Бұрнағы күні Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Қазақстан Республикасының көркемөнер академия академигі Александр Бибинді еске алуға арналған көрме өтті.
Александр Бибин Қазақстан бейнелеу өнерінің хас шеберінің бірі болып танылған. Ол 1965 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітірген соң Павлодар қаласына көшіп келген. Сексенінші жылдардың басында «Ертіс» қонақ үйіне, Естай атындағы мәдениет сарайына, Ж.Аймауытов атындағы музыкалық драма театрына және «Қазақстан» қонақ үйіне үлкен витраждар жасаумен айналысты. Бүгінгі күні Александр Бибиннің қолынан туған туындылары қаламыздың басты мәдениет ошақтарының сәнін келтіруде.
Бұл уақытқа дейін суретшінің жеке көрмелері Омбы, Мәскеу қалаларында табысты өткен. Оның шығармашылығы ақын Евгений Евтушенко, суретші Олег Целков, мүсінші Эрнст Неизвестный және тағы басқа бейнелеу өнерпаздары мен арт сынаушылардың тарапынан жоғары бағаға ие болған.
Өңіріміздің өнерсүйер қауымының назарына 130 кескіндеме, сызба шығармалары мен 50-ден астам фотосуреттер ұсынылды. Барша жұртқа танымал болған «Кешкі намаз», «Бетховен әлемі», «Тағдыр», «Кеңістік пен уақыт», «Жаз қуанышы» сияқты шығармаларды көрмеге келушілер ерекше бағалап, көркемсурет музейі ұжымына алғыстарын айтты.
Шебер суретшінің құрметіне орай ұйымдастырылған көрме экспозициялары үш бөлімнен құралған. Кескіндеме бөліміне қылқалам шеберінің 60 жылдардың басында салған суреттері қойылса, екінші бөлімде 50 жылдардың аяғында сызба жанрына арналған суреттер бар. Ал үшінші бөлім, фотосуреттер бөлімі суретшінің мұрағатындағы фотоларды таныстыруға арналған. Барлық суреттер екі үлкен топқа бөлінген, олар музыкалық циклдегі және шаруашылық тақырыбына арналған суреттер.
Көрме 20 қарашаға дейін жұмысын жалғастырады.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

