ОРАЛЫМ МЕНІҢ!..

 

     Орал Наурызбаевтың дүние салғанына  15 жыл толды. Біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажал Орекеңе 54 жасында килігіп, мәңгілік мекеніне аттандырып, абзал азаматты кемел шағында өмірден оздырды.

    Артында жоқтаушысы бар адамды өлді деуге келмейді. Оралмен балалық шағымыз бірге өтіп, бір мектепте, бір сыныпта бірге оқып, кейінгі есейген, еңбекке араласқан, отбасын құрып, ұрпақ өсірген жылдарда да жақын жүрдік. Бір-бірімізді іздейтін едік, біраз уақыт көріспесек, сағынатын едік.

    Кездескенде құшақ жая қарсы алып, бірден төріне жетелейтін. Өзі диванда жантайып отырып, қолына домбырасын алып, аракідік әлдебір өзіне таныс әуенмен ыңылдап қойып, бет-жүзіңе зер салатын. Бұнысы – алыстан, сонау Алматыдан келдің» деп, әңгіме күткені еді. Содан екеуара әңгіме басталып, шай үстінде жалғасып, түннің бір уағына дейін созылатын. Сөзге жетелеп, сыр айтуға бейімдеп, аракідік өзі де көсіле сөйлеп, Орекең осындай отырыста көңілі шалқып, бір жасап қалатын еді. Арасында «ә, солай ма еді» деп кеңкілдеп күліп те қояды. Осындай көңілашар, ой бөлісер отырыстағы Орекеңнің кескін-келбеті әлі де күні кешегідей көз алдымда.

     Біз Павлодар қаласындағы күн шығыс беттегі бөренеден салынған бір қабатты, шатырлы №9 мектепте бірге оқып, он жылдықты бірге бітіріп, содан кейін әркім өмірдегі өз жолын қуып, өз бағытымызбен, көздеген мақсатымызбен бір-бірімізден алыс кеткен сияқты едік. Бірақ бір-бірімізге жіпсіз байланып, әлдебір тартылыс күші жиі табыстырып отырды.

     Мен екі жыл Екібастұзда шахтада жұмыс істеп, кейін ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітіріп, Алматыда тұрақтап қалдым. Баспасөз саласында қызмет атқарып, әдебиетке араластым, кейін жазушы атандым. Орал болса Семейдің пединститутын бітіріп, Павлодарға қайта оралып, осындағы педагогикалық институтта ұзақ жылдар бойына орыс тілді аудиторияларда студенттерге қазақ әдебиетінен дәріс оқыды.

    Ұстаздық ету Наурызбаевтар әулетінің еншісіне тиген, маңдайына жазған, кәсібіне айналған мәртебелі іс еді. Оралдың әкесі Әбіш Наурызбаев біз оқыған №9 мектептің алғашқы директоры болды. Қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берді. Анасы София Әжіғалиева Павлодардағы Абай атындағы №10 мектептің директоры болғанын, кейін қаладағы педтехникумда ұзақ жылдар бойына ұстаздық еткенін ел жақсы біледі. Ұстаз ретінде Оралдың өзі де, әкесі де, анасы да тұтас бір ұрпақтың есінде қалды. Айтулы, тұлғалар, ауызға іліккен, өмірде терең із қалдырған өнегелі ұстаздар бар күш-қайратын, парасат-пайымын, тәлімін тәрбие ісіне жұмсады. Сол өнеге, тағылым талайлардың қолына шырақ ұстатып, жәрдемін тигізді, жақсы жолға бастады. Бұны әркім де айтады, біз де көзімізбен көріп, куәсі болған едік.

     Орекең институтта ұстаздық еткенде қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихына барлау жасап, барынша насихаттады. Классиктерімізді дәріптеді. Ауыз әдебиетінің үлгілерін мейлінше танытты.

