұлының жүзін алғашқы рет Азиада ойындарының ашылу салтанатында өз көзіммен көрсем, осы жолы дәл қасында тұрып сұхбат алдық. Бұл – біреулер үшін ұсақ-түйек дүние болып көрінгенімен, мен үшін есте қаларлық тарихи оқиға.
Осы жылы елімізге белгілі ақын-жазушылармен жүздесіп, пікірлестім. Атап айтар болсам, Қойшығара Салғараұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Төлен Әбдіков, Әлібек Асқаров, Тұрсын Жұртбай секілді ел ағаларынан бата алдым.
Жеке басымда да ірілі-ұсақты оқиғалар орын алды. Алла қаласа, биылғы жыл мен үшін табысты болады деп ойлаймын. Себебі, бірқатар қуанышты күндер күтіп тұр. Жұмысымда жаңа міндеттер, жоспарлар жүктелді. Алла Тағала қүш-қуат беріп, қуаныштан айырмасын деп тілейік.
Фархат ӘМІРЕНОВ, тілші.
КӨРЕРІМ - КӨЛДЕЙ, СЕЗЕРІМ - СЕЛДЕЙ...
Өткен 2011 жылдың наурызында ғана ғасырға жуық тарихты еңсерген қарашаңыраққа қызметке тұрған едім. Бала кезден қолымызда жүрген «Сарыарқа самалы» газетінде жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды.
Ескі жылды есіркеп шығарып жатқанда өзімізге есеп беріп отыруымыз заңды. Аз да болса, бала күнгі арманым, қиын да қызықты журналистік өмірдің дәмін татқандаймын. Жазушы Шерхан Мұртаза: «Журналшы да нар түйе секілді. Арқалағаны – алтын, жегені - тікен» деген екен. Сол тікен қара нардың бойына қуат беретіні, өркешіне қоң жинайтыны секілді қиындық пен қызыққа кезіге отырып, біз де рухани әлемімізді байыта, кемелдендіре түсеріміз хақ.
Алғаш қызметке келген сәттен бастап мақала атаулының жан дүниесін зерттеп, зерделеп, түсіне бастадым. Әртүрлі деңгейлі іс-сапарларға шығып журналист болудың, сол атауға лайық болудың жауапкершілігін сезіндім. Қазақ тарихына із тастаған тұлғалар қызмет еткен шаңырақтың атынан қырық мыңдай оқырманға мақала ұсынудың жүгі оңай болмайтындығына көз жетті. Бұл ретте, әрине қамқоршы ағалардың, алдыңғы буынның қолдауынсыз көсілу мүмкін емес еді. Игі ісімізге қуанып, кемшілігімізді көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеген бүкіл ұжымның орны ерекше. Менің де талаптана ұмтылған қызмет жолымда ағалар «бәрекелдісін» аяп қалмады. Бұл үшін, әрине, зор алғыс!
Қызметте жүріп бірнеше облыстық ақындар мүшәйрасына қатысып, жүлдегер атануымның сәті түсті. Алдағы шығармашылық екпініме бұл да болса серпін әкелгендей.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» екенін ғұламалар айтып кеткен. Журналист те елінің, жұртының жанашыры, жақыны болуы керек деп білемін. Алдағы уақытта да қызмет барысында мәртебелі де мәрт, өрелі ЖУРНАЛИСТ деген атауға лайық болуға талпынамын.
Кемеңгер Абай соңғы қарасөзінде: «Адамшылықтың алды - махаббат, ғаділәт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ... Бұл ғаділәт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деген екен. Сол секілді, менің де көрерім - көлдей, сезерім - селдей, түсінерім - теңіздей екені хақ. Жаңа 2012 жыл да соған жазсын!
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
тілші.
ЕСТЕН КЕТПЕС ОҚИҒАЛАР КӨП
Әр жылмен қоштасарда «Бұл жыл маған не берді?» деген сауалға жауап іздейтініміз рас. Мен үшін Қоян жылы шығармашылық ізденіске толы алғашқы кезең болды. Осы жыл тұтастай журналистік еңбек жолымды бастаған газеттегі шығармашылық жұмысқа арналды деп ауыз толтырып айта аламын. Бәлкім, басты жетістігім осы болар... Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық меретойымен ерекшеленген 2011 жыл мен үшін естен кетпес сәттерге толы болды. Ел мерейін асырған игі істер мен оқиғалардың басы-қасында жүргенімнің өзін тағдырдың маған дарытқан сыйы деп білемін. Өткен жылдың айшықты оқиғаларының бірі ретінде Астана қаласында журналистерге арналған «Халықтық ІРО» атты оқыту семинарына қатысқанымды ойып айтар едім. Еліміздің бетке ұстар баспасөз құралдарының ішінен табылып, әріптестерімнен аз-кем тәжірибе алмасқаныма қуаныштымын.
Журналистиканың қайнаған ортасына түскеннен кейін оның тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғамға ықпал ететін құдыретті өнер екеніне көзім жетті. Сонымен қатар, төзімділік пен еңбекқорлықты, жан-жақтылықты талап ететінін баспасөздегі шығармашылық жұмыс өз алдыма көп мақсаттарды қоюыма сеп болды. Бір сөзбен айтқанда, «Сарыарқа самалындағы» шығармашылық қазанында қайнасып жатқан ұжымның бір бөлігі болғаныма дән ризамын. Жаңа жылда әріптестерімнен үлгі алып, кәсіби шеберлігім еселене түсетініне сенімім мол.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА, тілші.

