Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» Павлодар облыстық орталығында біршама жұмыстар жүзеге асырылды.
Орталықтың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі артып келеді. Бүгінде онда 7 кабинет бар, оның екеуі - оқу бөлмелері. Олар әдістемелік электронды оқулықтармен, түрлі сөздіктер және аудио-бейне материалдармен толық қамтылған.
Атап айтар болсақ, аталмыш орталық өткен жылы мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту курс-семинарларын өткізуге 25 мекемемен (7-аумақтық, 12-жергілікті, 3 ЖШС) келісімшарт жасасып, соның негізінде 73 топ бойынша 828 адам оқытылды. Тыңдаушылар арнайы сертификаттарға ие болды.
Орталық құрылған 2005 жылдан бері 7042 адам қазақ тілі курсынан өтті. 2011 жылы мұнда екі апталық курстар, іс-жүргізушілер мен аудармашыларға арналған «Мемлекеттік тілде оңтайлы іс жүргізу», «Аударма мәдениеті мен ресми құжат сауаттылығы» тақырыптарында семинарлар ұйымдастырылды.
«Ана тілі» орталығының оқытушылары тіл үйренушілерді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бекітілген мемлекеттік қызметшілерге арналған жеделдете оқытудың үш деңгейлік оқыту бағдарламалары бойынша оқытады.
Орталықта оқытудың бірнеше түрі қарастырылған. Яғни: топпен, жеке және тегін оқыту. Оқытудың сапасын басты мақсат еткен оқыту-әдістемелік бірлестік жұмысы оң жолға қойылған. 2011 жылы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2013 жылдарға арналған облыстық бағдарламасы шеңберінде Павлодар, Успен, Шарбақты аудандарынан 250, Ақсу қаласынан 100 адам қазақ тілінен тегін дәріс алды. Сол секілді, 3 ЖШС-нің 27 қызметкері, 1 жеке тіл үйренушімен шарт жасалды. Жалпы, облыс бойынша қазақ тілі курсынан былтыр 400 мемлекеттік қызметкер өтті.
Бүгінде жүзеге асқан тыңғылықты істерді атап өтпеске болмас. Солардың бірі ретінде Қазақстан халықтары тілдерінің XIII республикалық фестивалі шеңберінде орталықта өзге ұлт жастарының қатысуымен «Тіл-дарын» клубы ашылды. Сол секілді, мемлекеттк тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік тілді телеарналарда жарнамалау, түрлі ойындар арқылы насихаттау негізінде аймақтық жастар қоғамдық бірлестіктерімен келісімшарттар жасалған. Тұрақты түрде тілге байланысты байқаулар өткізіліп келеді.
Ал ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Ғасырлар жырлайды» атты облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Оған өңірімізден 16 ақын қатысып, бақ сынасты. Сондай-ақ, «Мақсатым – тіл ұстартып өнер шашпақ» атты Абай өлеңдерін оқу, Оралхан Бөкей оқулары сынды ірі шаралар тұрақты өткізіліп келеді.
«Ана тілі» орталығында түрлі аударма жұмыстары да тыңғылықты қолға алынған. Қазіргі уақытта орталықпен келісімшартқа отырып, тұрақты негізде аударма жасататын мекемелер мен ұйымдар бар және олардың саны күннен-күнге арта түсуде. Бүгінге дейін қомақты істер атқарып келе жатқан облыстық «Ана тілі» оқу-әдістемелік орталығы алдағы уақытта да тілдерді дамытуға өз үлесін қоса бермек.
Зәуре МӘМБЕТОВА,
«Ана тілі» орталығының директоры.

