Павлодар облысының аумағында республикалық «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда. Облыс аудандары мен қалаларында акцияны жүзеге асыру мақсатында жұмыс топтары құрылған. Аталмыш топтар аз қамтылған, көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан және мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету үшін тізімдер жасап, игі шараларды жүзеге асыруда.
Павлодар облысының балалар құқықтарын қорғау департаменті және білім беру басқармасы өкілдері акция барысымен танысу үшін Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандардың барлығын аралады.
Облыстың үш қаласының басты көшелерінде республикалық акцияны насихаттау мақсатында оқушыларға көмек көрсетуге үндеген мәтіндер жазылған билборд орналастырылған. Сол сияқты облыстың барлық мектептері мен сауда орталықтарында «Мектепке жол» акциясы туралы хабарламалар таратылып, тұрғындар жаппай құлағдар болды.
Акция барысында балалар құқықтарын қорғау департаменті мен «Кар-Тел» ЖШС-і Павлодар филиалы бірігіп, «Балаларға мектепке баруға көмектесейік» атты шара ұйымдастырды. Акцияның бірінші күні департаменттің 300-117 шұғыл байланысына көмек көрсетуге ниет білдірген 100 адамнан ұсыныстар түсіпті. Ал көмек сұраған адамдар саны 30-ды құрады.
Сонымен қатар қайырымдылық шарасына қатысуға демеушілер мен мемлекеттік құрылым мекемелерін тарту қолға алынған. Мәселен, осы жылдың 21, 29 тамыз күндері Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар қаласы әкімшілігі мектеп жәрмеңкесін өткізді. Бұл шарада қаланың «Деловой», «Нұрқай», «ВА Компани» және «Эврика» кеңсе заттарын сататын дүкендері белсенділік танытты. Жәрмеңке барысында балалар құқықтарын қорғау департаментінің «Мен құқылымын» атты ақпараттық-кеңестік пункті жұмыс жасады.
Оқу жылының басталуы қарсаңында «Нұр Отан» ХДП-і облыстық филиалының мүшелері мен балалар құқықтарын қорғау департаментінің бірлескен қайырымдылық шарасы өтті.
Ауқымды акция аясында «Қайырымды қолдар» атты қайырымдылық шарасының жүзеге асырылуын атап кеткен жөн. Аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық жасау мақсатында Павлодар қаласының сауда үйлерінде киім-кешек, заттар жинауға арналған орындар ашылды. Көмекке келгендер де аз еместігін атап кеткен жөн. Бұл жұмысқа «Десента» қоғамдық қоры да атсалысып, материалдық көмек көрсету ниетімен арнайы орындарды ашты. «Нарық» ЖШС-нің директоры М.Адамов қаланың №15 мектебінің оқушысына 20 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетсе, «Билайн» компаниясы 11 оқушыға 20 мың теңге бөліп, мектеп құрал-жабдықтарын сатып алып берді. Сонымен қатар «Бест-Строй» ЖШС, «Комарова» ЖК-і, «Қайыржан» ЖК-гі, «Тәңірберген» ЖШС-і және «Балпақов» ЖК-гі көмектерін аямады. Жомарт азаматтар қатарында облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері де болды. Олар №3 орта мектебінің оқушысына 18 мың теңге көлеміндегі қаражатқа көмек көрсетті. Павлодар облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті аз қамтылған отбасылар балаларына көмек көрсетуге 300 мың теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Павлодар облысының балалар құқықтарын қорғау департаменті.

