ӨНЕГЕЛІ ӨМІР БАСПАЛДАҚТАРЫ

 

 

Жайдарлы да жарқын мінезімен шәкірттеріне үлгі-өнеге бола білген әріптесіміздің бірі - Сержан Қинашұлы Нұрымов.

 

Бар өмірін ел игілігі жолында сарп етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз Ақтоғай өңірінің тумасы. Ол 1965 жылы Ақтоғай ауылындағы орта мектепті тәмамдап, шәкірт тәрбиелесем деген үмітпен 1967 жылы Павлодар қаласындағы педагогикалық институттың табалдырығын аттайды. Сөйтіп, аталмыш институттың дене шынықтыру факультетін ойдағыдай аяқтайды. 1971 жылы қаламыздағы қара шаңырақ атанған Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде қабылданған Сержан Қинашұлы сол сәттен-ақ бар білімін, қайратын ұрпақ тәрбиесіне арнап, аянбай еңбек етеді. Осындай ынта-пейілмен істеген ісі ұстаздар арасында бірден таныла бастады. Сондықтан да болар, араға бес жыл салып директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Қарамағындағы тәрбиеші-ұстаздарды басқара жүріп, өзінің де білімі мен біліктілігін шыңдап, шеберлігін ширата білген Сержан ағамыз жұмыс көлемі арта түскеніне қарамай, уақыт тауып, Семейдің сол кездегі белді де беделді оқу орындарының бірі, қазіргі Шәкәрім атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, тарих және қоғамтану мамандығын бітіріп шығады. Көп уақыт пен жігерлілікті талап ететін басқару қызметті мойынға алу бір ерлік болса, сол қызметті табан аудармай атқара жүріп, екінші мамандық алуы - екінші жеңісі еді.

Сержан Қинашұлын біз мектебіміздің өңірімізге, республикамызға еңселі білім ордасы ретінде танылуына бар күшін салып, игілікті еңбек сіңірген ұстаз деп білеміз. Атап айтқанда, 1962 жылы ашылған №3 облыстық қазақ гимназия-интернаты – 1991 жылы Павлодар облыстық қазақ гимназия-интернаты болып қайта құрылды. 1999 жылыБілім беру сапасы бойынша облыстық конкурс грантының иегері, 2000, 2002 жылдары - «Жылдың үздік интернаты» атты конкурстың облыс бойынша І орын жүлдегері, 2003 жылы гимназия-интернат ұжымы Білім беру сапасы бойынша облыстық конкурстың жеңімпазы, 2005 жылы облыстық Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернаты атанды. Облыстық, республикалық түрлі сайыстардың жеңімпазы, кәсіби білікті ұжым атанып, облысымыздағы басқа интернат мекемелеріне үлгі болған мектебіміздің даму тарихында, әрине, Сержан Қинашұлының өзіндік қолтаңбасы бар екені хақ.

Ол директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып жүрген уақытында-ақ мектепте халқымыздың мақтанышын, мәртебесін айшықтайтын озық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, ұлттық психологияны қалыптастыру мақсатында дәстүрлі іс-шаралардың жүйелі өтіп тұруына баса назар аударатын. Наурыз мерекесі, «Ыбырай оқулары», «Сөйле, домбыра», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Өнер-халық қазынасы», «Халықтар достығыкөңілдің қоштығы», т.б. әдеби әрі мәдени кештер мектеп сахнасын ерекше нұрландыра түсетін. Сонымен қатар, республикада ерекше дарындылығымен облысымыздың атын жаңғыртып, намысын қорғаған жеңімпаз оқушылардың биіктен көрінуінің өзінде де оның зор үлесі бар екенін бәріміз мойындаймыз.

Кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген ардақты ұстаз еліміздің білім жүйесіндегі жемісті еңбегінің нәтижесінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, Қазақ ССР халық ағарту министрлігінің бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен, 1991 жылы Павлодар облысының халық депутаттары кеңесінің «Еңбек ардагері» медалімен, 1997, 2002 жылдары Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Павлодар облысы әкімінің арнайы Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталған.

Мектебіміздің абыройын асқақтатып, беделін көтеруге қомақты үлес қосқан, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққалы отырған Сержан Қинашұлының есімі әрқашан біздің ұжым үшін қадірлі. Оның мейірімді жүзін, достық көңілмен жымиып күлген күлкісін әріптестері ерекше бір тебіреніспен және шексіз құрмет сезіммен айта алады.

Сержан Қинашұлы бүгінгі таңда ел қадірлейтін құрметті, ұлағатты ұстазға айналды. Ол құрметке терең біліммен, қажырлы еңбекпен, жалықпас тәжірибемен жеткені анық. Қиындыққа толы, жауапкершілігі мол ұстаздың еңбек жолы жас буынға, ұстаздар ұжымына өнеге, ал жас ұрпаққа тағылым мектебі болатыны сөзсіз.

Б.ӨКПИНА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 24 25 26
27 28 29 30 31