1948 жылы Ақсу қаласындағы (бұрынғы Каганович ауданы) Ермак орта мектебін бітірген ағамыз Ескендір Хасенұлы тірі болса биыл 80 жасқа толушы еді.
Ол мектеп қабырғасын бітірісімен бірден Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне түсіп, 1952 жылы бітіріп шықты. Сол кезде қазақ жастарының жоғары оқу орнына түсіп, білім алуы некен - саяқ еді. Ағамыз қолына диплом алысымен өзі оқыған мектебіне келіп, тарих пәнінен сабақ берді. Осы мектепте өмірінің соңғы күндеріне дейін 29 жыл бойы үздіксіз ұстаздық етті.
Әкеміз Хасен Сыздықов пен шешеміз Зұбайра Ұзқанқызы 7 бала тәрбиелеп өсірген. Олардың барлығы ағамыздан дәріс алып, осы Ермак орта мектебін бітіріп, өмірден өз орындарын тапты.
Ескендір аға отбасында баланың үлкені болғандықтан өзінен кейінгі іні, қарындастарының жоғары оқу орнына түсуіне үлгі болып, қамқорлық жасап отырған. Бірақ, жеті ағайындының ішінен қыздардың үлкені апамыз Шәмен, қарындасымыз Зура өмірден ерте кетті.
Әкеміз Хасен Сыздықов кезінде аудандық атқару комитетінде қызмет еткен өте еңбекқор жан болатын. Әке тәрбиесін көріп, оның еңбексүйгіштік қасиетінен үлгі алған балалары шеттерінен тәрбиелі болып өсті.
Ескендір Хасенұлы отбасында өте сабырлы, әділетті, адамгершілігі мол, туыстары мен жолдастарына адал азамат еді. Мектеп ұжымында да өте сыйлы, беделді, сабақ беру тәжірибесі ұтымды, оқушылардың сүйікті ұстазы бола білді. Сабақ беруде жаңашыл әдістемелік құралдарды, тәсілдерді пайдаланып, әр сағатын қызықты өткізетін. Оны осы күнге дейін Ақсу қаласындағы дәріс алған шәкірттері үнемі еске алып айтып жүретінін талай естігеніміз бар.
Ағамыз жұбайы Көкен жеңгемізбен бірге 5 бала өсіріп, тәрбиеледі. Уақытының аздығына қарамай, үйдегі бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлетін. Соның арқасында өз бойындағы бүкіл жақсы қасиеттерін балаларына дарыта білді. Қазір ол отбасынан шыққан балалардың барлығы ер жетіп, ел қатарлы ғұмыр кешуде. Үлкен ұлы Ерназар кеден қызметкері, Майгүлі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының кітапханасында әдіскер болып қызмет етеді. Ертай, Маржан, Алмасы зауытта еңбек етеді.
Ағамыз жалған айтуды білмейтін, өте шыншыл еді. Өзінен үлкенді және әке-шешесін қатты құрметтейтін. Үйі әкесінің шаңырағымен бір аулада болды. Мектептен келгенде үйіне соқпай, алдымен ата-анасына кіріп, жағдайларын біліп кететін.
Ол кісі көп сөйлегенді ұнатпайтын. Әр нәрсенің өз орнында болғанын, тазалықты өте сүйетін. Спортпен айналысатын. Жақсы күресетін. Ән салғанды, тарихтан сыр шерткенді ұнататын. Өзі білгендерін өзгеге үйретуден жалықпайтын.
Міне, осындай көркем мінезінің арқасында ағайын-туыс, бала-шаға мен дос-жаранға сыйлы болды.
Әттең, өмірі қысқа, 51-ақ жасқа жеткен шағында фәниден ерте кетіп, 5 баласының біреуінің де еңбек етіп, үй болғандарын көре алмай кетті. Бірақ, «орнында бар оңалар» демекші, балалары еңбекқор әкеден алған тәрбиесін көрсетіп келеді. Артында қалған балаларына тәрбиеші, немере-жиендеріне ақылшы болып, аға үйінің түтінін өшірмей, туған туыстарымен сыйластықта отырған Көкен жеңгеміз бар.
Біздер, яғни кейінгі інілері, қарындастары ағамыздың көпке үлгі бола білген мінездерін жадымыздан шығармай, кейінгі ұрпақтарға ғибрат етіп айтып отырамыз.
Болат СЫЗДЫҚОВ,
Ақсу қаласы.

