Жақында Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылының жұртшылығы біраз уақыттан бері ауызсу жетіспеушілігіне байланысты қиындық көріп келе жатқандығын айтып редакциямызға хабарласқан болатын. Бүгінде елді мекенде 250–ге жуық отбасы тұрады. «Бірнеше ай болды ауылымыздағы екі кешенді блок модулінің (КБМ) біреуі ғана жұмыс істейді. Ал оның суы біз үшін аздық етуде. Сонымен қоса, аққан су қысымының төмендігіне байланысты ұзын-сонар кезекке тұрамыз. Тіпті, кейде үйге бос ыдыспен қайтатын кездер де болады. Әрі судың сапасына да көңіліміз толмайды. Осы мәселені тезірек шешуге көмектессеңіздер екен», - дейді тұрғындар.
Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Алғабас ауылының әкімі Асхат Әнуарбековке хабарластық. Ол:
- Өткен жылдың қарашасынан бастап ауылдағы КБМ-нің бірі құбырлардың тозып және жабдықтардың ескіруіне байланысты істен шығып қалған. Бүгінде жұмыс істеп тұрған бір қондырғы күніне халыққа 4 мың литр ауызсу береді. Тек, демалыс күндері ғана ауызсу бәріне бірдей жетпей қалады. Себебі, жұртшылықтың тұтыну көлемі артады. Біз бұл мәселемен өткен жылдың соңынан бері айналысып келеміз. Істен шыққан КБМ-ді қалпына келтіру жұмыстары үшін Ақсу қалалық бюджетінен 3 миллион 277 мың теңге бөлінген, оның 2 миллион 300 мыңы қажетті құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады. Ал қалған қаражат құрылғыларды орнату мен жөндеу жұмыстарына бағытталады» - деп жауап берді. Ауыл басшысы наурыз айының соңына дейін барлық жөндеу жұмыстары аяқталып, ауызсу жеткілікті болатындығына уәде берді. Ал оған дейін сумен толық қамтудың жолы болмай тұрғанын айтқан А.Әнуарбеков, қазіргі жұмыс істеп тұрған КБМ соңғы рет қашан жөндеу көріп, тазартылғанынан хабарсыз екендігін де жеткізді.
Сөйтіп, көктемге дейін Алғабас тұрғындарына ауызсуды үнемдей тұруға тура келіп тұр. Оған дейін, қолдағы жалғыз қондырғы істен шығып қалмаса жарар еді...
Біз аталған мәселе төңірегінде алдағы уақытта да өзгерістер болып жатса оқырмандарды хабардар ететін боламыз.
Жарқынбек АМАНТАЙ.

