ҚАЛАМГЕРДІҢ ҚУАНЫШЫНА ОРТАҚТАСТЫ

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қарымды қаламгер, жерлесіміз Ахат Жақсыбаев 70 жасқа толды. Жазушының асқаралы мерейтойы Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» шығармашылық орталығында аталып өтті. Шараға Павлодар облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов, Ахат ағаның сүйікті жары Клара Әубәкірқызы және әдебиет әлемінде бірге жүрген қаламгер достары қатысты.

 

Қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ахат Имантайұлы - өндіріс тақырыбына қалам тартқан жазушылардың бірі. Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин секілді классиктердің сара жолын жалғай білген Ахат ағаның қаламынан «Бөгет», «Қорған», «Егес», «Иса ақын», «Бозарал» секілді туындылар жарыққа шықты. Әсіресе оның шығармалары бір кездері өзі қызмет атқарған Екібастұз шахтасындағы қарапайым жұмысшылардың өміріне арналған. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген Ахат аға қиындықты көп көреді. Тағдырдың салған тауқыметіне еш мойымаған ол өз бетінше білім алып, ерте жастан жұмысқа араласады. Алматы қаласында филология саласы бойынша білім алған Ахат Имантайұлы қазақ әдебиетінің белді өкілдерімен қоян-қолтық араласып, әдебиет әлеміндегі сәтті қадамдарын бастайды. Журналистік салада ауқымды жұмыс атқарған Ахат ағаның өнері мен өмірі жас жеткіншектерімізге үлгі-өнеге болары анық.

Шара басталмас бұрын көпшілік қауымға Ахат Жақсыбаев туралы деректі фильм ұсынылды. Ондағы Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев, Шөмішбай Сариев, Серік Қирабаев секілді ағалардың мерейтой иесі туралы айтқан пікірлері халық көңілінен шықты. Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова: «Биылғы жыл Кереку-Баян өңірі үшін маңызды жыл болды. Әйгілі жерлестеріміз Жаяу Мұса мен Иса ақындардың мерейтойларын атап өттік. Енді, міне, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ахат Имантайұлының 70 жылдық мерейтойын мерекелеудеміз. Түйгені - теңіз, әдебиет әлемінде өзіңдік қолтаңбасын қалдырған қарымды қаламгердің киелі Кереку құндағында дүниеге келуі заңдылық. Себебі, Ертістің Павлодар өңірінен көптеген дарынды ақын-жазушылар шыққан», - деді өз сөзінде. Жазушыны мерейтойымен құттықтаған ол барша облыс тұрғындарының атынан Ахат ағаның иығына шапан жауып, сыйлық табыс етті.

Сондай-ақ, шара барысында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов және Ахат Имантайұлының жора-жолдастары сөз сөйлеп, жазушының әрдайым аман-есен жүруіне тілектестіктерін жеткізді.

Шара соңында Ахат Жақсыбаев қуанышын бөліскен көпшілік қауымға ізгі тілегін жеткізді. Елден жырақта жүрсе де туған жерге деген ықыласы мен сезімі ерекше Ахат Имантайұлы туған жер үшін әлі талай игі істер атқаратынын жеткізді. «Осы жылы Иса Байзақовтың мерейтойына орай «Иса ақын» кітабының алғашқы томын жарыққа шығардым. Алла қаласа, жаңа жылдан кейін екінші кітабын аяқтауға уәде беремін»,- деді Ахат аға. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта Екібастұз қаласы туралы көлемді туынды жазуды жоспарлап жүргендігін жеткізді.

Туған елдің мақтанышына айналған Ахат ағаның мерейтойы мерекелік кешке ұласып, өңіріміздің өнерпаз жастары айтулы күннің шырайын келтірді.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ,

Павлодар қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29