«РАХМЕТ, «ДЕНСАУЛЫҚ» ПОЙЫЗЫ!»

Алдағы уақытта игі іс жалғасады

       «Бас ауырып, балтыр сыздаса», ақ желеңді, шипалы қол дәрігерлер көмегіне сүйенеміз. Мұндай жағдайда қалада тұрсаңыз жақсы – емхана жаныңызда. Ал ауыл тұрғыны болсаңыз қиындау – көбінесе аудан орталығына, немесе қалаға «ат сабылтып» дәрігерге көрінесіз. Бір жақсысы, Елбасымыздың «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарындағы, жыл сайынғы Жолдауларындағы ауылдық аймақтағы тұрғындар денсаулығын жақсартудағы асқаралы міндеттерге орай саналуан да игілікті шаралар жүзеге асуда. Соның бір айғағы – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының қолдауымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бірлескен «Денсаулық» пойызы. Ол теміржолмен жүріп, шалғайдағы ауыл аймақ тұрғындарына саналуан медициналық қызмет көрсетеді. Сөйтіп, тұрғындар алысқа бармай-ақ, өз ауылында осы заманғы медициналық құрал-жабдықтарды жетік меңгерген жоғары білікті дәрігерлерге көрініп, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік алды.
       Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанындай, биыл 14 тамызда Май ауылына «ат басын» тіреген «Денсаулық пойызы» біздің облыста он жеті күн болып, теміржолшыларға ғана емес, барлық тұрғындарға әртүрлі тегін медициналық қызмет көрсетті, дәрі-дәрмек те тегін болды. Атап айтқанда, Май, Шарбақты аудандары және Екібастұз, Ақсу қалаларының ауылдық аймағы бойынша дәрігерлік қабылдаулар өткізді. Барлығы 11761 адам қаранды. Олар дәрігерлік кеңестер де алды. Он жеті түрлі қызмет көрсетілді. Диагностикадан өткізумен бірге шағын хирургиялық операциялар да жасалды. Терапевт, педиатр, окулист, гинеколог, уролог, офтальмолог, эндокринолог, стоматолог сияқты мамандар алдынан өткен жұрт денсаулықтарын жан-жақты тексертті. УЗИ-диагностика, клиникалық-биохимиялық зертхана, телемедицина орталығы, рентген кабинеті жұмыс істеді.
       «Денсаулық» пойызының бас дәрігері Сырым Әжғалиев айтқандай, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарына қарағанда доңғалақ үстіндегі емханаға біздің облыс тұрғындары көп келіп, белсенділік танытқан. Бұл арада облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» газеттерінде медициналық пойыздың қашан келетіндігі, қай жерде және қашан қабылдау өткізетіні туралы ақпарат алдын-ала егжей-тегжейлі берілгені себеп болғанын айту керек. Ауыл тұрғындары осындай көмегі үшін бұл басылымдарға ризашылығын жиі білдірді.
       Екібастұз, Ақсу қалаларының әкімдері Н.Нәбиев, О.Қайыргелдинов, Май, Шарбақты аудандарының әкімдері Н.Пішенбаев, С.Смағұлов «Денсаулық» пойызының қолайлы жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Дәрігерлермен кездесу көңілді де мазмұнды болып, үлкен бұқаралық шараға айналды. Кездесу көркемөнерпаздардың концертіне ұласты. Қайырымдылық астарына дастарқан жайылды. Ең бастысы – жергілікті билік мекемелері теміржол станциясына тоқтаған пойызға шалғайдағы ауылдардан емделушілерді тегіс жеткізе білді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жол қиындығына қарамай, «халқымның денсаулығы жақсы болсын» деп, төрт айлық ұзақ іссапарға шыққан денсаулық сақшыларының еңбектері еленіп, оларға әкімдер Алғыс хаттарын салтанатты жағдайда табыс етті. Бұл, әрине, пойыз ұжымының жігерін жанып, қызметке құштарлығын арттыра түсті.
       «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының» консультативтік кеңесінің мүшесі, КСРО құрметті теміржолшысы Әби Сарқыншақов айтқандай, «Денсаулық пойызы» халыққа қызмет көрсетудің үлгісі болып саналады. Рас, Қазақстан сияқты кең-байтақ ел үшін бір медициналық пойыз аздық етеді. Осындай пікір айтылғаннан кейін Үкімет 2010 жылғы 31 желтоқсанға дейін тағы екі «Денсаулық пойызын» дайындап, сапарға аттандыру туралы тапсырма берді. Мұндай пойыз төтенше жағдайларда да медициналық көмек көрсете алатынын айтқан жөн.
       Сөйтіп, теміржол бойындағы маңызы зор шара алдағы уақытта да жалғасын табады. «Алақай, «Денсаулық» пойызы келді!» деп жергілікті жұрт тағы да қуанып, жылы шыраймен, зор үмітпен көшпелі емхананы қарсы алмақ.

Ө.ТАСТЕМХАНОВ.

Ризамыз!

       Жерлестеріміз Үкімет тарапынан жасалған әлеуметтік қолдауға дән риза болды. Мәселен, Екібастұз қаласына қарасты ауылдық аймақтың Құлакөл ауылының тұрғыны, теміржолшы Дәулет Қабылдин инсультпен ауырған ағасын білікті денсаулық сақшыларына қаратуға, сондай-ақ өзі аз уақытта денсаулығын жан-жақты тексертіп алуға мүмкіндік туғанын айтты. Ауылдасы Майраш Жүнісова немересіне дұрыс диагноз қойылмағанын айтып, пойыз арқылы ауруды дәл анықтаудан үмітті екенін тілге тиек етті. Осы ауылдың қарт тұрғындары - Қайынжамал, Жәміш апайлар да «қаранған қарап қалмайтынын» айтып, мұндай шарапатты істі ұйымдастырған азаматтарға ақ баталарын берді.

***

       25 тамызда «Денсаулық» пойызы Ақсу қаласына қарасты Қалқаман станциясына келіп, осында екі күн болды. 559 тұрғынға, солардың ішінде балалар үйінің 12 тәрбиеленушісіне медициналық қызмет көрсетілді. Балалар үйінде барлығы 23 тәрбиеленуші бар. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның филиалы «Павлодар жол бөлімшесі» еңбеккерлері пойыздың вагон-мейрамханасында балаларға арнап қайырымдылық асын берді. Кішкентай меймандарға ескерткіш сыйлықтар берілді, тәтті тағамдар үлестірілді. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар теміржолшылар тарапынан мол шуаққа бөленді. Мұндай қайырымдылық шаралары әр станцияда өткізілді.

***

      «Денсаулық» пойызы Май ауданында сегіз баланы сүндетке отырғызды.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30