«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. «Балам, адал еңбек ет. Біреудің ала жібін аттама» деп кезінде ұжымшар басқарған, адамдармен ортақ тіл тауып, шаруашылығын өрге домалатқан әкесі Әжімұрат Түркістанұлы жиі айтатын. Әкесінен және анасы Мақымза Жұқышқызынан тәлім-тәрбие алған Қадыр қоғам игілігі жолындағы қызметінде адалдықты, жұмысқа деген жауапкершілікті, туған өңірге деген сүйіспеншілікті өмір бойы серік етіп келеді.
Ол – қарағайлы өңір, Лебяжі ауданындағы Барқы ауылының тумасы. 1966 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, экономист-бухгалтер мамандығын алған ол өзінің білімі мен күш-жігерін туған өңірін көркейтуге жұмсады. Еңбек жолын қарапайым бухгалтерлік қызметтен бастаған Қадыр еліміз егемендік алғаннан кейін 1992 жылы Лебяжі ауданының тұңғыш әкімі болып тағайындалады. Облыс басшылығы Қадырдың бұған дейін әртүрлі басшы қызметте болып, бедел биігінен көрінгенін ескеріп, сенім көрсетті. Ал Қадыр болса, осы сенімді ақтауға білек сыбана кіріскен еді.
Бұл – елімізді өтпелі де қиын кезеңді бастан кешкен жылдар. Бұрынғы шаруашылық байланыстар үзіліп, дағдарыс дендеген кезде ауданды басқару оңай іс болмағаны анық. Қашанда өзіне тапсырылған жұмысты ойдағыдай атқаруға үйренген әкім ауылдағы қанат жая бастаған нарықтық қатынастарды қолдап, ауыл шаруашылығын сақтап қана қоймай, дамытуды негізгі мақсатым деп санады. Ол қызметтес болған адамдардан ең алдымен еңбексүйгіш болуды талап етті. Оларды жұмылдыра білді.
Тәжірибелі азамат ауылдағы жекешелендірудің заң талаптарына сай жүргізілуіне күш салды. Бұрынғы сегіз кеңшар жекешелендіріліп, олардың орнына ұжымдық кооперативтер құрылды. Әр шаруашылықта жұмыс істеп жүргендермен бірге зейнеткерлердің, әлеуметтік салалардың қызметкерлерінің, кәмелетке жасы толмағандардың арнайы есептеу арқылы мемлекет меншігіндегі үлестері есептелді. Ардагер айтқандай, 1992 жылы аудан шаруашылықтарында 130 мыңға жуық қой, 32 мыңдай ірі қара мал, 3 мың жылқы болды. Ал егіс көлемі 80 мың гектар еді. 1992 жылы «Жас еңбек» ұжымында 1500 гектар суармалы алқап іске қосылып, аудан бойынша суармалы жердің көлемі 8500 гектардан асты.
-Аудандық депутаттардың келісімімен мемлекеттік меншіктегі барлық тұрғын үйлерді ақысыз жекешелендіру жөніндегі шешімге қол қойдым, деп еске алады Қадыр Әжімұратов.
«Полигон» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 1992-1993 жылдары аудан орталығына 50 орындық туберкулезді емдейтін аурухана, «Тақыр», «Қорт» ауылдарында әрқайсысы 180 оқушыға арналған мектеп, «Жаңа таң» елді мекенінде 50 орындық балабақшасы пайдалануға беріледі. Басқа да әлеуметтік сала нысандары бой көтереді. Ауданның алғашқы мешіті де сол кезде есігін айқара ашады.
Осының бәрі ел дегенде ішкен асын жерге қоятын, іскер де білікті көптеген саналы азаматтардың арқасында мүмкін болды, дейді ардагер.
Ол Лебяжі ауданында нарықтық экономикалық қатынастарды қалыптасу бастаған кезде осы өңірге басшылық еткенін зор бақыт, үлкен абырой деп біледі. Зейнеткерлікке шыққанға дейін банк саласында, облыстық жылжымайтын мүлік орталығында бірінші басшының орынбасары болып жемісті қызмет етті. Бүгінде де Қадекең қатарда. Ол – есімі елімізден тыс жерлерге жақсы мәлім «Ромат» деп аталатын павлодарлық дәрі-дәрмек жасайтын кәсіпорында компания президенті Т.Рақышевтің кеңесшісі.
Қадыр Әжімұратовтың қажырлы еңбегі әділ бағаланып, үкімет марапаттарына ие болды. Ол – Лебяжі ауданының құрметті азаматы.
Қадыр Әжімұратұлы – отбасында бақытты жан. Құдай қосқан қосағы Мақсура Солтанқызымен бірге бес баланы тәрбиелеп өсірді, 10 немерені сүйіп отыр.
«Жетпіс жасыңыз құтты болсын, Қадеке!» - деп өзін біліп, құрметтейтін жандар қазір мерейтой иесіне игі тілектерін білдіруге асығулы.
Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ.

