«Серіктестік орталығы» Павлодар қоғамдық қоры Павлодар облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдікті нығайту стратегиясы аясында ақпараттық білім беру мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Жоба шеңберінде «Гендерлік саясат» тақырыбына арналған тренинг ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылды.
Еліміздегі теңдікті қолдау және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін ұлғайту, ерлер мен әйелдер арасындағы теңсіздікті жою мақсатында тұрғындарға барынша сапалы ақпарат беруді басты назарға алған серіктестік мүшелері бүгінгі күнге дейін бірнеше оқыту тренингтерін ұйымдастырған. Атап айтсақ, Павлодар облыстық саясаткер әйелдер клубы «Статус» әйелдер Федерациясының президенті И.Унжаковамен, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты М.Айсинамен оқыту тренингтерін өткізген.
«Серіктестік орталығы» қоғамдық қорының директоры, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Гүлнәр Даржұманованың айтуынша, гендерлік теңдікті ілгері жылжытудың алға басуы бойынша нәзік жандылардың көшбасшылық рухын күшейту мақсатында тренингтер ұйымдастырылды. Онда қатысушыларға гендерлік саясат туралы насихаттық жұмыс жүргізе отырып, оны дамыту бойынша ұсыныстарды жасауға мүмкіндік береді.
Оқыту тренингі барысында «Халықаралық құқық және ұлттық механизмдер», «Көшбасшылық технологиялары» тақырыптары бойынша ауқымды ақпарат берілумен қатар, әртүрлі жаттығу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта осындай тақырыптарға арналған оқыту жұмыстары облыстық жастар кәсіподақ активі өкілдерінің және жастар қоғамдық ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен өткізілмек.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