     Біз кездесе қалғанда көбіне әдебиет жайында әңгімелесетінбіз. Орекең сол кездегі көзі тірі жазушылардың біразымен таныс боп, жүздесіп, пікірлесіп жүрді. Павлодарлық жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көптеген романдардың авторы Рамазан Тоқтаровпен қарым-қатынасын өмірінің соңына дейін үзбей, жақын інілерінің біріне айналды. Бұның бір себебі де бар. Рамазан Тоқтаровтың туған інісі Қайырғалымен Орал екеуіміз бірге ойнап, бірге жүріп өстік. Достығымыз нығайды, тереңнен табысып, тату өстік. Мектепте басталған достығымыз кейін де жалғасып, әдемі жарастық тапты. Үшеуіміздің әңгімеміз, әзіл-қалжыңымыз таусылмайтын. Соның ұйытқысы Орал еді. Әңгімемізге зейін қойып, үш достың еш риясыз, ағынан жарылғанын қызықтап, ортамызда Оралдың құдай қосқан қосағы, сүйікті жары – өзіміздің Бақыт отырады. Шіркін, Орекең аңғал, аңқау, тым ақ көңіл еді. Көрген жерде қалбалақтап, құшағына қысып, құрақ ұшып, бәйек болатын. Жүзі жайнап, көздері күлімдеп, еріксіз баурайтын бауырмалдығымен, кең пейілімен «нағыз дос осындай болса керек» дегізетін.

      Павлодарға әр барған сайын Орал, Қайырғалы үшеуіміздің жұбымыз жазылмай, басқаларды қатыстырмай, оңашаланып, жаяулатып, көше аралаймыз, Ертістің жағасына барамыз. Сонда біз балалық кездің белгілерін іздейтін тәріздіміз. Сағым қуғандай боламыз. Балалық шақ, мектептегі кезіміз – біздер үшін таусылмайтын тақырып. Сондағы құрбы-құрдастарды, солардың қылықтарын, мінез қырларын, күлкілі оқиғаларды еске түсіріп, өзімізше рахатқа батып, бір жасап қалатынымыз бар. Сол бір кездер менің «Бозарал» повесімнің арқауына айналып, қалың оқырманның көңілінен шықты. Себебі осы повесім жеке кітап боп жарық көргенде әр жерден маған көптеген хаттар келді. Сол «Бозаралдың» кейіпкерлерінің бірінің прототипі Орал болатын. «Бозарал – ойдан шығарылған дүние емес, өмірдің өзінен алынған шығарма» деп, әркім де өзіне ұқсатқысы келеді.

      Бүгіндері Оралды ойласам, біздің мұңсыз, қамсыз, арманды жастық шағымыз көз алдыма көлбеңдеп, аңсатады. Сол жылдар сағындырады. «Орал қандай жақсы еді, адал дос еді» деп, еріксіз тебіренесің, орнын жоқтайсың. «Әлі де ортамызда жүрсе ғой» деп өкінесің. Бірге өткізген талай қызығымыздың куәсін жоғалтқаның жаныңа батады. Әркімнің өткен күндері өзіне ыстық. Сондағы қатар жүрген, қуанышыңа ортақтасқан, көңіліңді сергіткен, бірге сейіл құрған қатарласың – жан досың өзіңе қымбат. Қайта айналып келмесін білесің де, іштей қамығасың. Тағы да қиялға беріліп, бірге өткізген кездеріңді тірілткің-ақ келеді. Бірақ жас ұлғайды. Қатарласыңның біразы, оның ішінде Оралдай аяулы досың өмірден озғанын, өмір өтпелі екенін мойындамасқа шараң жоқ.

      Үлкенге де, кішіге де құрметі зор, ілтипаты мол, алысты жақындата білетін, қазақы жөн-жобаға жетік, мінезге бай Оарлдай            азамат ұмытыла қоймас тегі. Көргенді отбасының, текті жердің баласы – жақсылыққа жаратылған аяулы жан – Орекеңмен дос болудың өзі бір ғанибет еді. Езуінен күлкі сыйлап, жүзінен мейірім төгіп, жаныңды жадыратқысы, көңіліңді көтергісі келетінін әр жайдан аңғартып, арсалаңдап алдыңнан шығатыны, ойнап-күліп, қызыққа кенелтетіні, барын алдыңа тосатыны қалайша ұмытылады Күні кешегідей, әдемі елестей көз алдыңнан кетпейді, жиі-жиі ойға оралады. Еріксіз «Оралым менің» дегізеді.

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ,

жазушы,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 30 31