Елбасы биылғы Жолдауында спорт саласы бойынша атқарушы билік өкілдеріне «спорт нысандары қарапайым халық үшін қолжетімді болуы керек» деген тапсырма берді. Орынды-ақ. Себебі, соңғы жылдары елімізде көптеген спорт кешендері бой көтерді. Тіпті, ауылды елді мекендерде де салауатты өмір салтын ұстануға барлық мүмкіндік жасалуда. Алдағы уақытта да бірқатар заманауи спорт ғимараттары салынады деп жоспарлануда. Ал олардың игілігін ең алдымен қарапайым тұрғындар көруі тиіс.
Қысқы спорт түрін қарқынды дамыту – аймағымыздағы басым бағыттардың бірі. Бұл ретте, Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі шаһарға қарасты мөлтек аудандар мен жергілікті елді мекендер тұрғындарының барлық топтары арасында нәтижелі жұмыс жасауда. Бөлім қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыруды басты міндет етіп қойып отыр.
- Бүгінде павлодарлықтар коньки корттары мен шаңғы базаларына барып, салауатты өмір салтын ұстануда. Соңғы жылдары жерлестеріміздің қысқы спортқа деген ықыласы ерекше. Бұған қаламызда бой көтерген спорт ғимараттары, жалпы, спорттың қысқы түрлеріне жасалған тиімді мүмкіндіктер оң ықпал етті деп ойлаймын. Азаматтар спорттың қалаған түрімен шұғылдана алады. Спорт секцияларының бағасы да қолжетімді,- дейді қалалық спорт бөлімінің бастығы Рахметолла Қасқырбаев. 
«Спортсервис» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнының директоры Болат Машраповтың мәліметінше, Павлодар қаласында коньки, шаңғы тебуге арналған 7 спорттық құрылым жұмыс істейді. Онда бос уақытын өткізушілердің санында есеп жоқ. Әсіресе, демалыс күндері келушілердің саны күрт артады.
- Қалада екі шаңғы базасы бар. Сондай-ақ, мөлтек аудандарда коньки корттары орналасқан. Орталықтағы коньки тебу алаңына келушілер өте көп. Мұнда 150 жұп конькиді бір мезетте пайдалануға болады. Мұз айдынын да күн сайын ретке келтіріп отырамыз. Тұрғындар мен қала қонақтары демалыстарын жақсы көңіл-күймен өткізуі үшін әсем әуен ойнап тұрады. Сенбі-жексенбі күндері 350-ден аса адам жиналады. Бастысы, бағасы да қолжетімді. Ересектер бір сағат сырғанау үшін 200 теңге төлейді. Балалар аталған бағаның жартысын ғана шығындайды. Сонымен қатар, Естай көшесінің бойында («Квазар» сауда үйіне қарама-қарсы), №22 орта мектептің ауласында, Саяжай, Восточный шағын аудандарында да шағын коньки корттары жұмыс істейді. Аталған аймақтарда орын тепкен спорт құрылымдарының жалға беретін конькиінің бағасы да тұрақты. Халықтың сүйікті демалыс орнына айналған «Зеленая роща» шаңғы базасы көп жылдан бері ел игілігі үшін қызмет етуде. Жыл санап шаңғы жолдарының сапасы артып, жаңа спорттық құрал-жабдықтармен қамтылуда. Мұнда 150 жұп шаңғы бар. Бағасы да қымбат емес, сағатына 350 теңге төлейсіз. Ерекше атап өтерлігі, мұндай шаңғы базасы елімізде біреу-ақ. Себебі, біздің базаның 2 шақырымы жарықтандырылған. Яғни, келушілер кешкі сағат 9-10-ға дейін қалағанынша шаңғы тебе алады. Мұнда 87 жарықшам орнатылған. Сондай-ақ, қысы-жазы дайындалуға толық мүмкіндік бар.
Шаңғы базасында облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Жазғы уақытта әлемдік спортта есімдері аталып жүрген отандастарымыз Елена Хрусталева, Алексей Полторанин секілді спортшылар оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Айтпақшы, даңқты спортшы Владимир Смирнов «Зеленая роща» шаңғы базасының жұмысына жоғары баға берді. Ол: «Мұндай жарықтандырылған шаңғы тебу орыны қысқы спорты жақсы дамыған Швецияда да жоқ» деді. Осындай спорттық құрылымдардың арқасында өңіріміздегі қысқы спорт алға басып келеді,- дейді Болат Масығұтұлы.
Қаладағы екінші шаңғы базасы Усолка мөлтек ауданында орналасқан. «Ертіс» деп аталатын шаңғы тебу орнында да қалалықтардың спортпен шұғылдануына ерекше жағдай жасалып отыр. Мұнда күніне 150-ден аса адам келіп, дене шынықтырады. Болат Масығұтұлының айтуынша, жазғы уақытта бұл жерде демалыс орны болады. Қазіргі таңда осы бағытта дайындық жұмыстары жасалып жатыр. «Ертіс өзенінің жағалауына орналасқан шаңғы базасы алдағы уақытта түрленіп, дамиды деген ниеттеміз. Шаңғы базасы барлық жағынан қолайлы жасақталған. Ондағы жолдар мен жол қиылыстарының өзі де жақсы таңдалып алынды», - дейді кәсіпорын директоры.
Алғашқы жаттығуларын «Зеленая роща» шаңғы базасында бастаған кейбір спортшылар жарқын жеңістерімен қуантуда. Мәселен, Дарья Усанова шаңғы тебуден әлемдік додаларда бақ сынап жүр. Республика чемпионы Антон Пантов, Гумар Руслан мен Максим Браун секілді өрендер ұлттық құраманың намысын қорғауда. Жемісті жұмыстың нәтижесі деген осы болар, сірә. Ең бастысы, мекеме басшыларының мәлімдеуінше, аталмыш спорт орындары қарапайым халыққа қалтқысыз қызмет етуге сақадай-сай.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

