Ұлы Отан соғысы жылдарында балалық шақтың қызығын көре алмай, ерте есейіп, еңбекке араласқандардың ішінде Әкау да болатын. Ел басына, әсіресе ауылда қалған әйелдерге түскен ауыртпалықты әлі бұғанасы қатпаған бала Әкау көзімен көріп, жүрегімен сезіп, бір жағынан бойына аяныш ұялатса, екіншіден, қайраттана шыңдала түсті. Анасы Қазизаға қолқанат болып, апасы Құсынаға, қарындасы Әсімаға сүйеу болып ер жетті. Ұшқыр ойлағанымен, еңбекқорлығы-мен көзге түскен Әкауды аудан басшылары Борастағы мал өсіруші маман кадрларын дайындайтын бір жылдық мектепте оқытып алып, ауыл шаруашылығының маманы ретінде еңбекке араластырып ұтымды пайдаланды.
Сөйтіп, Әкау Қамбарұлының бұрынғы «Жас еңбек», «Зор-Октябрь» колхоздарында зоотехник, колхоз басқармасы бастығының орынбасары ретіндегі абыройлы еңбегі, жақсы ұйымдастырушылық қабілеті аудан басшыларына ой салды. Білімі мен саяси-әлеуметтік біліктілігін арттыру үшін Қарағанды партия-кеңес мектебін тәмамдап, қайта елге оралуына жағдай жасалынып, өскелең өмірде болашағы бар азамат ретінде танымал болды. Бұл кезде Әкау отбасын құрып, үйлі-балалы азамат болатын. Қарт анасы Қазизаны, жанындағы туған апасы Құсынаны, қарындасы Әсіманы қимай, басқа жаққа барудан бас тартып, қайта өз ұясына оралды. Бұрынғы колхоздардың орнына құрылған «Лебяжі» совхозының орталығы Шарбақты елді мекенінің басындағы бірінші бөлімшенің басқарушысы болып тағайындалып, бір жерде табан аудармастан ширек ғасыр жұмыс істеп, абыроймен зейнеткерлікке шыққанын ұрпағы мақтан тұтады.
Аталастығым, туыстығым болмағанмен, одан да жоғары ұғым кіндік қанымыз тамған жеріміз қарт Ертістің жағасындағы Тілектес ауылының тумасы болғандықтан ба, әйтеуір Әкау аға - маған, менің отбасыма өте қымбат, қадірлі. Біз де оны мақтан тұтамыз. Ағамыз өте ширақ, елгезек, тықы әрі таза, жауапкершілігі мол, бір сөзді адам еді. Ел арасындағы «ақтығы мен пәктігі, тазалығы, азаматтығы Әкаудай болсын» деген әңгімені талай естідік. Көптің көңілінен шығып, үлкендердің батасын алып, қысылғанға қол ұшын бере білген азаматтардың бірі де ағамыз болатын. Әкау Қамбаров жеке басының мүддесінен қоғамдық, өндірістік мүддені жоғары қойды. Сол жолда адал әрі әділ еңбек етті.
Кезінде, еңбегі еленіп, бірнеше медальдармен, құрмет грамоталарымен, әртүрлі белгілермен марапатталды. Әкау Қамбарұлы саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына, ауылды көркейтуге, қоғамдық малды көбейтуге арнаған, қарамағындағы еңбекші бұқараға жанашыр, ойшыл, әділ ұйымдастырушы, басшы ретінде танылды. Өткен бір сәтті кездесу жадымда қалып қойыпты. «Шаруашылық еңбеккерлерін бес күндік жұмыс апталығына көшіру туралы» деген орталықтың қаулысын талқылау кезінде бөлімше меңгерушісі Әкау Қамбаровтың «Бес күндікке көшу үшін апта сайын екі рет мал басын санап, хаттап бір қолдан екінші қолға беріп отыру мүмкін емес, әрі малдың күйі мен мал жетілімінің жағдайын сұрау нақтылы жауапкершіліксіз қалдырады. Менің ұсынысым, сенбі, жексенбі күндеріне екі есе артық төлесін, кезекті бір жылдың демалыстарына санаторийлер мен курорттарға жолдама беру керек, осылай деп хаттама алған дұрыс» - деуі мұң екен, көпшілік қол шапалақтай құптағаны әлі есімде.
