ЕҢБЕК ЕР АТАНДЫРАДЫ

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, арамызда жас ұрпаққа өнегелі істерімен үлгі болып жүрген алдыңғы толқын абзал ағаларымыз баршылық. Солардың бірі – еңбек ардагері, көптеген марапаттаулар мен медальдардың иегері Балтабай Нәжімиденұлы Нәжімиденов.

Ол 1936 жылы өмірге келді. Балалық шағында дүниені дүрліктірген сұрапыл соғыстың қиын күндерін, кейін жетімдікті басынан өткереді. «Жеті жасымда жан әкемнен айырылдым. Араға екі жыл салып апам Маруая бақилық болды. Бір шаңырақта анам екеуіміз ғана күңіреніп қалдық. Ауылдағылар жесір ана, жетім баладан барын аямады.

Анам он екі құрсақ көтеріпті. Өкінішке қарай, балалары тұрмапты. Ең кенжесі - мен туған соң, кіндігімді балтамен кесіп, «балтадай мықты болсын» деген ниетпен Балтабай деп ат қойыпты. Жастайымнан өмірдің ащы дәмін таттым. Бірақ, кездескен қиындықтарға қасқайып қарсы тұра білдім», - дейді қайсар жан. Оның нағыз ер азаматқа тән осындай өжеттігін байқаған қатарластары: «Балтабайдың өзгелерден айырмашылығы – ішкі күйзеліс-күйінішін, қайғы-мұңын, жан тебіренісін сездіре бермейтін өр мінезді, талапшыл, еңбексүйгіш жан, - деген пікір айтады. Олар айтқандай, Балтабай Нәжімиденұлы еңбекқор ғана емес, оқу-білімге де құштар болып өседі. «Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсем де, ешқашан оқудан, ізденуден қол үзбедім. Алдыма қойғам мақсатқа жету үшін жігерімді жаныдым. Соның арқасында орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономдар дайындайтын факультетіне оқуға түстім. Аталмыш жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, алғашқы еңбек жолымды Май ауданының Чапаев кеңшарында бөлімше агрономы болудан бастадым. Кейін Жалтыр кеңшарында, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном болып қызметімді жалғастырдым. Осылайша, таңдаған мамандығымның қыр-сырын терең түсініп, мол тәжірибе жинап, кейінгілерге ағалық ақыл-кеңес бердім. Еңбегімнің арқасында ел таныды. 1961 жылы ақпан айының 10-ы күні Мәскеудегі «Васхнил» мен ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған одақтық жиналысқа қатысып, республика атынан сөз сөйлеп, өзімше тары өсірудегі тәжірибеммен бөлістім», - дейді Балтабай аға.

Осылайша, іскерлігімен, еңбексүйгіштігімен ел сенімін ақтаған ол 1968 жылдың тамыз айында Баянауыл ауданының Алексеевка ауылына директор болып тағайындалады. Бұған дейін тұралап қалған шаруашылық жаңа басшы келген соң, қайта жанданып, облыста алдыңғы қатарға қосылады. Сөйтіп, 1972 жылы осы ауыл бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанып, Орталық комитет пен министрлер кеңесінің Құрмет белгісімен марапатталды. Сол кезде мұндай награданы облыс көлемінде екі совхоз ғана иеленіпті.

Балтабай Нәжімиденұлы 1975-1978 жылдар аралығында Баянауыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып қызмет етеді. Ал 1978-1980 жылдары Шарбақты аудандық атқару комитетінің төрағасы болып, 1980 жылдың жазында қайтадан жұмыс бабымен Баянауыл өңіріне оралып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. «Баянауыл өңірінде осы 10 жыл ішінде оң өзгерістер мол болды. Әлеуметтік мәселелер шешімін тапты, экономикасы қарқынды дамыды. 1981-1989 жылдары екі рет одақтық социалисттік жарыстың жеңімпазы атанып, орталық комитет пен министрлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталдық. Үш мәрте Қазақстан орталық комитетінің, министрлер кеңесінің ауыспалы туын жеңіп алдық. Он бірінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша Баянауыл ауданы республиканың алтын кітабына жазылды. Өзім Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, басқа да бірнеше медальдармен наградталдым. Осындай жемісті істің нәтижесінде ХІ-ші шақырылған Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайландым.

