Ертеңнен бастап еліміз бойынша «Мектепке жол» атты республикалық қайырымдылық акциясы бастау алатыны белгілі. Мектеп жасындағы балалардың жаңа оқу жылында білім ордаларына ешнәрсеге мұқтаждықсыз, алаңсыз баруларын қамтамасыз етуді көздейтін бұл акция биыл үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Павлодар қалалық әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Айым Қанафинаның төрағалығымен осы маңызы зор шараны нәтижелі етудің жолдары қарастырылған мәжіліс өтті.
Жиынға облыс орталығының барлық шағын аудандарының әкімдік өкілдері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру, ішкі саясат бөлімдерінің және басқа да мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Бүгінде қалада 2296 бала аз қамтылған, көп балалы отбасы балалары ретінде тізімде тұр. Олардың барлығы толық қамтылады деп жоспарлануда. Биыл әрбір білім беру мекемесіне бөлінген қаржының 3 пайызы жаппай оқумен қамту мақсатына жұмсалуы тиіс деп шешілген. Яғни әлеуметтік көмек көрсету үшін жағдай жеткілікті. Оған қоса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қарастырылған қаржы бар. Қайырымдылық ісіне бизнес құрылымдарын тарту да көзделіп отыр.
Айта кету керек, өткен жылдары акция тек еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен жүзеге асып келген. Биыл бұл әлеуметтік мәні бар қайырымдылық шараны ұйымдастыруға Еңбекпен қамту және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі қосылды. Демек, деңгейі де, сәйкесінше, жоғары болуы тиіс. Яғни көмек қажет ететін бүлдіршіннің ешбірі назардан тыс қалмауы керек. Осыны ескерген, А.Қанафина жауапты органдарға павлодарлық оқушыларды барынша қамтудың тиімді тетіктерін қарастыру қажеттігін баса айтты. Отырыс төрағасы әрбір шағын ауданның алдын ала берген тізімдерін жеке-жеке талдап, кем-кетіктерін ескертті. Мәселен, кейбір шағын аудан өкілдері ақпарат беруде жан-жақтылыққа көңіл бөлмеген. Тағы бір айта кетерлігі, шағын аудандағы әкімдік өкілдерінің қолындағы тізім мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі мәліметтер сәйкес келмей отыр. Мысалы, Кенжекөлде тізімге алынған 56 бүлдіршіннің барлығы әлеуметтік бөлім тізімінде жоқ. Мұндай келеңсіздіктер барлық дерлік шағын аудандар мен қалаға қарасты елдімекендерге тән. Себебі, аз қамтылған, көп балалы отбасылар тиісті құжаттарды тапсырмаған. Міне, осы олқылықты жою үшін мәжілісте жауапты тұлғаларға тиісті анықтамаларды жинауға жәрдемдесу тапсырылды. Сонымен қатар жауапты қызметкерлер бір ай ішінде мектептермен тығыз байланыс орнатулары қажет.
Дегенмен, өзгеге үлгі болатындай, жұмыстарына тиянақты қарайтын шағын аудан өкілдері де жоқ емес. Мұндай жұмысты бірінші шағын аудан өкілі тыңғылықты атқарып отырғаны айтылды. Ал екінші шағын ауданның есебінде тізімге алынған жеткіншектер тек оқуға қажетті құрал-жабдықтарға ғана мұқтаж екендері жазылыпты. Мәжіліс төрағасы мұндай мәліметке күмән келтірді. Сондықтан алдағы уақытта әрбір отбасының жағдайына барынша бойлап, ең қажетті заттармен, киімдермен қамтуға көңіл бөлінсін, - деді А.Қанафина.
Мәжіліске қатысушылар тізімді талдауға көңіл бөлінген жөн деген пікірлерін бүгіп қалмады. Яғни нақты жәрдемге зәру балалар ғана үлесін алулары тиіс. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, байбалам салып, әрдайым алып үйренген жандар күш көрсетулері мүмкін. Осының алдын алып, түсіндіру жұмыстарына да мән беру мәселесі айтылды. Отырысқа қатысқан Павлодар облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаментінің мамандары аталмыш органға 16 ата-анадан көмек көрсету жөнінде өтініш түскенін жеткізді. Бұл отбасылар назарға алынатын болды. Алдағы уақытта бұл мекеме де қалалық әкімдікпен, мектептермен, жауапты органдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге даяр екендерін мәлімдеді. Бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ. Мысалы, қалада мектепке қажетті оқу құралдарының жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұнда баға өзге сауда орындарымен салыстырғанда төмен болуы қадағаланбақ. Осы мақсатта қаланың ірі сауда нүктелерімен келісімдер жүргізіліп жатқан көрінеді. Мәжілісте әлеуметтік көмек көрсетумен қатар мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, оқушыларды мәдени-спорттық шаралармен қамту мәселелері де пысықталды.
Қала әкімінің орынбасары отырысты қорытындылай келе, жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар беріп, бір-бірінен тәжірибе алмасуға кеңес берді. Қысқасы, мамандар қаланың әрбір бұрышындағы мұқтаж жеткіншектерді тізімге алып, тиісінше көмек көрсетуге күш салулары қажет.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Павлодар қаласы.

