Павлодарда өмірдің сан түрлі көріністерін көркем фото тілімен жеткізуге құштар жандардың басын қосқан бірегей ұжымның жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмес. Ол – «Орион» фотоклубы. Негізі сонау 1970 жылы қаланған аталмыш өнер ұжымына биыл 40 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай облыстық көркемсурет музейінде клубтың мерекелік көрмесі ашылды. Мұнда 22 автордың үш жүзден астам еңбегі қойылған. Әрбір туындыдан күнделікті өмірдің қызықты сәттерін, табиғаттың әсем жерлерін, қала көшелерін, тағысын тағыны өзге бір қырынан көруіңізге мүмкіндік жасалған. Көрмеде портрет, пейзаж, натюрморт жанрларымен қатар декоративті макро түсірілімдер де кездеседі. Мерейтойлық көрмеде аға буын өкілдерімен қатар олардың шәкірттері, яғни жастардың туындылары қойылған. Көрмеге келушілер М.Андрес, В.Высоцкий, ерлі-зайыпты Г.Сергеев пен Т.Гришина, А.Крашенников, О.Градский, М.Терещенко, А.Шар, А.Явлонин, И.Величко және басқа да жергілікті авторлардың өнер туындыларын тамашалай алады.
Көрмені ұйымдастырушылар аймақта фотоөнері негізінен жиырмасыншы ғасырдың басынан бастау алғанын айтады. Оның басы-қасында Д.П.Багаев қызмет еткен. Кейін ол 1905 жылы қалада фотосалон ашқан. Мұны Павлодарда фотографияны дамытудың басы деп санауға болатын көрінеді. Ал алпысыншы жылдары фотографияға деген қызығушылық артып, фотоәуесқойлардың алғашқы топтары тырнақалды көрмелерін аша бастапты. Кейін облыстық кәсіподақтардың қолдауымен жоғарыда аталған фотоклуб ұйымдастырылды. Алғашында клуб мүшелерінің барлығы дерлік көркемфото әуесқойлары, яғни жұмысшылар, студенттер, оқушылар болған. Фото өнеріне ден қойған авторлардың шығармалары халықаралық, Бүкілодақтық республикалық конкурстар мен көрмелерде лайықты орын табады.
Қажырлы еңбектің нәтижесінде 1980 жылы клубқа «Халықтық өнер ұжымы» атағы берілді. Әрбір клуб мүшесінің шығармашылық дамуын байқау мақсатында жылына алты рет фотоконкурс ұйымдастырылып отырған. Сонымен бірге шығармашылық есептер, жеке және клубтық көрмелер арқылы клуб мүшелері өсу қадамдарын аңғартқан. 1994-2003 жылдары «Орионның» мәжілістері тұрақты өтіп тұрмаса да, көрмелер үзілген жоқ. 2004 жылы клуб өміршеңдігін дәлелдеп, қайта жаңғырды. Клуб жаңа жас авторлар легімен толықты.
Осы сала жанашырлары фотокулбқа әр жылдары төрағалық еткен Константин Касиванов, Виктор Шаповалов, он бес жыл бойы басқарған Артур Меттус сынды көркем фото өнері майталмандарының еңбектері қомақты екенін айтады. Ең бастысы, олар шәкірт тәрбиелеуге баса мән берді. Ал клубтың көркемдік кеңесін ұзақ жылдар бойы басқарған әрі облысқа ғана емес, бүкіл елімізге, шетелдерге әйгілі марқұм Едіге Ниязовтың үлесін бөле-жара атаған жөн болар. Себебі ол артына өшпес із қалдырды. Қазақстанда тұңғыш және КСРО-да екінші балалар фотомектебін ұйымдастырған. Өнердегі жолын жалғастыратын талай шәкірт тәрбиелеп кетті. Көрші Ресей еліндегі әріптестерімен берік шығармашылық байланыс орнатты. Бүгінде қос елдің көркем фото түсірушілері бірлескен жобалар ұйымдастырып, алма-кезек көрме өткізуді дәстүрге айналдырған. Соның жемісі болар, Омбы қаласындағы «Со-Бытие» фотоклубының мүшесі В.Морозова мерейтойлық көрмеге арнайы келіп, әріптестерінің қуынышына ортақтасты.
Көрме тамыз айының 24-іне дейін жалғасатын болады. Ендеше, фото туындылар арқылы әлемнің сан қиырына сапар шегіп, фотоөнердің қыр-сырына қанық болғыңыз келсе, көркемсурет музейіне асығыңз.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

