Еңбегімен еліне елеулі бола білген ардақты ақсақалдарымыздың бірі – Сәрсембаев Қабдолла Сейілұлы тоқсан жасқа толып отыр. Ол 1920 жылдың желтоқсан айында ашаршылық жылдары аудан картасынан мәңгіге жоғалып кеткен Сатай ауылындағы кедей шаруа отбасында туған. Ауылда ашаршылық басталып, алдында қарасы жоқтар саршұнақ аулап жеп, алды аштықтан өле бастағанда, бұлардың отбасы Ертіске қоныс аударады. Шешесі артельде сауыншы болып, бір отбасындағы алты бірдей жанды асырайды. Үйдің үлкені Қабдолла ағай әлі келгенше шешесіне қолғабыс жасайды. 1932 жылы болған жұт ел тірлігін мүлде төмендетіп жібергенде, бірнеше отбасы Ертіс бойын жағалай көшіп-қонып отырып, Омбы қаласына табан тірейді. Бұлардың қатарында Қабдолланың үйі де бар. Олар өзен жиегіне ескі көшпенділерден шатыр сұрап тігіп, сонда қоныстанады. 1933 жылдың қысында екі бөлмелі үйге қолдары жетеді. Осы үйде алты бірдей отбасы 2 жыл тұрып, 1934 жылдың жазында елге қайтып оралады.
Баласының үлкені Қабдолланың білім алуын мақсат еткен әкесі оны оқудан қалдырмай 3-4 сыныпты сол Омбыдан бітірткен екен. Кейін осы қоныс тепкен И.Байзақов ауылындағы М.Горький атындағы мектепте оқуын әрі қарай жалғастырады. Оқу үлгерімі өз құрбыларынан көш ілгері тұрғанын байқаған мұғалімі оны бірден 5-ші сыныпты оқытпай 6-ға, 7-ші сыныпты оқытпай 8-ші сыныпқа көшіріп отырса керек. Сөйтіп, 1937 жылы М.Горький атындағы орта мектептің 9-шы сыныбын бітіріп, әрі қарай оқуға Семейге жол тартады. 1937 жылы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының жанындағы педагогикалық училищенің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Онда қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтен дәріс алып, оқу-ағарту ісінің үздіктері атанған Көкөтай Сейітов, Қайырбек Ламашариповтармен бірге оқиды.
1939 жылы оқуын бітіріп туған жерге қайтып оралған Қабдолла ағайды Амангелді ауылына жібереді. Жастық жалынмен жұмысқа бел шешіп кіріседі. Мұғалімдік мамандықпен ғана шектелмей, мектепті жөндеу жұмыстары, қысқы отын дайындау, басқа да еңбекке араласады. Осылай басталған еңбек жолының екі жылы өткенде, соғыс басталады. Ер азаматтардың көбі Отан қорғауға майдан даласына аттанады. Ал ол 1942 жылы Кайманачиха орталау мектебінің директоры болып тағайындалады. Мектеп төңірегіндегі жұмыстарды мұғалімдер мен оқушылар болып өздері атқарады. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, кіші командирлер дайындайтын жаяу әскер училищесінің 52 мм миномет ротасының курсанты қатарына қабылданады. Тынымсыз өтетін оқу жаттығудың бірінде арқалаған минометімен жардан құлап жарақаттанып, әскери комиссияның шешімімен соғысқа жарамсыз деп танылып, Павлодар әскери комиссариатының қарамағына жіберіледі.
1944-1947 жылдар аралығында Алматының жоғарғы милиция мектебін сырттан оқып бітірген соң, Железин ауданына ішкі істер бөлімінің бастығының орынбасары болып тағайындалады. Осы қызметінде үш жыл істеп, 1950 жылы Михайловск ауданында ішкі істер бөлімінің бастығы болып еңбек етеді. Ал 1956 жылдан 1964 жылға дейінгі аралықта Ертіс ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болды. 1964-1988 жылдары аталмыш аудандағы ауыл шаруашылығы басқармасының заң бөліміне басшылық етті. Сол жерден зейнеткерлікке шықты. Ұзақ жылғы ерен еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болады.
Жиырма бес жасында жан жары Рахия Жүсіпбайқызымен отау құрып, өмірге жеті ұрпақ әкеледі. Бес баласы жоғары білім, ал екі баласы орта арнаулы білім алып, бүгінде ел алдында беделді қызметте жүр.
Үлкен ұлы Қимадиден облыстық мәслихатта аппарат басшысы қызметінде, қызы Ботагөз С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ағылан Ертіс ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Мұрат Ресейдің Омбы қаласындағы метал конструкциясы зауытының директоры. Қазіргі күні әрқайсысы өз алдына бөлек отау құрып, ел қатарлы күн кешуде. Осы шаңырақтарда Қабдолла ағаның 15 немересі, 10 шөбересі өсіп келеді. Немерелерінің барлығы жоғары білімді, білікті мамандар.
Міне, өмірдің қиынын да, қызығын да басынан өткеріп, тоқсан жастың төбесіне шыққан Қабдолла Сейілұлы бүгінгі өміріне дән риза. Оның осы уақытқа дейін басып өткен әр ізі кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Самат МӘНЕНҰЛЫ.

