Бұдан біраз уақыт бұрын павлодарлық жұмыс беруші кәсіпкерлер облыс әкімі Ерлан Арынға облыс орталығындағы солтүстік өнеркәсіптік аймаққа қоғамдық автобустар қатынамайтыны туралы мәселені жеткізген еді. Енді, міне, Ерлан Мұхтарұлының тапсырмасы бойынша Павлодар қаласында №401 жаңа автобус бағыты енгізіліп отыр. Аталмыш бағытта жолаушы тасымалдау қызметі 8 ақпаннан бастап көрсетіледі. Барлығы 15 шағын автобус жүреді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі М.Асылбековтың мәлімдеуінше, №401 бағытындғы автобустар Саяжай шағын ауданынан шығып, одан әрі Қамзин көшесінің бойымен жүреді. Одан соң Жаяу Мұса, Парковая көшелері бойындағы және «Облыстық жүйке аурулары диспансері» аялдамаларына тоқтап, Усолка шағын ауданы арқылы өтеді. Трамвай басқармасы жанындағы өтпе жолдан кейін маршрут екі бағыт бойынша жүреді. Біріншісінде №4 солтүстік өнеркәсіп аймағының жолдарымен 6679 әскери бөліміне дейін жүреді, екінші бағыты – №4 автожолдары арқылы 5512 әскери бөлімінен асып, соңғы аялдама - «Павлодар» сервистік-дайындау орталығына дейін барады.
Жалпы, бағыттың жүру ұзақтығы - 20 шақырымды құрайды. Қозғалыс уақыты 7.00-ден 20.30-ға дейін, автобустардың жүру жиілігі 10-20 минутты құрайды. Аталмыш бағыт бойынша жолаушы тасымалын жетілдіру барысында қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін. Екі ай бойы бұл бағытта «Оптимист» қоғамдық бірлестігі қызмет көрсетеді. Кейін тасымалдаушы кәсіпорынды анықтау үшін тендер өткізіледі.
Өз тілшіміз.

