ТIЛСIЗ ЖАУ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ. Жапа шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілуде.

 

Аймағымыздағы «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының Лебяжі ауданының аумағында орналасқан бөлігі өртке оранды. Жағдай ауа райының қолайсыздығымен қиындай түсті. Нәтижесінде мың гектардан аса орман алқабы жанып кетті. Тек тиісті құзырлы органдардың жедел әрі жұмыла кіріскен  іс-қимылының арқасында ғана өрт уақытылы ауыздықталды. Өкінішке қарай, тілсіз жау алты адамның өмірін қиды. 

Табиғи өртті сөндіру бойынша шараларды бақылау, басқару ісін облысымызға арнайы келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өз қолына алды.

Өрт өткен сәрсенбіде, түскі сағат он екі шамасында басталған. Нақ сол күні ауа райы да құбыла түскен болатын. Секундына отыз метр жылдамдықпен қатты жел тұрды. Ол өз кезегінде өрттің тез таралуына себепші болды. Небәрі бір-екі сағаттың ішінде от мың жарым гектарға жуық алқапқа тарап үлгерген.

Осыған байланысты сол күні-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша аймағымызға еліміздің Төтенше жағдайлар министрі В.Божко келді. Ол облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірге Лебяжі ауданына қарасты орман алқаптарының өрт шалған аумақтарына барып, жағдайды өз бақылауына алды. Ары қарайғы бірлескен шаралар жоспарын құру үшін жедел түрде облыстық төтенше жағдайлар бойынша комиссиясының екі мәжілісі ұйымдастырылған. Өртті жоюға бағытталған облыстық штаб құрылды. Оған басшылық жасау ісі облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Вербнякқа жүктелді.

Түс ауа Көкжал орман шаруашылығының Бесқарағай филиалының аумағында өрттің екінші ошағы анықталды. Ол да аз уақытта жүздеген гектар алқапты шарпып үлгерген. Ең бастысы, өрттен орман алқаптарына жапсарлас орналасқан екі елді мекен - Жабағылы мен Бәйімбет ауылдары аман қалды. Ешбір ғимаратқа, тұрғын үйге залал келмеген. Дегенмен, аталмыш елді мекендердің тұрғындары алдын ала көршілес ауылдарға эвакуацияланған. Қауіпсіз аймақтарға әсіресе, балалар, әйелдер, қариялар көшіріліпті. Ал ерлер қауымы өз еріктерімен тілсіз жаумен күресуге қалған.

Жабағылы ауылы аумағындағы өрт толығымен ауыздықталған. Ал өрттің екінші ошағы желдің қаттылығы салдарынан шекаралас Ресей Федерациясының аумағына өтіп кеткен. Солтүстік көршілеріміз де мыңдаған гектар орман алқабынан айырылды. Жолындағының барлығын жайпап өткен жалын білдей бір ауылды жалмаған. Нәтижесінде жүздеген отбасы үй-күйсіз қалды. Өртке қарсы бірлескен шараларды қолға алу бойынша екі мемлекеттің тиісті министрліктерінің келісіміне сәйкес Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметіне қарасты жиырмаға жуық арнайы өрт сөндіру техникалары Ресей елдімекендеріне көмекке жіберілген.

Өкінішке қарай, Ресей елінің ақпарат құралдарында Қазақстан өртке қарсы күресте шарасыздық танытқан деген қауесет тарапты. В.Божко бұл жайтты толығымен жоққа шығарды. Өрттің алғашқы ошағы анықталысымен-ақ, барлық күш жұмылдырылған. Облысымыздың ғана емес, көршілес аймақтардың Семей, Өскемен қалаларының, аймағымыздың басқа да аудандарының өрт сөндіру, төтенше жағдайлар жөніндегі органдардың қызметкерлері, техникалары жұмылдырылды. Авиация көмекке келді. Жергілікті ірі кәсіпорындардағы өрт қауіпсіздігі қызметінің техникалары да тартылған. Қауіпті екеніне қарамастан алыс-жақын ауылдардан келген мыңға жуық еріктілер өрт сөндіруге қатысқан. Соның нәтижесінде жалынның кең аумақтарына тарауына тосқауыл қойылды. Дегенмен тілсіз жау осал тұсымыздың бар екендігін де аңғартқан. «Өкінішке қарай, Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымдарының, әсіресе аудандық бөлімдердің техникалық жабдықталу деңгейі нашар. Орман қорғау шаруашылықтарында да осы жағдай. Бізге орманды алқаптарда жұмыс істей алатын өрт сөндіруге арналған арнайы техника қажет. Осыны ескере отырып, ҚР Премьер-Министрінің алдында өрт сөндіру мен орман шаруашылықтары  құрылымдарының материалдық техникалық базасын толық қамтамасыз ету мәселесін көтермекпіз», - дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко.

