Құрметті оқырмандар! Редакциямызға Сіздерден күнделікті түсіп жататын хаттардың басым бөлігі белгілі бір мәселеге, көпшілікті толғандыратын сұрақтарға қатысты өріледі. Сіздердің тілек-ұсыныстарыңызды ескере отырып, газетімізде «Сауал – сізден, жауап - бізден» атты сұрақ-жауап айдарын жандандырдық. Көкейде жүрген сауалдарыңызға жауап іздесеңіздер, осы айдарға жолдаңыздар. Толғандырған мәселеге қатысты әр саланың мамандары, сарапшылар жауап береді.
Таяуда біреулер малымды ұрлап кетті. Іздестіру нәтижесінде сиырым табылды. Сұрайын дегенім, заң жүзінде маған тигізілген зиянның орнын толтыру қарастырылған ба?
Әсима ҚАРМАНОВА,
Май ауданының тұрғыны.
Ерлан ЖІГІТОВ, заңгер:
- Бұл жағдайда тигізілген моральдық зиянның орнын толтыру ҚР Азаматтық Кодексі бойынша қарастырылады. Ол үшін азаматтық істер бойынша сотқа өтініш жазып, келтірілген зиян көлемін өзіңіз анықтау керексіз.
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтер сатып алу үшін «Бастау» тарифтік бағдарламасы бойынша келісімшарт жасап, қаражат жинастырмақпын. Жалпы, келісімшартты бұзу қажеттілігі туындап жатса, жиналған қаражат қайтарыла ма?
Маржан АЙТҚОЖИНА,
Павлодар қаласы.
Толқын НҰРМАХИН, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Павлодар облыстық филиалының маманы:
- Клиент банкпен жасалған келісімшартты бұзу құқығына ие. Өз қаражатыңызды қайтарып алғыңыз келсе, банктің кез-келген бөлімшесіне барып, өтініш жазу керек. Ақшаңызды өтінішіңіз қаралғаннан кейін бес жұмыс күнінің ішінде алуға болады. Бірақ, бір ескеретін жағдай бар. Жасалған келісімшарт бойынша бес жылдан астам қаражат жинақтаған жағдайда мемлекеттік сыйақы сақталады. Ал аталған мерзімнен аз уақыт өтсе, мемлекеттік бюджет тарапынан бөлінген қаражат қайтарылмайды.

