«Сарыарқа самалы» газетінің 24 қаңтар, сейсенбі күнгі нөмірінде жарық көрген Нұрбол Жайықбаевтың «Оқшау ой» айдарында «Қазақ мультфильмі қайдасың?» деген мақаласы өзекті мәселені көтерген. Осыған орай, мен де өз пікірімді білдіруді ұйғардым. Жақында ғана бір ағайынның үйінде қонақта болған едім. Немерелері жайлы тамсана әңгімелеп отырған қарт әже 3-4 жасар немересі жайлы: «Осы уақытқа дейін менің жанымда ертегілерді тыңдап жатып, ертеңінде сол қалпы қайталап айтып беретін. Тіпті, Алпамысты жатқа айтатын. Қазір мынау теледидар деген бәле болды. Ұйқыдан тұра сала осыған жүгіреді. Ертегі тыңдайық десем пысқырып та қарамайды», - деді күліп. Алайда, мен үшін бұл көрініс аянышты болды. Кәрі әженің ертегісі мен тілі қазақы болғанымен, қайдағы бір жат өмірге деген менталитеті басым, түсінігі бөтен мультфильмнің берері екі басқа екені анық. Әрі теледидардың басқару пультін қолына алған балалар тек қана қазақ тілді мультфильм көрмесі анық. Осы уақытқа дейін Батыстан жақсы қасиет келген емес дер едім. Біреудің мұңына ортақтаспау, өзіңе қатысы болмаған жайтқа өліп бара жатса да көмектеспеу, үлкендерге деген ізет, құрметтің жоғалуы сынды жаман әдеттер қайдан келді?.. Мұның бәрі - қазақы тәрбиенің аздығы, ұлттық нәрден сусындамағандықтың көрінісі.
Ал ұлттық танымға сәйкес туындылардың қажет екендігін Н.Жайықбаев өз кезегінде орынды атап өтті. Атақты батыр Бауыржан Момышұлы: «...Бесік жырын айта алмайтын анадан қорқамын...» деген екен. Бесіктен белі шықпаған сәбилеріміз «Бэтмен» болам деп жүріп бетімен кетіп қалмасыншы!
Бақытбек ЗАЙМОЛДА,
Павлодар қаласының тұрғыны.

