АҚЫЛМАН АҚСАҚАЛ Оразалы Жүсіпұлы – 80 жаста!

Бүгінде сексен жасты еңсеріп отырған Оразалы Қақамбетов зұлмат жылдардың жаңғырығын сезінген жан. 1931 жылы дүниеге келген ол - ұлы аштықтың ызғарын, 1941-45 жылдардағы қырғын соғыстың дүрбелеңін көрген тұлға. Өмірге адам             болып келу бір бөлек те, тұлға болып қалыптасу бір басқа. «Тұлға» деген ауқымы кең ұғымға екінің бірі лайық бола бермейді. Бір анығы, бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері Оразалы аға - нағыз тұлға болып қалыптасып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді мақсат             тұтқан ақылман ақсақал. Оның облысымыз, еліміз үшін сіңірген ерен еңбегі қатпарлы тарихымызда сайрап жатыр.  Оразалы ақсақал осындай жан.

Aлтай өлкесінде дүние есігін ашқанымен, оның балалық шағы     Ертістің бойындағы Кереку өңірінде өтеді. Осы жерде ер жетіп, қанаты қатаяды. Білімге жастайынан құмар Оразалы Павлодар қаласындағы Абай атындағы №10 орта мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Асқақ арман жетегіндегі жеткіншек білімі мен жігерінің, намысы мен өршілдігінің арқасында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанады. Оразалы Жүсіпұлы студенттік кезінде-ақ көпшіліктің  көзіне жиі түседі. Білім ошағындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қатарластарының алды болады. «ҚазМУ-ге оқуға түсу - білім қуған әрбір жастың арманы. Сол кездегі ағалар «еліміздегі белді білім ордасында оқитын студенттердің бағы бес елі» деп әзілдейтін. Шынында да солай еді», деп еске алады студенттік шақтың тәтті сәттерін.
-Университетті тәмамдаған студенттерді арнайы жолдамамен түрлі қызметтерге жолдайды. Мені сол кездегі Павлодар облысы, Каганович ауданы (қазіргі Ақсу ауданы) Ленин ауылындағы орта мектептің директорының орынбасары етіп тағайындады. Шыны керек, мұндай ұсынысты күтпеп едім. Дегенмен, университетте алған білімімді дәлелдеп, ұйымдастырушылық қабілетімді танытатын тамаша мүмкіндік туғанын түсіндім. Араға бір жыл салып, Потанин совхозындағы орта мектептің директоры қызметіне ауыстырды. Осы кезде Кеңес одағындағы мектеп-интернаттарының саны мен сапасын арттыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе болатын. Осыған орай Қалқамантұз ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды. Мені осы мекеме құрылысының басшысы әрі директоры етіп тағайындады. Бұл да маған артылған сенім  еді. Маңызды әрі ауқымды жұмыстарға араласып жатқан маған сол кездегі ауданның бірінші басшылары Г.Никифоров, А.Омаров, Д.Асанов, М.Қайырбаев, Х.Демесінов және А.Святов секілді ел ағалары қолдау көрсетіп, жол сілтеді. Аталған жандардың арқасында дұрыс бағыттарды таңдай білдім. Сол уақытта Павлодар облысының атқару комитетінің төрағасы Жақыпбек Жанғазин мектеп-интернаттарының құрылысын жіті қадағалап отырды. Оның арқасында, біздің өңірдегі мектеп-интернаттарды салу мәселесі жедел шешімін тауып отыратын - дейді Оразалы Жүсіпұлы.
Қалқаман ауылындағы мектеп-интернаты директоры Оразалы Қақамбетов тыл еңбеккерлерінің, Ертістің Кереку өңіріне Одақтың түкпір-түкпірінен келген құрылысшылардың және басқа да мамандардың балаларын оқытады, оларға саналы тәрбие берді. Ал біздің өңірге ат басын бұрған мамандар Ертіс-Қарағанды каналының, Ақсу ферроқорытпа зауытының, ГРЭС-тің және тұрғын үйлердің құрылысымен айналысады.