Ал 1990 жылдың қаңтарында облыс кеңесінің сессиясында облыстық халық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, бұл комитет таратылғанға дейін бір жарым жылдай еңбек еттім. Одан кейін үш жыл бойы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет істедім. 1994 жылдың сәуірінде экология бойынша дербес зейнеткерлікке шығып, өз өтінішіммен «Павлодар-тұқым» агрофирмасының бас директоры болып қызметімді жалғастырдым, - дейді ол. 

Әрдайым өз ісіне жауапкершілікпен, жанындағыларға жанашырлықпен қарайтын Балтабай аға ерен еңбегінің арқасында қаншалықты биік белеске шықса             да, адамгершілік қасиеттерден айнымайды. Оған ауыз толтырып айтарлықтай мысалдар да жетерлік.

Өмірі өнегеге толы Балтабай Нәжімиденұлы туралы 2006 жылы облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жарық көрген «Еңбегін ел таныған» атты мақаланың авторы, ардагер ұстаз Қайрат Әбен онда: «Бір сәтте Бәкең: «Баянауыл жұрты мен үшін қымбат, сен Айман Алдановты, Айтыш Маликов, Балта Мәмбетов, Теміршот Макин сынды асыл азаматтар жайлы менің айтар алғысымды ұмытпа», - деп еді. Шіркін, сыйласқанға не жетсін?! Бәкең -  жақсылардан үйренген азамат. Ол Ермұханбет Айдарғалиев, Жақыпбек Жанғозин, Махмет Қайырбаев, Жаппар Жанбакиндай азаматтарды өмірлік ұстазы санайды.

Бір байқағаным: оның аузы зілсіз, реніші тілсіз, кектенбейді. Өкпесі тез арада ақ пейілге айналып, сабырлы, салмақты қалпын сақтайды. Зайыры, Бәкең мадақ сөзге зәру емес. Бұл – асыра мақтау да, жалған көлгірсу де, артық дәріптеу де емес. Бұл сөз – ерекше тәнті болудан туған, шын көңілден шыққан шынайы ризашылық белгісі», - деген екен.

Осылайша, адамзатқа тән асыл қасиет, адал еңбек, көркем мінезімен көптің құрметіне бөленген Балтабай аға бүгінде жетпіс бес жасқа толса да, егемен елінің өркендеп, өсуі  үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол «Павлодар-тұқым» агрофирмасына басшылық етуде. «Менің қоғамға үзіліссіз қызмет істегеніме 54 жылдай уақыт болыпты. Бұл-бір адамның ғұмыры ғой..», - дейді әңгіме арасында Балтабай Нәжімиденұлы.

Еңбекқорлығының арқасында әлі күнге дейін күш-қуаты сарқылмаған ағамыз - бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты әке, сегіз немере-жиен сүйіп отырған ардақты ата. Оның барлық баласы жоғары білім алып, әр салада абыройлы қызмет етуде.  Ал немерелерінің алды оқуын бітіріп, қызметке орналасса, өзгелері Алматы, Ресейдің Мәскеу, Новосібір қалаларында, Чехия елінде заман талабына сай білім алуда екен.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы отасып келе жатқан жан жары Сара Мақатқызы - педагогика саласында 40 жылға жуық еңбек еткен ұлағатты ұстаз, немерелеріне сүйікті әже.

Міне, өмірдің бар қиындығын жеңе білген қайсар азаматтың жүріп өткен бұл ізі – баршамызға үлгі боларлықтай.

Әке бақыты деген, осы шығар, сірә!

Н.ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29