Облыстық, қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру саласының мамандары семинар өткізді. Семинар барысында бөлім басшылары үкіметтік емес ұйымдардың күшімен арнайы әлеуметтік қызметтерді енгізу жайлы кең түсінік алды.
Жиын барысында Павлодар ауданының әкімі Төлеген Бастеновпен кездесу өтті. Аудан әкімі бірінші жартыжылдықта жүзеге асырылған бірқатар мәселелер жайлы баяндады.
Аудан аумағында жұмыссыздықты азайту мақсатында нақты іс-шаралар жасалуда. Жыл басынан бері жұмысқа орналасу бойынша 516 өтініш берген адамның 501-і қазіргі кезде қызмет атқарып жүр. Кәсіби білім алуға 36 адам жіберілді. Олардың оқуы үшін бюджеттен 800 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 36 адамның барлығы алған білімдері бойынша жұмыс істеуде.
Ауданда ауыл шаруашылығы бағыты қарқын алып келеді. Жалпы саны 7 асыл тұқымды шаруашылық өз кәсіптерімен айналысуда.
Павлодар ауданы бойынша 1545 шағын кәсіпкерлік тіркелген. Заря ауылында шұжық, көкөніс, Жетекшіде нан пісіру орындары бар. Сонымен қатар, жоспарланған бес инвестициялық жобаның екеуі іске қосылды.
Черноярка, Шақат ауылдарындағы әр үй таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Ауданда 44 мәдениет үйі жұмыс жасауда. Кітапхана қорында 98000 кітап болса, олардың 30321-і мемлекеттік тілде.
Аса маңызды мәселелердің бірі – білім беру саласы. Үстіміздегі жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша аудан орташа есеппен 80,51 балл жинады. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,7 балға жоғарылады. Бастауыш сынып оқушылары үшін 29 лагерь жұмыс жасауда. Ауданда 11 шағын орталық бар, жақында Новоямышево ауылында 140 орындық шағын орталық ашылады деп күтілуде. Мектепке дейінгі білімді барлығы 842 бала алуда. Қағаз жүзінде бұл 48 пайызды құрайды. «Іс жүзінде мектепге дейінгі білім беру бойынша 23 пайыз бала тіркелген. Атқарушы органдар екі көрсеткіш не себепті екі түрлі екенін түсіндіре алмай отыр»,- деді деді аудан әкімі Төлеген Қаратайұлы.
Әлеуметтік жағдай да ауданның күн тәртібіндегі басты назардағы мәселелердің бірі. Төленуге тиіс мемлекеттік төлемдердің барлығы уақытылы берілуде. Аудандағы 29 отбасы, яғни 86 адам, олардың қатарында 49 бала әлеуметтік көмек жәрдемақысын алады. Осындай жәрдемақылар мүмкіндігі шектеулі жандарға, қант диабеті, жүрек ауруына шалдыққан адамдарға, жалғыз басты аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жетім балаларға төленеді.
Аудан әкімі Т.Бастенов облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы В.Берковскийге екіжақты нәтижелі жұмыс үшін алғыс білдірді. Тараптар әрі қарай да нәтижелі жұмыстар жалғасын табады деген ұйғарым жасады.
Аудан әкімінің есеп беру жиынына қатысқан қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары Павлодар аудандық бөлімі мүгедектердің орталық мәліметтер базасымен танысты. Айта кету керек, Павлодар ауданындағы аталмыш бөлім Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тексерісі бойынша ең жақсы бөлім ретінде танылған болатын.
Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