Әкау Қамбарұлы Қамбаровтың бірнеше мәрте ата-аналар комитетінің төрағасы ретінде жетім-жесірлердің, әлеуметтік жағынан төмен отбасылардың жағдайына қарап, сол кездегі үкімет берген қаражатты дұрыс, әділ бөліп, балаларды қысқы киім-кешекпен, аяқ-киіммен және т.б. қамтамасыз етіп, оларға тегін тамақ беруге қосқан үлесін еш уақыт ұмыту мүмкін емес. Әкау аға өнегелі отбасының отағасы миссиясын мүлтіксіз атқарды. Өмір гүлін бір кісідей еккен алтын анасы Қазизаның ақ сүтін айрықша ақтап, бір құрсақтан шыққан апасы Құсынаны, қарындасы Әсіманы зор ықыласты құрметпен сыйлаған әулетінің тірегі мен қуанышы болды. Өмірлік серігі, жан-жолдасы – зайыбы Пәруза екеуі 2 ұл, 4 қыз бала, бірнеше немере мен жиен тәрбиелеген үлгілі, ұлағатты әке-шеше, ата-әже ретінде көпке танымал, сый-құрметі жарасқандар.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Талғаты мен Бақытбегі бір-біріне сүйеу болып, тату да, ынтымақпен бірін-бірі қолдай отырып, туған апа-қарындастары Құралай, Клара, Гүлжан, Салтанаттарға шынайы туыстық сезіммен сүйе де, сыйлай да, керегінде сүйеу де болып өмір жалғастырып келеді. Бәрі де өмірден өз орындарын қалаулары бойынша тауып, еңбек етуде. Талғат заңгер, ішкі істер қызметінің полковнигі дәрежесімен зейнеткерлікке жетсе, әкесі Әкаудың батасын алып, көңілінен шыққан келіні Бейбітгүл бас есепші. Бүгінгі күнде Талғат әкесінің жоқтығын білдірмей, Қамбаровтар әулетінің тірегі, бетке ұстары болып отыр.
Бақытбек заманына қарай кәсібін жалғастыра еңбегімен отбасы-балаларын мәпелеп өсіруде. Ләззат келін медбике ретінде сүйеніш бола білді. Ағамыздың бауырында өсіп, атасының ақырғы деміне дейін сусындатқан Ануар жоғары білімді кәсіпкер, Асқар ПМУ-нің студенті, ал әжесінің есіміне ие болған Қазиза әкесі тәрізді (Талғат) заңгер, жиен-немересі Әділ Алматының жоғары әскери академиясында оқуын жалғастыруда, мектеп оқушысы, балабақша балалары да бар. Олар да өсіп келеді.
Осылайша бәрі де - бір-бірінен үлгі алып келе жатқан Әкау Қамбарұлының өмірінің жалғасы. Балалары әке-шешесінің тағлыми-ұлағатты еңбегін, үлгі-өнегесін, тәлім-тәрбиесін мақтан тұта, қадірлей де құрметтеп айтып отырады.
«Адам ұрпағымен көрікті» деген халық даналығын артында қалған алтын асықтай ұл-қыздары, немере-жиендері Әкаудың ошағының отын лаулатып, үлкендерін ұлықтай жалғастыруда.
Әкау Қамбарұлы бұл фәнилік өмірде тартымды да табысты, адал еңбектің кілтін абыроймен биік ұстаған азамат болғандықтан да соңғы бақилық сапарға шығарып салғанда қоштасуға келген халық жыртылып айрылғанын көзіміз көрді. Бұл да - қадірлі болғандықтың белгісі. Ұрпағына өмір берсін, бақ пен береке тілегендер қош айтысып қала берді.
Қабидолла ӘЛІБАЕВ,
Қазақстан Республикасы білім беру
ісінің құрметті қызметкері,
Лебяжі ауданының Құрметті азаматы.