Оразалы аға Қалқаман ауылындағы мектеп-интернатында жұмыс атқарған жылдарды ерекше толғаныспен еске алады. Ол осы жерде жаңа өмірдің алғашқы баспалдақтарын аттайды. «Тұрғындар қолданатын ауызсу темір жолдың бойында орналасқан. Ауызсуды үлкен ыдыстарға толтырып, Қалқаман ауылынан Пограничник ауылы арқылы жеткізеді. Ал Қалқамантұз - Сольветка ауылына су таситын арнайы машиналармен әр тұрғынның үйіне әкеліп береді. Бұл - сол кездегі ірі проблемалардың бірі еді. «Қалауын тапсаң, қар жанар» дейді ғой бабаларымыз. Оның да шешімін таптық. Егістік алқаптарын тазалау жұмыстарымен айналысатын әскери машиналарды өзімізге қалдырдық. Соның арқасында аталған мәселе оң шешімін тапты. Одан кейін көріктендіру жұмыстары басталды. Ақсу қаласындағы әйгілі Барановский бақшасынан түрлі көшеттер әкелінді. Әсіресе, көшет отырғызу жұмыстарымен балалар шұғылданды. Олар егілген ағаштарды үнемі күтіп ұстайтын, гүлдер отырғызатын. Мектептің айналасы жасыл желекке айналды. Бұл бір жағынан бірлігіміздің арқасында қол жеткізген басты табысымыз болса, екінші жағынан, жас балаларды еңбекке тәрбиелеудің тиімді жолы еді. Ол кезде бала тәрбиесіне баса назар бөлінетін»,- дейді ақсақал.
1971 жылы Оразалы Жүсіпұлы Ермак қалалық партия комитетінің хатшысы, артынша екінші хатшы болып сайланады. 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. «Мен он жылдай Ермак қалалық партия комитетінің І хатшысы Аркадий Малышкинмен тізе қосып, жұмыс істедім. Оның маған деген ыстық ықыласын ерекше сезіндім. Сондай-ақ, Ақсу қаласының дамуына айрықша үлес қосқан соғыс ардагері, қалалық атқару комитетінің төрағасы Б.Ағымбетовтен көп нәрсені үйрендім. Аз уақыт ішінде қаламыз жайнап, құлпырып сала берді. Мәдениет үйлері мен мектептердің саны артты. Дәріханалар, емханалар бой көтере бастады. Бір сөзбен айтқанда, Ақсу қаласы менің көз алдымда өсіп, өркендеді. Шаһардың көркеюіне өз үлесімді қосқаным үшін мақтанамын», - деп ағынан жарылды О.Қақамбетов.
Сексен жастағы Оразалы ақсақал Т.Топильский, В.Гольбрах, С.Данский, К.Шабанбаев, П.Добрев, В.Невтисова, М.Новиков, Е.Азаров секілді облысқа белгілі жандармен бірге қызмет атқарғанын мақтан тұтады. Себебі, аталған адамдар өзіндік қасиеттерімен ерекшеленетін. ХХ ғасырдың 80 жылдары Ақсу қаласы еліміздегі энергетикасы мен металлургиясының көшбасшысына айналды. Міне, аталған жетістікке жоғарыда есімдері аталып өткен жандардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Айналасындағыларға көмек қолын созып,             мұң-мұқтажына құлақ асып жүретін Оразалы Жүсіпұлын жұртшылық ерекше құрметтейтін. Оның ұйымдастырушылық қасиеттеріне тәнті болатын.
Оразалы Жүсіпұлы Павлодар облысының әлеуметтік, экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Облыс алдында сіңірген еңбегі» медалімен марапатталған. Ақсу қаласын дамыту жолында атқарған игі бастамалары мен жемісті жұмыстары үшін Ақсу қаласының Құрметті азаматы атанды. Зайыбы Нұраш Әшімқызымен бала өсіріп, немере, шөберелерін тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Ұрпақтары атасы мен әжесінің өнегелі өмірімен мақтанады. Сексен жасқа толып отырған Оразалы ақсақалдың өмірлік белестері - тұнып тұрған тарих. Өлкенің өткен-кеткен тарихын жаңылмай жатқа айтқанда ерекше сүйіспеншілікпен құлақ асасың. Ұрпағына ұлы істерімен есте қалған тұлғаны мерейтойымен құттықтаймыз!
Фархат ӘМІРЕНОВ.
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31