«1989-2009 – Europе, work in progress». Осындай атпен жуырда Павлодар Инновациялық Еуразиялық университетінде жылжымалы сурет көрмесі өтті. Нақтырақ айтсақ, мұнда қойылған туындылар осы жиырма жыл аралығында Еуропа елдерінде орын алған қоғамдық өзгерістер мен мәдени жаңалықтардан сыр шертеді. Яғни суреттерде осыдан жиырма жыл бұрын бірқатар Еуропа елдерінің шекараларындағы темір кедергілерді жоюдан кейінгі ілгерілеушілік сәттері бейнеленген. Көрменің ашылу салтанатына Австрияның еліміздегі төтенше және өкілетті Елшісі Урсула Фарингер қатысты.
Көрмеде Барбара Цайдлер мен Аббе Либански есімді авторлардың суреттері қойылған. Олардың өздері де мәдени шараға қатысып, павлодарлықтарға туындыларының қыр-сырын түсіндіріп берді. Авторлар шекаралар ашылып, көптеген еуропалық елдер бір-бірімен етене араласу барысында еуропалық сәйкестік іздеген кейбір адамдар «өзінікінің» өзгеге, ал «өзгенікінің» өздеріне сіңіп кетуінен, яғни біріккен Еуропада елдер арасындағы өзара айырмашылықтың жойылып кету қаупіне алаңдайтынын жасырмады. Тіпті мұны кейбір азаматтар үлкен мәселе ретінде қарастыратын көрінеді. Авторлар туындылары арқылы осы қорқынышты сейілтуге үлес қоспақ. Өнер адамдары мұндай өзгерістер, керісінше, таңдаудың, мүмкіндіктердің көбеюіне жол ашатынын алға тартады. Сондықтан да олар Еуропа елдерінің тыныс-тіршілігін суреттер арқылы жеткізуді жөн санапты. Мұндағы суреттер Еуропаның Англия, Испания, Франция, Германия, Швейцария, Австрия, Турция, Греция, Чехия, Словакия, Венгрия, Польша, Украина елдерінде жасалған. Сонымен қатар ұйымдастырушылар Еуропаның тек ең әдемі орындарын ғана көрсетіп қоймай, оны әр қырынан баяндауға тырысыпты. Сурет авторларының бірі Б.Цайдлер туындылар арқылы Еуропа елдерінің күнделікті тіршілігін көрсетуді мақсат еткендерін айтты. Мұны көрмеге келуші көрермендердің бірі Юлия Копыльцова да аңғарыпты. «Өзім білім алып жатқан мектепте неміс тілін терең меңгерудемін. Алдағы уақытта Германияға барып білімімді жетілдіремін. Сондықтан Еуропа елдерінің тыныс-тіршілігін көрмеден тамашалау мен үшін өте қызықты», дейді ол.
- Павлодар өңіріне екінші рет келіп отырмын. Биыл осы аймақта Еуропа күндері шарасына қатысу барысында мұнда мәдениет, білім саласы бойынша өзара қарым-қатынас жасау үшін жемісті негіздің барына көзім жеткен болатын. Сондықтан тағы бір мәрте келіп, арнайы кішігірім көрме ұйымдастыруды қолға алдым, - деді Австрияның еліміздегі төтенше және өкілетті Елшісі У.Фарингер.
Сондай-ақ ол тарихқа біраз саяхат жасап, көрермендерге көрменің жоғарыда аталған тақырыбын таңдау тегіннен-тегін еместігін тілге тиек етті. Себебі былтыр Австрия және Еуропаның өзге де бірқатар елдері арадағы кедергілердің жойылғанына 20 жыл толу мерейтойын атап өткен көрінеді. Меймандар елдер арасындағы арадағы шектеу көптеген жылдар бойы сан мың адамның жанына жара салғанын жасырмады. Бір-біріне еркін қатынау мұң болған екен. Елші өзі де кезінде Чехия мен Австрия арасындағы тікенекті сыммен тартылған шекарадан алыс тұрмағанын, оның баршаға қиындық туғызып, қатаң бақылау аясында өмір сүргендерін жеткізді. Міне, сол кедергінің жойылуы осы елдердің барлық салаларына оң өзгерістер әкелгенін қуанышпен баяндап берді.
Шетелдік қонақтар мен Австрия Елшісі жоғарыда аталған жергілікті жоғары оқу орнының ұжымына, басшылығына ризашылықтарын білдірді. Көрме әлі екі апта бойы ашық болмақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Павлодар қаласы.

