БАЛАҢЫЗ АУЫРМАСЫН ДЕСЕҢІЗ...
Халық қалаулылары дабыл қағуда. Бүгінде ата-аналардың көбі балаларының денсаулығына өздері зиян келтіріп жатыр, дейді депутаттар. Қалай дейсіздер ғой? Жалған медициналық анықтама жасатып, ұл-қыздарын дене шынықтыру сабағынан босатып алатын фактілер жиі кездеседі. Қимыл-қозғалыстың аздығынан және дұрыс тамақтанбау салдарынан әрбір екінші бала түрлі ауру-сырқауға шалдыққан. Ата-ананың балаға деген мұндай «махаббаты» кімге керек?
Бұл - жаңа сайланған Мәжілістің екінші отырысында көтерілген мәселелердің бірі. Жалпы, депутаттардың белсенділігі арта түскенін атап өткен жөн. Орынтақтарына әбден орнығып, жұмыстарына толық кірісе бастаған сыңайлы. Осы аптада өткен мәжілісте олар он екі мәселе қарап, алғашқы заң жобаларын қабылдады. Жиында қызу талқылау болмағанымен, депутаттық сауал жолдағандардың қатары көбейіпті. Ал коммунистер мен ақжолдықтар бұл жолы да үнсіз қалған. Мәжілістің келесі отырыстарына күш жинап жатқан шығар, кім білсін...
СЕНГЕН ҚОЙЫМ СЕН БОЛСАҢ...
Шеніне сеніп, шектен шыққан шенеуніктерге қатысты дау-дамайлар аз болған жоқ. Осы аптада солардың қатары тағы біреуге толықты. Қаржы полициясы еліміздің Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетовтің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бір емес, екі бірдей бап бойынша. Ол қызметтік бабын асыра пайдалану және аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша ұсталған. ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілдерінің мәліметінше, күдікті бүгінде уақытша ұстау абақтысында қамауда. Атап өтерлігі, С.Баймағанбетов комитет төрағалығына өткен жылдың мамыр айында ғана тағайындалған болатын. Оған басшы ретінде жүктелген басты міндет - аталмыш саладағы жемқорлықты жою еді. Бір қызығы, өткен аптада жылдық қорытындыны жария еткен ол пара алғаны үшін қырықтан астам кеденшінің жұмыстан қуылғандығын мәлімдеген. Өзінің де көп ұзамай бұл тізімге қосыларын кім білген?
РАҚЫМШЫЛЫҚТЫҢ «РАХАТЫ»
Біреуге күлкі, біреуге түрпі. Әдетте, құқық қорғаушылар жасырынып жүрген қылмыскерлерді қамауға алу үшін іздестірсе, қызылордалық полицейлер керісінше босату үшін шарқ ұрып жүр. Кезінде «тауып алсақ қамаймыз» деген іздеудегі күдіктілерді енді «рақымшылыққа іліктіңдер, қашпаңдар» деп үгіттеп әлек. Жалпы, аталмыш өңірде жеңіл-желпі тәртіп бұзушылыққа жол беріп, жауапкершіліктен жалтарып жүрген он алты күдікті бар көрінеді. Алайда, олар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай рақымшылыққа ілігіпті. Оған қарамастан, неге екендігі белгісіз, аталған күдіктілер тәртіп сақшыларынан әлі қашып жүр екен. Қызық. Саралап қарасаң, ойға қонымсыз дүние. Ұсталмағаны былай тұрсын, сот шешімі шығарылмаған, яғни заң жүзінде сотталмаған азаматтарға қалай рақымшылық жасауға болады? Түсініксіз. Не дегенмен, күдіктілер жақын күндері ішкі істер органдарына келіп, тиісті арыздарын жазбаса, рақымшылықтан айырылып қалулары мүмкін. Демек, қазір олар құқық қорғаушылардан емес, өз бостандықтарынан қашып жүр.
ЖОЛ ПОЛИЦЕЙІНІҢ ОРНЫНА - БЕЙНЕКАМЕРА
Еліміздің жол полициясы комитеті сау бастарына сақина тілеп алған сияқты. Құзырлы орган «жолда жүру ережелеріне қатысты заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін тұрғындардың кез-келген өтініш-тілегін қабылдаймыз» деп жариялаған болатын. Көп ұзамай бұл бастамаларына өздері де өкінген шығар. «Жол сақшыларына пара беруден шаршадық» деген алматылық жүргізушілер оларды бейне бақылау камераларымен алмастыру қажет деген талап қоюда. Ал Алматы қаласы жол полициясы басқармасының басшылығы бар кінә жүргізушілердің өздерінде екендігін алға тартып отыр. Олардың айтуынша, халық өздері пара ұсынып жол сақшыларын түзу жолдан тайдырады. Әрине, өз қолымен беріп тұрған ақшаны (мейлі ол пара болсын) қалай алмайсың? Керемет логика.
«ДАУДЫҢ БАСЫ - ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ»
Ресей мен Батыс елдері Сирия үшін араздасып қалды. Оған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирия билігін айыптайтын қарарды қабылдауына Қытай мен Ресейдің қарсы шығуы себеп болып отыр. Кеңестің тұрақты мүшелері болып есептелетін аталмыш екі елдің басшылығы бұл қарардың қарсыласушы тараптардың мүдделерін тең дәрежеде қарастырмайтындығын мәлімдеп отыр. Мұның Батыс елдеріне ұнамағандығы анық. Олар Сирия Президенті Башар Асадқа қарсы қысымды күшейтудің басқа жолдарын іздейтіндіктерін мәлімдеуде. АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Сьюзан Райс «Кремль қанішер диктатордың жағына шықты. Бірақ, кейін бұл үшін өкінетін кезі келеді», - деп салған. Ал солтүстік көршіміздің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыс лидерлерінің айыптауларын долылыққа теңеп отыр. Оның айтуынша, мұндай мәселеде ашуға бой алдыруға болмайды. Алайда, халыққа мұны түсіндіру қиын. Түркия, Ливия сияқты көптеген елдерде тұрғындар Ресей елшіліктеріне шабуыл жасады. Енді ресейлік билік бұл мәселенің тез арада шешілуіне мүдделі болып отыр.
Осы аптада С.Лавров Сирияда болып ел Президентімен жүздесті. Бұдан кейін Ресей дипломаты Башар Асадтың елдегі барлық саяси күштермен диалог жүргізуге дайын екендігін және жаңа конституция бойынша референдум өтетін мерзімді жариялайтындығын мәлімдеді. Президенттің отставкаға кетуімен қатар, Сирия билігінің қарсыластары дәл осы негізгі заңды өзгертуді талап еткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, сириялық қарсы күштердің Башар Асадты тақтан тайдыру жолындағы әрекеттері қарулы қақтығыстарға ұласуда. Қаза тапқандар саны күн санап артып келеді.
Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.
Данияр
ЖҰМАДІЛОВ.