Жалпы, өрт үш мың гектар жерді шарпыған. Оның 1200 гектары орманды алқап. Әзірге өрттің нақты пайда болу себебі анықталмаған. Дегенмен, бұған адам факторының қатысы бар екендігі жоққа шығарылып отыр. Басты болжам бойынша, жалын орманды алқапта емес, жазық далада басталған. Оған жоғары қуатты электр сымдарынан шоқ түскен деген болжам айтылуда. Өрттің екінші ошағы да содан пайда болған. Ал ары қарай қураған құрғақ шөп, қатты жел өршітіп әкеткен.

Өкінішке қарай, табиғи өрт алты адамның өмірін жалмады. Қаза болғандардың үшеуі резерват қызметкерлері. Олардың ішінде орман шаруашылығы Бесқарағай филиалының директоры бар. Үшеуі де тілсіз жаумен күрес барысында қаза тапқан. В.Божко бұл үлкен құрметке лайықты ерлік екендігін атап өтті. Және олардың тиісті деңгейде марапатқа ұсынылатындығын да жеткізді. Одан басқа Жабағылы ауылының төрт тұрғыны, бір отбасының адамдары жапа шеккен. Олар өрт тұрған алқапты айналып өтуге үлгермеген. Жеңіл автокөліктерімен бірге отқа ораныпты. Жалын ағаштардың жоғары деңгейімен  өте қатты жылдамдықта жолындағының барлығын жайпап отырған. Нәтижесінде бір отбасындағы екі ұл және олардың әкесі көз жұмды. Ал отанасы денесін күйік шалып, өте ауыр халде жатыр. Павлодар қаласына, ауруханаға жеткізілген. Облыс әкімі Б.Сағынтаев ауруханадағы жанның өмірін құтқарып қалу үшін қолдан келген барлық жағдай жасалатындығын айтты. Астанадан арнайы дәрігер мамандар да шақырылған.

Өткен бейсенбіде ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен облыс әкімі Б.Сағынтаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. «Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайтыс болғандардың отбасына, туған туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Бізге өртті ауыздықтауда Ресей елінің төтенше жағдайлар қызметімен бірлесе жұмыс істеуді жүктеді. Және барлық туындаған мәселелерді шешу туралы тапсырма берді. Ол тапсырма облыстық әкімдіктің көмегімен толық деңгейде орындалуда», - деді министр.

Қаза тапқан азаматтардың әрқайсысының отбасыларына, туған-туыстарына облыстық әкімдіктен бір миллион теңгеден қаржы бөлінді. Әрине ол қайғының орнын толтыра алмайды. Дегенмен мұндай қиын жағдайда қолдау көрсету - қажетті іс. Онымен қоса қаза болғандарды жерлеу рәсімдерінің барлық шығындарын да жергілікті атқарушы билік өз мойнына алып отыр. Онымен қоса, «Ертіс орманы» резерваты да өз тарапынан тиісті көмегін көрсетпек.

Қазір қауіпсіз аймақтарға көшірілген Жабағылы, Бәйімбет елді мекендерінің тұрғындары өз ауылдарына оралды. Оларға тиісті психологиялық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ тиісті орган қызметкерлері өрт болған аймақтардағы ауылдарда үйді-үйді аралап шыққан. «Егер кімде кімнің далада жайылып жүрген малы шығынға ұшыраса, олардың орнын толтыруға көмектесеміз. Өрт жазық далада, жайылымдық алқапта басталғандықтан малдың азығы жанып кетті. Сондықтан әрбір үйге малдың жем-шөбі қажетті көлемде жеткізіліп берілетін болады. Онымен қоса, жедел мәжіліс барысында ауыл тұрғындары тарапынан тағы бірқатар әлеуметтік мәселелер көтерілген. Олар бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді. Барлық проблемалар өз шешімін табады», - деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Аймақ басшысы өртті ауыздықтауға көмектескен барлық азаматтарға алғысын білдірді.

Қазіргі кезде өрттің қайта пайда болмауы, орман байлығын сақтап қалу үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30